Өлең, жыр, ақындар

Интернет мәдениеті — жаңа ұрпақтың тілі

     Бүгінде кез келген автобусқа мініп көріңізші. Бір сәтте айналаңыздағы жолаушыларға көз салыңыз: бірі TikTok-та видео қарап отыр, екіншісі Instagram сторис жүктеп жатыр, үшіншісі меммен жауап беріп, мессенджерде сөйлесуде. Ең қызығы — олардың диалогтары да өзгерген. Күлкіні “ха-ха” емес, “ахах”, “лол”, “кринж” деп білдіреді. Бір қарағанда мән бермейтіндей көрінген бұл көрініс – тұтас жаңа мәдениеттің белгісі. Яғни интернет — бүгінгі жас ұрпақтың тіліне, ойлау жүйесіне, тіпті мінезіне дейін әсер етіп үлгерді.Бұл — жай ғана технологиялық даму емес, әлеуметтік-мәдени сілкініс. Интернеттің кең таралуы және әлеуметтік желілердің күнделікті өміріміздің бөлшегіне айналуы жастардың тілдік қорын ғана емес, олардың өзін-өзі таныту форматын да түбегейлі өзгертті. Бұрын хат жазу үшін қалам мен қағаз керек болса, қазір бір ғана GIF немесе эмодзи адамның ішкі күйін толық жеткізе алады.
   Интернет мәдениеті тек лексикалық ерекшеліктермен ғана шектелмейді. Оның ішінде қалыптасқан субмәдениеттер, трендтер мен мемдер арқылы жастар өз ортасында қабылдануға, “өз адам” болуға тырысады. Мысалы, біреудің TikTok-тағы әзілін түсіну үшін белгілі бір контексте өмір сүріп, сол платформаның код тілін білу қажет. Бұл — жаңа цифрлық қауымдастықтың ішінде өмір сүруді талап етеді. Яғни интернет мәдениеті – тіл ғана емес, тұтас әлем.Алайда бұл құбылыстың тек жағымды жағын көру жеткіліксіз. Жаңа тілдік құрылымдар мен клиптік ойлау жүйесі оқушылардың терең ойлау қабілетіне әсер етуі мүмкін деген пікірлер де бар. Ұзақ мәтін оқуға төзімі жетпейтін жастар, күрделі академиялық тілді түсінуден алшақтап барады. Дегенмен, бұл міндетті түрде теріс өзгеріс емес. Мүмкін, бұл — ақпаратты тез, қысқа әрі нақты жеткізудің жаңа формасы шығар.Интернет мәдениеті қазіргі заманның шындығы. Ол қашып құтылатын емес, керісінше, оны тану, түсіну және сауатты қолдану қажет құбылыс. Бұл мәдениетті жоққа шығару – жас ұрпақпен арадағы байланысты жоғалту. Ең дұрысы — осы тілде сөйлей отырып, мазмұн мен мәнді жоғалтпау. Себебі болашақ ұрпақ TikTok трендтерімен емес, сол трендтің артында тұрған идеямен алға жылжиды.

 Жанерке Асқарқызы


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз