Армансыз адам — қанатсыз құспен тең. Иә, күнделікті қарапайым сөзге айналып кетсе де, шындыққа жанасатын сөз. Неге десеңіз, арман — ол бала жүректің терең түбінен орын алған, енді шығуға бет алған нәзік үн. Бұл — менің бала көңілімнің ойы. Арман дегеніміз — адам жанын алға жетелейтін, өмірге деген қызығушылығын арттыратын ұлы сезім. Адам баласы арман арқылы биік мақсат қояды, сол мақсатқа жету үшін тынымсыз еңбектенеді.
Айтып өткенімдей, кеудесінде жаны бар әр пенденің өз көкейіндегі бір арманы бар. Ол — хақ. “Менде арман жоқ” деген адамның өзінде де ішкі жан дүниесі қалап тұратын ойлары болады, ал ол ойлар — сол арманның дәнегі іспеттес. Армандау тегін. Ешкімге армандағаның үшін ақы төлемейсің. Сондықтан да арман — шексіз. Арман адамға қанат бітіреді, арман адамды мықты етеді. Мүмкіндік беріліп тұрса, неге армандамасқа, сонымен қатар, сол арманды жүзеге асыруға неге талпынып, һәм іс қылмасқа? Бастысы, арманың үшін нақты қадам жасауға қорықпау керек.
Өзім жайлы сөз қозғар болсам, журналист болу — бала күнгі арманым. Бұл — бәрі айтатын, әдеттегі арман емес. Бұл — менің бала көңілімнің арманы. Балалық шақтағы армандар — адам өміріндегі ең шынайы, ең таза армандардың бірі. Ата-анамның айтуы бойынша, шамамен 5 немесе 6 жаста болуым керек, теледидарға шыққан сол кездегі Америка президенті Барак Обамаға былдырлап сұрақ қойып, бәрін күлкіге қарық қылдыра береді екенмін. Мен: «Балак Обамаға баламын, сөйлесемін, ол менің досым болады», — дей беріппін. Сол кезде мен әлемнің үлкендігін, мемлекет басшысымен сұхбаттасу оңай шаруа емес екенін білмесем де, ішкі сенімім мықты еді. Сырт көзге баланың балалығы болып көрінсе де, сол бір арман әлі жүрек түкпірінде. Яғни, журналистика — менің дертім. Мен қашан оған жетемін — мен сонда жазыламын. Жүргізуші болып, өз ойымды паш етіп, билік пен халықтың арасын жалғар берік көпір болу — міне, осы менің нағыз қалауым! Бұл тек менің жеке мақсатым емес, бұл — менің азаматтық борышым деп те білемін.
Ағылшын тілін меңгеріп, осы пәннің мұғалімі мамандығын үздік дипломмен аяқтадым. Бұл — менің өмірімдегі маңызды белестердің бірі. Әйтсе де, іште сол бір арман. Журналист болу, сахнаға шығу, сұхбат алу және де, әлбетте, «досыммен сұхбаттасу». Америка президентімен сұхбаттасу үшін алғашқы қадамымды ағылшын тілін меңгеру арқылы жасап қойдым десем, артық емес деп ойлаймын. Әрбір жетістік — үлкен армандарға апарар баспалдақ екенін түсіндім. Енді әрмен қарай тек тоқтамау керек. Арман жолында тоқтап қалу — өзіңе деген сатқындық. Тәмамдаған мамандығымды әрмен қарай жоғарылата жалғастыруға болар еді, бірақ сол бір арман жүрекке тыныштық бермейді. Ұзын сөздің қысқасы — арманыма балта шаба алмайтынымды ұғындым. Армансыз өмір бос өтеді. Ал арман қуған адамның өмірі әрқашан мәнді, мақсатты болмақ.
Бұдан түйетін ой — адамның арманы шексіз. Оның шеті ешқашан болмайды және егер әрекет қылсаң, оған жету түк емес. Әр адам арманына жету үшін алдымен өзіне сенуі керек. Арман — тек қиялдап қоя салатын нәрсе емес, оған қанат бітіріп, қалаған бағытыңа ұшыратын серігің бола алуы тиіс. Ол — әркімнің өзіне байланысты. Арман алдамайды, бірақ оған жету үшін адам табанды болуы тиіс. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар еңбек пен ақыл екі жақтап», — деп хәкім Абай жырлағандай, бәрі шынтуайтына келгенде өз қолымызда. Ең бастысы, арманыңды жүзеге асыру үшін үздіксіз еңбек ету қажет. Осы ой жетегінде сапар шегіп, өз аялдамама әлі жете алар емеспін. Жол ұзақ болғанымен, тоқтамай жүру — жеңіске апаратын бірден-бір жол. Қашан жетерімді де білмеймін. Бірақ, бір білерім — қайтсем де жетемін! Себебі, қанша жерден ескірген сөз болса да, армандар орындалады. Әрбір орындалған арман — адамға жаңа сенім, жаңа мақсат сыйлайды. Жеңіске толы күннің ауылы алыс емес екеніне кәміл сенемін. Сол күнді күтпей, сол күнге қадамдап бару керек. Осы мақаламды үлгі етіп, армандарымның орындалғанына бірге куә болатынымызға уәде беремін! Арман қуған адам ешқашан өкінбейді. Арман — адамды биікке жетелейтін шынайы күш екенін ешқашан естен шығармаған дұрыс.
Мақала авторы: Картенбай Әлия Жеңісбекқызы
- Мәулітбек Ұлас
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
- Элиас Канетти
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі