Қазіргі жастар киноға тек уақыт өткізу үшін емес, ойлану, сезіну, шабыттану үшін барады. Бізге визуал да маңызды, мазмұн да маңызды. Жастардың талғамы өзгерді. Бүгінгі көрермен бұрынғыдай құрғақ пафосқа, жасанды сюжетке сенбейді. Бізге керек — шынайылық.
Мен өзім де кино саласында тәжірибе жинап жүрген жас актрисамын. Камера артындағы процестерді, рөлге кірудегі күрделілікті жақсы білемін. Десе де, көрермен ретіндегі көзқарасым басқа. Жастар ретінде біз қазақ киносының дамығанын қалаймыз, бірақ біз көргіміз келетін туындылардың да белгілі бір ерекшелігі бар.
Бізге өмірге жақын кейіпкерлер қажет
Көркем бейненің шынайылығы – жастарды киноға тартатын басты факторлардың бірі. Жасанды мінез-құлық, шынайы өмірде кездеспейтін “батырлар” – көрерменмен байланыс орната алмайды. Бізге өз ортамыздан алынған, күнделікті өмірде кездесетін кейіпкерлер маңызды: қарапайым студент, ауыл мұғалімі, такси жүргізушісі, жалғызбасты ана секілді бейнелер арқылы экрандағы шындықты қабылдаймыз. Өйткені мұндай фильмдер бізге өзімізді табуға, өмірлік сұрақтарға жауап іздеуге көмектеседі. Отбасылық қатынас, ішкі қайшылықтар, жеке таңдау, жауапкершілік тақырыптары — жастар аудиториясына жақын әрі өзекті.
⸻
Тарихи жанрға қызығушылық артып келеді
Бүгінгі жастар Netflix немесе басқа да шетелдік платформалар арқылы әлемдік киноиндустрияны белсенді тұтынады. Алайда бұл – олардың ұлттық тарихқа қызықпайтынын білдірмейді. Керісінше, қазіргі ұрпақ тарихи оқиғаларды заманауи форматта, жоғары сапада түсірілген фильмдер арқылы қабылдағысы келеді. Тарихты көрсету — бұл тек сауыт киіп, қылыш сермеу емес. Бұл — ұлттық рухты ояту, өткен мен бүгіннің арасындағы байланысты сезіндіру. Сондықтан тарихи фильмдер — тек эпикалық сипаттағы көріністер ғана емес, тұлғаның ішкі драмасын аша білетін терең мазмұнды туындылар болуы тиіс.
⸻
Сценарий мен диалог – көрерменді ұстаудың кілті
Көркем фильмнің шынайылығы диалог пен сценарийдің сапасына тікелей байланысты. Өмірде кездеспейтін пафосты немесе жасанды диалогтар экранда айтылғанда, көрермен мен кейіпкер арасында байланыс үзілетіні анық. Ал шынайы, жатық, көркем тілде жазылған диалогтар — көрерменнің көңіліне жол табады. Бұл ретте жас сценаристерге мүмкіндік беру, олардың шығармашылығын қолдау – қазақ киносының сапасын арттыратын маңызды қадамдардың бірі.
⸻
Кино – тек өнер емес, ол – әлеуметтік жауапкершілік
Кино — көпшілікке ой тастайтын, қоғамдық көзқарасты қалыптастыратын күшті құрал. Осы себепті режиссерлер мен актерлер жастарға үлгі бола алатын, терең философиялық және әлеуметтік астары бар туындылар ұсынуға тиіс. Біз әзіл мен жеңіл сюжетке құрылған фильмдерден шаршадық. Қазіргі жастар ішкі жан дүниесіне әсер ететін, көзге жас ұялатып, жүректі қозғайтын дүниелерді көргісі келеді.
⸻
Жастар көргісі келетін қазақ киносы — шынайы, сапалы әрі мазмұны терең. Бізге танымал есімдерден гөрі жаңа кейіпкерлер, тың көзқарастар, батыл тақырыптар қажет. Себебі қазіргі көрермен – сыншыл әрі талапшыл. Қазақ киносы жастардың үмітін ақтап, сапалы контент ұсына алса, біз оны мақтанышпен әлемге таныта аламыз.
«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Серік Аружан
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі