Өлең, жыр, ақындар

Жастар арасындағы сленгтің жиі қолданылуы – тілдің дамуының бір көрінісі ме?

Қазіргі жастар арасында бейресми тілдік қолданыс – сленгтің жиі кездесетіні белгілі. Бұл құбылысты түрлі қырынан қарастыруға болады. Сленг – жастар арасындағы қарым-қатынасты жеңілдететін, олардың ортақ түсінігін қалыптастыратын ерекше тілдік форма. Мұндай сөздер жастар ортасында еркіндік, бейресмилік, серпінділік сияқты сипаттармен байланыстырылады.

Мысалы, қазіргі таңда «краш», «тема», «жарды», «жәй ғана» сияқты сөздер жастардың күнделікті сөздік қорына еніп үлгерді. Бұл сөздер олардың өмір салты, қызығушылықтары және әлемге деген көзқарасымен тығыз байланысты. Сленг арқылы жастар өз ортасына тән ерекшеліктерін көрсетіп, бір-бірімен жеңіл әрі шынайы тілдесе алады.

    Сонымен қатар, сленг тілдің тоқтаусыз дамып, жаңарып отыратынын айғақтайды. Әр дәуір өзіне тән сөздік қолданысты қалыптастырады. Бұл тілдің шектелуі емес, керісінше, бейімделіп, заман талабына сай өзгеріп отыруының бір көрінісі. Егер тіл тек кітаби және ресми шеңберде ғана қолданылса, ол жастардың сөйлеу тілін шектеп, қарым-қатынас еркіндігіне кедергі келтіруі мүмкін.

      Алайда сленгтің қолданылуы шектеулі болуы тиіс. Ресми құжаттарда, ғылыми немесе академиялық ортада бейресми тіл нормаларын қолдану – орынсыз. Бұл жерде тілдің стандартты нормалары мен стилистикалық талаптарын сақтау – мәдениеттің көрінісі. Ал күнделікті қарым-қатынаста, достар арасында сленгті қолдану – табиғи әрі түсінікті жағдай.

     Жастардың сленгті жиі қолдануы – тілді шектеу емес, оны жаңа мағынамен толықтырудың бір жолы. Тіл – тірі организм тәрізді: ол қоғаммен бірге өзгеріп, жаңарып отырады. Ең бастысы – мемлекеттік тілді құрметтеп, оны байытып, түрлі стильдік деңгейде орнымен қолдана білу. Осы тұрғыдан алғанда, сленг – жастардың тілдік шығармашылығының, заманауи ойлау жүйесінің көрінісі ретінде қабылдануы мүмкін.

Алтынай Мұратқызы


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз