Өлең, жыр, ақындар

ҰБТ емес, өзіңе сену маңызды

Бүгінгі жас буын үшін ең үлкен сынақтардың бірі — Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ). Бұл үш әріп біреулер үшін — болашақтың кілті, енді біреулер үшін — үрей мен күйзелістің көзі. Дегенмен біз неге өз қабілетімізді бір күндік сынақтың нәтижесімен ғана өлшейміз? Неліктен бір ғана тест — бүкіл өміріміздің тағдырын шешуі тиіс?

Шын мәнінде, ҰБТ маңызды. Бірақ ол — барлығы емес. Ең бастысы — адам өз-өзіне сенуі қажет. Себебі адамды шыңға жеткізетін басты құндылықтар — сенім, мақсаттылық, табандылық пен өмірге деген ұстаным.

Бір күн емес, бүтін өмір маңызды

ҰБТ — білім жүйесінің талабы. Бірақ өмір тек балмен өлшенбейді. Тест кезінде қобалжу, есептен шатасу немесе бір сұрақты дұрыс оқымай қалу — адамның қабілетсіздігін білдірмейді. Бұл сынақ тек академиялық білімді бағалайды. Ал шынайы өмірде табысқа жету үшін креативтілік, еңбекқорлық, тәртіп, жауапкершілік, эмоционалды интеллект секілді қасиеттер анағұрлым маңызды.

Өзіңе сенуден басталады

Көпшілік ортада «егер ҰБТ тапсырмасаң — болашағың жоқ» деген теріс түсінік қалыптасқан. Мұндай көзқарас жасөспірімдердің сеніміне нұқсан келтіріп, үрей мен күйзеліс тудырады. Алайда шындық мүлде басқа: адамның болашағы бір ғана сынаққа байлаулы емес. Ішкі сенімі мықты, қателік жасаудан қорықпайтын, алға ұмтылған адам түбінде өз орнын табады.

Қоғам емес, жүрек таңдауы маңызды

Көбіне жастар “пәленше 120 балл алыпты”, “түгенше грантқа түсіпті” деген әңгімелердің әсерінде қалады. Бірақ әркімнің жолы — өзінікі. Біреуге — медицина, біреуге — журналистика, біреуге — өнер жақын. Ең бастысы — өзіңе ұнайтын жолды табу. Ал ҰБТ — сол жолдағы тек бір өткел ғана.

Сенім — нағыз күш

Иә, ҰБТ-дан өте алмауың мүмкін. Грантқа ілінбеуің мүмкін. Бірақ бұл — өмірдің соңы емес. Керісінше, көп жағдайда үлкен жетістіктер дәл сол сәтсіздіктен кейін басталады. Себебі шынайы табысқа жететіндер — құлағаннан кейін қайта тұра алатындар. Ал қайта тұру үшін — өз-өзіне деген сенім қажет.

Сенім — адамның ішкі күшінің бастауы. ҰБТ — бұл тек бір кезең. Ал өмір — ұзақ сапар. Сол сапардың басында өзіңе сеніп, батыл қадам баса білсең — бәрі де мүмкін.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Серік Аружан


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз