TikTok — әлемді әбігерге де, өрлеуге де салған заманауи платформа. Соңғы жылдардағы оның адамзаттың, әсіресе жастар қауымының өмірінен алатын орнын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Күнделікті қым-қуыт тіршілікті осы бір желіге бөлісу сәнге айналғандай. Аталған желіні қазір білмейтіндер кемде-кем. Бұл арқылы оның күш-қуатының секунд сайын артып жатқанын байқай аламыз.
Жастар түгілі, еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін осы бір темір қораптың артындағы тылсым күштің арбауына түсті. Қолымыздағы смартфон әдеттегі байланыс құралы болудан қалып, жаңа заманның тәрбиелеуші, ақпарат жеткізуші құралына айналды. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі жаңалықты, трендті, күлкілі видео немесе білім беретін ақпаратты бар болғаны бір батырманы басу арқылы аламыз. Бірақ бұл арбау жөнді ме, жоқ па? Ол жағы беймәлім.
TikTok желісі магнит іспеттес. Саусағың тисе, үш сағаттың қалай сырғып өте шыққанын аңғармай да қаласың. Қазір заман талабына сай барлық ақпаратты қысқа әрі нұсқа, жеңіл түрде түсіну үшін саусағыңмен батырманы баса салғаның жеткілікті. Бұл — уақыт үнемдеудің ыңғайлы тәсілі сияқты көрінеді. Желі қолданушыларының айтуынша, әсіресе жасөспірімдердің пікірінше, мектеп қабырғасында он бір жыл бойы түсінбеген күрделі тақырыптарды TikTok небәрі он бір секундта түсіндіріп бере алады екен. Оның жылдамдығына, ақпарат қызықтылығының деңгейіне еш талас жоқ. Цифрлы білімнің қарыштап дамып жатқан кезеңінде бұл қалыпты жағдай болып көрінуі де мүмкін.
Бірақ осы жеңілдіктің көлеңкелі тұстары да жоқ емес. TikTok — ақпарат алмасудың қас шебері ғана емес, сондай-ақ адамды өзіне байлайтын, уақытын ұрлайтын платформалардың бірі. Адам байқамай-ақ осы желіде сағаттап отырады, кейде тіпті ұйқысыз түндер мен уақтылы орындалмаған жұмыстардың себепкері де — осы алаң.
Иә, жоғарыда айтып өткенімдей, бұл платформа мектептегі ұстаздардың қызметін онлайн түрде алмастырып та үлгерді. Білім, ақпарат, кеңес, тіпті психологиялық демеу — бәрін де осы желіден іздейміз. Бірақ оның артында шексіз шашылған у да жатқанын ұмытпауымыз керек. Себебі тренд қуған жастар шектеу деген сөзден мақұрым қалып бара жатқандай. Балық басынан шіриді дегендей, баласына тоқтау салар деген ата-ана мен қариялардың өзіне «қой» дер ешкім табылмай отыр.
Бұл желінің уытының мықты болғаны соншалық, кезінде ұят, әдеп деген түсініктердің бәрі қалыпты өмірдің тұрақты көрінісіне айналды. Жастар арасында ерсі қылық, мәдениетсіздік, жауапсыздық көбейді. Әсіресе, ел ертеңі саналатын жасөспірімдердің арасында осы платформадан көрген-білгендерін өмірде қайталау қалыпты жағдайға айналып келеді.
Ойлана қарасаң, жаның ауырады. Уақыт деген ең бағалы ресурстың судай ағып жоғалғанын, еліміздің болашағы саналатын жастардың көз алдыңда солып бара жатқанын көргеннен артық қасірет жоқ. Өкінішке қарай, TikTok әлемі тек білім емес, әртүрлі теріс әрекеттерді, адам психологиясына кері әсер ететін дүниелерді де еркін таратуға мүмкіндік беріп отыр. Бұл мәселенің шегі мен шеті болады ма, әлде құрдымға қарай жылжып барамыз ба? Көкейде сансыз сұрақтар туындайды.
Дегенмен, бәрі өз қолымызда. Адам санасы мен ерік-жігері арқылы кез келген технологияны өз пайдасына жарата алады. Тек алатын дүниені ғана алып, керексізін сүзгіден өткізіп отырса игі еді. Ақпараттық технологиялардың дамуы — адамзат жетістігі, бірақ сол жетістікті дұрыс пайдалану — әрбір саналы азаматтың міндеті. Уақытының талабына дөп келген бұл технологияның әділетсіз соққысы да, оң нәтижесі де жетіп артылады. Технология дамыған сайын қауіп те көбейеді деген Конфуцийдің көне дәуірде айтқан пікірі бүгінде ақиқатқа айналып бара жатқанын мойындау керек.
Таңдау әркімнің өз еркінде. Ненің болса да ағы мен қарасы қатар жүретіні белгілі. Сондықтан да желінің жібіне байланбай, тек игілігін көру де өз қолымызда. TikTok-ты саналы түрде білім алудың бір құралына айналдырсақ, оның тигізер пайдасы орасан. Ал жөн-жосықсыз пайдаланып, оған тәуелділік қалыптастырсақ, ол түбінде адамды өзі-ақ тұншықтырады.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін өлең жолдарыммен тарқатсам деймін:
Тиктогыңа табынды сан мың талайлар,
Табылар ма бір жан, сірә, бұны ойлар?
Тек жақсыға пайдалансақ игі еді,
Санасы барлар көзін ашып, абайлар.
Құрығына бір байлансаң — құрыдың,
Тұсауына құрық салар бұның кім?
Дер кезінде шектеуді сен қоймасаң,
Шектетілер түбінде бір тағдырың.
Мақала авторы: Картенбай Әлия Жеңісбекқызы
- Мәулітбек Ұлас
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі