Бұрынғы кезде бір бай болады, байдың жалғыз баласы болады. Бай баласына уақтылы қалың бермейді. Бала ержеткен соң, құрбылары:
— Ей, сен бізбен жүрсейші, бәленше байдың қызын алып берейік,– дейді.
— Бармаймын, – дейді бала. «Бармаймын» деген соң құрдастары одан күдер үзіп: «Қызтеке, қызтеке» деп мазақтайды. Бір күні осы өсекті баланың әке-шешесі естиді. «Дүниеқор бай жалғыз баласына әйел әпермейді» деген сөз елге де тарайды. Баласын шақырып алып бай: «Өзің сүйіп таңдап әйел ал, дәулетім жетеді. Төрт түлік малдан сауда істе, босқа жүрме, төңіректі төрт айналып шық»,– дейді.
— Жарайды, – дейді баласы. Мал алады, қасына жылпың жігіттерді қосып алады. Бір сапарға шығып, қыз таба алмай қайтып оралады. Күннің батысына да барады, шығысына да барады, ештеңе таба алмайды. Дүниені төрт айналады, сұлу қыз табылмайды. Сонда әкесі:
— Ей, шырағым, бұл қалай болды? – дейді.
— Әке, мен әйел алмаймын, – дейді бала.
— Онда еншіңді ал да кет, – дейді әкесі. Баласы «Жарайды» деп, есіктің алдындағы жаңадан бұзаулаған сиырды, төрдегі алтын жанат ішікті сұрайды. Әкесі барлығын да береді. Қалғандарын алып, бала сапар шегеді. Бір жерге келіп тұрақтайды. Бір күндерде баланың үйіне бір ақ сәлделі жолаушы шал келеді. Шал бір келгенде үш рет келеді. Үшінші ретінде ол:
— Үлкенге неге кішілік жасамайсың?–дейді.
— Олай болса, ақсақал, жол болсын, қайда барасыз? – дейді бала.
— Жегжат аралап барам,– дейді шал.
— Бала, неге айдалада отырсың,– дейді шал аздан соң.
— Әке-шешем қуып жіберді,– дейді бала.
— Неге? – деп сұрайды шал.
— Әйел алмайсың деп қуды.
— Неге әйел алмадың?
— Екі дүниелік әйел кездеспейді, бір дүниелік әйел алғым келмейді, – дейді бала. Шал айтады:
— Онда сенің жайың ауыр екен. Екі дүниелік әйел бұл дүниеде үшеу ғана. Оның екеуі туды, біреуі туған жоқ. Оның біреуі кемпір оны сен алмайсың, бала-шағасы бар. Екіншісі біреуге тигелі жатыр. Сүйгені бар, саған тимейді. Ал, үшіншісі жоқ, сен қалай алмақсың? – дейді қарт.
— Ендеше, отыра берем,– дейді бала. Шал ақылын айтады:
— Күйеуге тигелі жатқан қызға қайыршы болып бар. Сен барғанда оңаша отауда болар. Барғанда сен бауырсақты, берген етті татпай «енеме бер» деп, өзіне бере сал. Қыз бен жігіт отауда оңаша қалғанда саған «кет» деп айтар, ұрар, соғар. Сен сонда да кетпе. Қыз бен жігіт ұйықтағанда бар да қыздың арқасынан құшақта. Қыз «мұның қалай» деп сұрар. Сонда сен: «Сенің мұның қалай, екі дүниелік ер болмаса, бір дүниелік ерге тимеймін деген сертің қайда, екі дүниелік ерің мен емес пе едім, бір дүниелігің ол емес пе еді» де. Сонда қыз, «солай ма еді» дер, – депті шал. Жігіт жолаушы қарттың айтқанының бәрін істейді. Сонда бұрылып келіп қыз жігіттің мойнынан құшақтайды, жігіт те құшақтайды. Екі құшақ жабысып қалады. Бұл кезде ірге жақтағы күйеуі:
— Мұның қалай, – дейді. Ел жиналып қалады. Екеуін ажырата алмайды. Жиналған ел әр түрлі үкім айтады. Ақыры екеуін жұртқа тастап кетеді.
Үш күн өткен соң құшақтары ажырап, баяғы сиыр арқандалған жерге келіп отыра береді. Бұл жерге бір күндерде керуенші саудагерлер келеді. Бір адам келіп бұлардан от алады. Ол керуен басшысына айтады:
— Еркегі онша емес, әйелі сұлу екен, – дейді. Бәрі осы екеуіне келеді. Әйелдің сұлулығына тамсанып, ештеңе демей қайтып кетеді. Ертеңіне әйел күйеуіне айтады:
— Әй, ішікті төрге қыстырып қайтеміз, сен керуеншілермен барып, базарға сатып кел, – дейді. Жігіт:
— Жарайды, – деп керуеншілерге ереді. Жаяу жүреді. Жолда бір бай мырзасын жолықтырады.
— Ішікті сатасың ба? – дейді ол.
— Сатамын, – дейді жігіт.
— Не сұрайсың?
— Астыңдағы атыңды берсең болады. Мырза атын береді. Керуеншілер:
— Құдай атсын, бәлен шәріге барғанда бұл ішігің үш ат болатын еді, мұның не? – дейді.
— Оның керегі жоқ, – дейді жігіт.
— Әйелің сені бізге аманат етіп еді, бұлдап сата алмағаның не? – дейді керуеншілер.
— Жоқ, әйелім ештеме демейді,– дейді жігіт. Екі жағы жатып тұрып ерегіседі. Әрі кетіп бара жатса, бір пақыр кез болады.
— Атыңды сатасың ба? – дейді пақыр. Сөйтіп, жігіт атты сиырға айырбастайды. Керуеншілер:
— Атың қайда? Құдай ұрды, сен әйеліңнен айрылдың – деп, олар тағы ерегісіп қалады.
— Әйелім ештеңе демейді. Десе, барлығы сенікі болсын,– дейді жігіт. Жолда қайыршыны кездестіреді. Сиырды соның тымағына айырбастайды. Тағы да ерегіс болады. Жолда дауыл болып, тымағын теңіз желі алып кетеді. Керуеншілер базардан қайтып оралады. Сұлу әйелдің күйеуі құр алақан қайтады. Әйел:
— Жігітім, малың базарлы болды ма?– дейді. Жігіт не болғанын айтып береді.
— Ішікті атқа сатқаның дұрыс болған, ат–адамның қанаты ғой. Сиырға айырбастағаның да жөн, сүтке сүт қосылады, елге ел қосылады. Тымаққа айырбастағаның тіпті жақсы болыпты, жігіттің басы түзелмей ісі түзелмейді деуші еді, басыңды түзегенің орынды екен. Тымағың суға кеткені басыңа төнген бір бәленің кеткені, енді ісің оңалады екен,– дейді әйелі ренжімей. Керуеншілер жігітке де, әйелге де разы болып артынып-тартынып келе жатқан дүниелерінен бөліп беріпті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі