Өлең, жыр, ақындар

Жеті атасын білмеген – жетесіз

«Жеті атасын білмеген – жетесіз» деп дана халқымыз тегін айтпаса керек. Бағзы заманнан бері ата-бабаларымыз өз ұрпақтарына шыққан тегін танып-білу үшін ес білген сәтінен бастап жеті атасын жатқа үйретіп, біліп жүруін міндеттеген. Жеті атаны білу — терең мағынасы бар ұлттық құндылық.

Дегенмен, қазіргі таңда жеті атасын біле бермейтін жастардың қатары артып келеді. Бұл — отбасында айтылмайтын дүние ме, әлде жастардың өзі мән бермей ме? Қалай болғанда да, бұл – алаңдатарлық жағдай.

Жеті атасын білу — тек рухани құндылық қана емес, оның биологиялық және тәрбиелік маңызы да зор. Қазақтың тектілігінің мәні де — осында. Сондықтан жеті атасын білмеу — қазақ баласына жат.

Жеті атасын білудің оң тұстары

  • Шыққан тегіңді танисың. Шыққан тегін білмейтін адамнан текті ұрпақ күту қиын. Саналы ұрпақ тәрбиелеу үшін ең алдымен оның негізі – отбасындағы тәрбие мықты болуы керек. Ата-анасы тірі тұрып, баланың ата-тегін білмеуі – әбестік.
  • Қан тазалығын сақтау. Жеті атаға дейін қыз алыспау — ата-бабамыздан келе жатқан тәрбиелік мәні зор салт. Бұл — руға бөліну емес, дені сау ұрпақ дүниеге келуі үшін жасалған алдын ала ойластырылған дәстүр.

Жеті ата – қазақ халқының ежелден келе жатқан шежіресі мен тарихының бір бөлігі. Ата-бабаларымыз саналы, текті, дені сау ұрпақ тәрбиелеу үшін мұндай құндылықтарға ерекше мән берген. Бұрын жеті атасына жетпей қыз алған адамдарға қоғам тарапынан өзіне тән жаза түрлері қолданылған. Мысалы:

  • Теріс бата – ата-анасы қолын теріс қаратып жайып, лағынет айтып, қарғыс дұғасын оқыған.
  • Тас ату – әр үйден бір адам шығып, қара бет болған жастарға тас атқан. Ал бүгінде жеті атасын білмеу — ұят емес, қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. Мұндай қарқынмен кете берсек, ертең жеті атаға жетпей қыз алатын күнге де жетуіміз мүмкін.

Сондықтан ата-аналар балаларына жеті атаны білудің мәнін түсіндіріп, өз ата-тегін үйретуі керек. Бұл — отбасылық тәрбиенің маңызды бөлшегі. Ежелден жалғасқан бұл дәстүрдің үзілмей, келешек ұрпаққа да жалғасуы — халқымыздың рухани беріктігінің көрінісі. Әрбір қазақ өз жеті атасын білуге тиіс. Бұл — ұрпағына аманат етіп қалдырар тәрбиенің бастауы. Егер әр отбасы өз баласына дұрыс бағыт берсе, шыққан тегін білетін саналы ұрпақ көбейер еді.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Дарменбай Зейнеп


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз