Бүгінгі әлем – жалғыз ұлттың, бір тілдің емес, барша адамзаттың ортақ кеңістігі. Біз күнде көрмесек те, интернет арқылы Америкамен де, Жапониямен де, Франциямен де сөйлесіп отырмыз. Осындай заманда көп тіл білу – сән емес, қажеттілік. Бірақ бұл тек жұмыс табу үшін керек пе? Жоқ. Бұл – өзіңді кеңейту, ойыңды ояту, рухани өсу жолы.
Тіл – тек сөздер мен ережелер жиынтығы емес. Әр тіл – бір халықтың жүрегі, арманы, тарихы мен жан сыры. Ағылшынша ойланған кезде сен американша ойлай бастайсың, түрікше сөйлегенде – мейірімділік пен отбасылық жылулықты сезінесің, ал қазақша сөйлегенде – даланың кеңдігін, бабаңның үнін жүрекпен ұғасың.
Көп тіл үйрену – өзіңді мың адамның көзімен көру. Бір тіл – бір терезе болса, әр тіл – саған жаңа көкжиек ашады. Сен тек өзіңнің емес, басқа халықтың да қалай ойлайтынын түсінесің. Бұл – нағыз ақылдың, парасаттың белгісі.
Қазір заман жылдам. Ақпарат тасқыны тоқтаусыз. Тек қазақша білетін адам үшін әлемнің 90%-ы жабық күйінде қалады. Ал көп тіл білетін адам – еркін. Ол қай елге барса да, өз ойын жеткізе алады. Ол шетелдік кітапты аудармасын күтпей-ақ оқи алады. Ол жаңалықты бірінші болып біледі. Яғни, ол өмірді басқаша, тереңірек көреді.
Бірақ бір нәрсені ұмытпайық: көп тіл білу – туған тілді ұмыту деген сөз емес. Қазақ тілін білмей тұрып, өзгенің тілін игеру – тамырсыз ағаш секілді. Тамыры жоқ ағаш желге шыдамайды. Сондықтан көп тіл білген сайын қазақ тіліне деген махаббатымыз да артуы керек.
Көп тіл білу – бұл талап емес, бұл мүмкіншілік. Бұл – болашаққа апарар жол, әлеммен сөйлесудің кілті, өзіңді табудың бір әдісі. Әр тіл – адамға жаңаша ойлау, жаңаша сезіну, жаңаша өмір сүруді үйретеді. Сондықтан бүгіннен бастап бір тіл емес, бірнеше тіл үйренуге тырысайық. Бұл – тек заман талабы емес, бұл – сенің болашағыңа жасалған инвестиция.
Жұмабек Айжан Бауыржанқызы
-
- Архимед
- Оноре де Бальзак
- Александр Пушкин
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі