Бұлт пен шуақ
Бұл әлемде адамдар екіге бөлінеді. Жақсы сөздер мен игі істерге сараң жандардың төбесінде сұрғылт, жаңбырлы бұлт қалықтап жүреді. Ал ниеті таза, жүрегі мейірімге толы адамдардың аспаны ашық, шуақты болады.
Біздің әңгімеміздегі басты кейіпкер – 7-сынып оқушысы Жарас. Қарапайым оқушы, бірақ жақсы қырымен көзге түсе қоймаған бала.
– Жарас, апайға айтып қоямын! – деп қыздар жиі шағымданатын. Өйткені ол кейде олардың шашынан тартып, ренжітетін.
– Қойшы, сенімен ойнау мүмкін емес. Бәрімізді ұрысқа қосып қоясың, – деп ұлдар да кейіп жүретін.
Жалпы айтқанда, Жарастың мінезі сотқарлыққа жақындап, өзінің төбесінде қоюлана бастаған қара бұлтты байқай да бермейтін.
Бір күні ата-анасы баласын қасына отырғызып, қатқылдау сөйлеп еді:
– Жарас, мектептен сен туралы жақсы емес әңгімелер естіп жатырмыз. Қыздарды мазақ ету, ұлдармен арпалысу деген не қылық?
Жарас басын төмен салып, үнсіз тыңдап отырды.
– Анашым, бәрін бастайтын мен емес қой… Мен көбіне жауап қайтармаймын. Өздері тиісе береді, – деп ақталды ол.
Әкесінің сабыры таусылды:
– Жетер, ұлым. Үлкен жігіт болдың, өтірікті де қоя біл. Төбеңдегі бұлтқа қарашы. Сұр бұлт қалыңдапты. Осы қылығыңды доғармасаң, бір күні найзағай ойнап, жаңбыр боп төгіледі, – деді.
Сол сәтте Жарас ойланып қалды. Шынында да, басын көтерсе, дәл төбесінде қара бұлт торлап тұр екен. Оның ішінде өзі жасаған бұзақылықтары, жаман сөздері бейнеленгендей. «Болды, жетер. Өзгеруім керек», – деп шешті ол.
Ертесі мектепке бара жатқанда, Жарас сыныптасы Маратты көріп қалды. Оның сөмкесі жыртылып, кітаптары мен дәптерлері жерге шашылып жатты.
– Әй! – деді Жарас.
– Ой қойшы, тағы да күлуге келдің бе? – деп Марат бұрылды.
Осы сәтте Жарас бұрынғы істеген істерінің салмағын түсінді.
– Жоқ, Марат. Көмектесейін деп едім. Кітаптарыңды менің сөмкеме сала қой, саған жеңіл болады, – деді ол.
Марат таңырқап, жымиып жіберді.
Содан бері Жарас сыныптастарымен тату болып, өзгелерге көмек көрсетудің қандай қуаныш сыйлайтынын түсіне бастады. Ол жақсы сөздердің де үлкен күшке ие екенін сезінді. Бұрынғы сотқар қылықтар мүлде артта қалды.
Мектептен шығып бара жатқанда, ол сынып жетекшісінің ауыр сөмкелерін көріп қалды.
– Апай, рұқсат етіңіз, көмектесейін! – деп жүгіріп барды.
– Жарас, сен үшін өте қуаныштымын. Өзіңді қатты өзгерттің, – деді мұғалімі риза кейіппен.
Сол сәтте Жарас төбесіне қарады. Қара бұлттың орнын ашық аспан мен күннің шуақты нұры басыпты.
- Нарша Булгакбаев
- Нарша Булгакбаев
-
- Архимед
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі