Өлең, жыр, ақындар

Іскерлік журналистика — заман талабы

       Іскерлік журналистика — бүгінгі күні елімізде үздіксіз дамып, нәтижелі еңбек көрсетіпкеле жатқан бағыттардың бірі. Мұның басты себебі — қоғамда «қаржылық сауаттылық» тақырыбының жиі көтерілуі. Қазіргі таңда бұл тақырыпқа жас та, ересек те айрықша қызығушылық танытады. Өйткені, ол — заманталабы. Ал бұл тұрғыда журналистика саласыбізге қандай бағыт көрсетеді? Осы және өзге де тақырып аясында Kursiv Media басылымының журналисі, Business News бөлімінің тілшісі Ақсәуле Әбітаймен әңгімелестік.

- Журналист ретінде, елімізде қаржы және бизнес тақырыптарын қазақ тілінде жазу қаншалықты оңай деп ойлайсыз, әлде, керісінше қиындық тудырады ма?

- Қандай тақырып болмасын, оны жеңіл не ауыр деп бөлуге болмайды. Әрқайсысының өзіне тән қиындығы бар. Дегенмен қаржы және бизнес саласына келгенде ерекше талаптар қойылады. Ең әуелі, қаржы терминдерін нақты әрі дұрыс қолдану қажет. Экономика мен бизнестің өз терминологиясы бар, оларды шатастырмай, орнымен пайдалану маңызды. Әсіресе, сандардың дәлдігіне мән беріледі. Сондықтан іскерлік журналистика айрықша ұқыптылықты талап етеді. Барлық ақпарат мүмкіндігінше нақты әрі дәл жазылуы тиіс.

- «Іскерлік журналистика» тақырыбы аудитория арасында қаншалықты сұранысқа ие?

- Соңғы уақытта орын алып жатқан өзгерістерге тоқталсақ, ҚР Салық кодексіне түзетулер енгізіліп, қосылған құн салығының мөлшерлемесі артты. Сондай-ақ банктерге қатысты жаңа заң жобасы қарастырылып жатыр. Осындай жаңалықтар аясында бизнес пен экономика тақырыптары айрықша өзекті. Сонымен қатар, халық доллар бағамын, базалық мөлшерлеменің өзгерістерін тұрақты түрде бақылап отырады. Алайда қазақ тілді ақпарат кеңістігінде іскерлік журналистиканың оқырман саны салыстырмалы түрде төмен. Өйткені, шоу-бизнес жаңалықтары мен қоғамдық-саяси тақырыптар жиі алдыңғы қатарға шығып кетеді. Дей тұрғанмен, қаржы, экономика және бизнес тақырыптарына қызығатын тұрақты аудиториясы бар.

- Қаржы саласындағы ақпаратты оқырманға қарапайым тілде түсіндірудің ең тиімді әдісі қандай?

- Ақпаратты оқырманға қарапайым тілде жеткізу үшін журналист алдымен сол мәліметті толық меңгеріп, өз бойына сіңіріп алуы қажет. Себебі өзі түсінген дүниені көпшілікке түсіндіру әлдеқайда жеңіл болады. Дегенмен мұнда бір жайтты ескеру керек: мысалы, салықтың өсуі сияқты макроэкономикалық жаңалықтарды қарапайым тілде түсіндіру аса маңызды, әйтпесе оқырманның қабылдауы күрделене түседі. Ал банктердің акция бағасының көтерілуі не төмендеуі, Қаржы министрлігінің нарықтан қарыз алуы секілді Қазақстан қор биржасына қатысты ақпараттарды жазғанда кәсіби терминдерді қолдануға тура келеді. Бұл ретте басты талап – сауатты әрі нақты жазу.

- Сіз іскерлік материалдағы деректердің сенімділігін қалай тексересіз?

- Қарапайым қағида – деректерді жан-жақты зерттеу. Біз көбіне Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінің ресми сайтына жүгінеміз. Онда ай сайын нарыққа қатысты талдаулар жарияланып отырады. Бұдан бөлек, Қазақстан қор биржасында күн сайын компаниялардың акцияларына байланысты түрлі жаңалықтар шығады, сондай-ақ олардың қаржылық есептері ұсынылады. Ұлттық статистика бюросының деректері де маңызды. Әр компания өз қаржылық есептерін жариялап, ресми Telegram арналары арқылы ақпарат таратады. Міне, осы дереккөздерді үнемі бақылап, тексеріп отыру қажет. Егер қандай да бір компанияға қатысты қауесет шықса, міндетті түрде сол ұйыммен байланысып, баспасөз қызметінен нақты ақпарат алу керек. Олар әдетте ашық түрде түсініктеме береді.

- Халықаралық тәжірибеден қандай стандарттарды іскерлік журналистикасына енгізу қажет деп ойлайсыз?

- Халықаралық тәжірибеден алынатын стандарттар тек экономика саласына ғана емес, жалпы журналистикаға да енгізілуі тиіс. Мәселен, дереккөздермен жұмыс істеу тәжірибесін ерекше атап өтуге болады. Ірі басылымдар — Bloomberg, Reuters, CNN — құпия дереккөздермен жұмыс істей алады. Олар нақты ақпарат кімге тиесілі екенін көрсетпейді, алайда қоғамға қажет мәліметті жеткізеді. Бұл тәжірибе елімізде кеңінен таралмаған. Көбіне Forbes Kazakhstan-ды мысалға келтіруге болады. Мәселен, олар Вячеслав Кимге «Jusan Bank» акцияларын сатып алуға рұқсат берілгенін жариялаған еді. Біз бұл ақпаратты алған соң ғана екі тарапқа жекелей сауал жолдап, сондай-ақ Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне ресми сұрау жіберіп, кейін жаңалықты жарияладық. Бұл, бір жағынан, ірі басылымдарға деген сенімнің артып келе жатқанын көрсетеді. Дегенмен, мұндай тәжірибе Қазақстанда әлі толық қалыптаса қойған жоқ. Екінші маңызды мәселе — медиа құрылымдарына қаржылық қолдау көрсететін тараптардың саясатқа араласу ықтималдығы. Мысалы, «Азаттық радиосы» — АҚШ-тың Ғаламдық медиа жөніндегі агенттігіне қарасты мекеме. Радионың қаржыландыруын АҚШ Мемлекеттік департаменті қамтамасыз етеді. Алайда, көпшілік «қаржылай қолдау көрсеткен тарап оның саясатын да айқындайды» деп ойлайды. Шын мәнінде, қандай да бір медиаға кім демеушілік етсе де, ол оның ішкі саясатына араласуға құқығы жоқ. Өйткені журналистика — қоғамдық институт, ал мұндай институттың ішкі саясатына сыртқы ықпал ету сөз бостандығы стандарттарына қайшы келеді. Сол себепті осындай халықаралық тәжірибелерді біздің де ақпарат кеңістігімізге енгізу маңызды.

- Әлеуметтік желінің іскерлік журналистикаға қандай ықпалы бар деп ойлайсыз?

- Іскерлік журналистикада байқалған бір тренд – банк және компания басшыларының ашықтыққа бет бұруы. Мәселен, Freedom Bank-те аударымдарда белгілі бір қиындықтар туындап, клиенттердің қажеттілігін өтеуде қолайсыздықтар болған еді. Осы кезде банктің басшысы Тимур Турлов әлеуметтік желіде әрбір қолданушының сұрағына жеке жауап беріп отырды. Бұл жағдай әлеуметтік желілердің лауазымды тұлғаларды халыққа жақындата түскеніне дәлел болды.

- Қазақ тіліндегі іскерлік журналистиканың болашағын қалай елестетесіз?

- Мен бұл саланың болашағына кәміл сенетін жандардың бірімін. 7–8 жыл бұрын Ербол Азанбек ағамыздың бастамасымен 7kun.kz сайтын ашқан кезде, қаржы саласына арналған ақпараттық сайттар өте аз еді. 7kun.kz солардың алғашқыларының бірі болды. Қазір мұндай басылымдар қатары біршама артты. Көптеген басылымдар қаржы және бизнес тақырыптарын жеке айдар ретінде бөліп шығарып жатыр. Орыс тілді ресурстардың өзі қазақ тіліндегі бөлімдерін қосты. Бизнес те қазақ тілді аудиторияға жақындауға ұмтылды. Бірінші басшылар мен басқарма өкілдері қазақ тілінде сұхбат беруге талпыныс жасады. Иә, бұл процесс баяу жүруі мүмкін, бірақ ең бастысы – ілгерілеу бар. Сондықтан мен іскерлік журналистиканың болашағына толық сенемін.

- Сұхбатыңызға көп рақмет!

 

Сұхбаттасқан  — Ерсұлтан Алпысбай


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар