Өлең, жыр, ақындар

Әлеуметтік желілер – пайдалы ма, әлде зиян ба?

     Бүгінгі заман – цифрлық дәуір. Біздің таңымыз Instagram-мен атып, TikTok-пен батып жатады. Ендеше, «Әлеуметтік желілер пайдалы ма, әлде зиян ба?» деген сұрақ – жай талқылау емес, нағыз өмірлік мәселе. Бұл сұраққа біржақты жауап беру – жаңбырдың тек пайдасын немесе тек зиянын айту секілді. Шындығында, әлеуметтік желі – жай ғана құрал. Ал құралды қалай қолдану – әр адамның өз қолында.

Біріншіден, әлеуметтік желінің пайдасын жоққа шығара алмаймыз. Олар – ақпараттың жылдам таралатын алаңы. Бұрын бір жаңалықты ел болып бір аптадан кейін еститінбіз, ал қазір ол – бірнеше секунд ішінде бүкіл әлемге тарайды. Бұрын кітапханадан іздейтін мәліметті қазір бір ғана посттан тауып аламыз. Студенттер үшін, кәсіпкерлер үшін, тіпті ауыл тұрғындары үшін де бұл – үлкен мүмкіндік.

Екіншіден, әлеуметтік желі – өзін танытудың алаңы. Бұрын сахнаға шығу үшін жылдар бойы еңбек етіп, біреудің көзіне түсу керек болатын. Қазір – тек телефон мен идея болса жеткілікті. Қарапайым ауылдағы қыз TikTok-та ән айтып, миллиондаған адамға шабыт сыйлауы мүмкін. Бұл – шын мәніндегі демократиялық сахна.

Алайда әлеуметтік желінің зияны да жоқ емес. Ең алдымен, ол – уақыттың ұрысы. Көбі «екі минут қарап шығам» деп кіріп, түнгі үште шығатынын байқамай қалады. Уақытпен бірге энергияңды, көңіл-күйіңді, тіпті сеніміңді де ұрлайды. Себебі желіде бәрі тек әдемі өмірін көрсетеді. Ал сен өзіңді онымен салыстырып, «менің өмірім осал» деп ойлайсың. Бұл – нағыз психологиялық тұзақ.

Тағы бір қауіп – жалған ақпарат. Әлеуметтік желіде кім не айтса да, шындық ретінде қабылданып кетуі мүмкін. Бұған қарсы иммунитеті жоқ жастар тез алданып қалады. Бұрын ата-ана, мектеп, қоғам тәрбие беретін болса, қазір тәрбие беруші – алгоритм. Қандай контент көрсең – сол сені қалыптастырады.

Сонда не істеу керек? Әлеуметтік желіден мүлде бас тарту ма? Жоқ. Оны дұшпан көру – күректі жаман деп, жер қазбай қоюмен бірдей. Ең маңыздысы – қолдану мәдениетін қалыптастыру:

– Уақытты шектеу,

– Пайдалы беттерге жазылу,

– Бос салыстырудан аулақ болу.

Ең бастысы – өмірдің ең әдемі сәттері телефон экранында емес, шынайы өмірде екенін ұмытпау.

Әлеуметтік желі – пышақ секілді: біреу онымен тамақ турайды, біреу жарақат алады. Барлығы – сенің қандай мақсатпен, қандай сана-сезіммен пайдаланатыныңа байланысты. Сондықтан әлеуметтік желіні – өзіңнің мықты көмекшіңе айналдыр. Ол сені басқармасын, сен оны басқар. Сонда ғана ол – пайдалы.

Жұмабек Айжан Бауыржанқызы


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз