Өлең, жыр, ақындар

Сандарды сөйлеткен сала: іскерлік журналистиканың міндеті неде?

Іскерлік журналистиканың миссиясы – күрделі экономикалық шындық пен қоғам арасындағы көпір болу. Біз сандарды, трендтерді және шешімдерді қарапайым тілде түсіндіреміз, олардың әрбір адамның өміріне қалай әсер ететінін көрсетеміз», – дейді сарапшымыз Диас Еркінов.

 

– Қазіргі қоғамдағы іскерлік журналистиканың миссиясы неде?

– Іскерлік журналистиканың миссиясы – күрделі экономикалық шындық пен қоғам арасындағы көпір болу. Біз сандарды, трендтерді және шешімдерді қарапайым тілде түсіндіреміз, олардың әрбір адамның өміріне қалай әсер ететінін көрсетеміз. Кейде тіпті бір ғана адамның шешімі тұтас аймақтың экономикалық әрі саяси жағдайына ықпал етуі мүмкін.

 

– Бизнес-БАҚ ел экономикасына ықпал ете ала ма?

– Иә, белгілі бір деңгейде. Жарияланымдар арқылы күн тәртібі, кәсіпкерлер мен инвесторлардың, тіпті саясаткерлер мен сайлаушылардың көңіл күйі қалыптасады. Мысалы, Succession («Мұрагерлер») атты сериалда медиакорпорация иелерінің шешімі президенттік сайлаудың нәтижесін анықтап жіберген эпизод бар. Шын өмірде де бұндай жағдайлар кездеседі. Бірақ журналистика «лоббистке» айналмауы тиіс, оның басты міндеті – процестерді объективті түрде тіркеу.

 

– Экономикалық материал саяси немесе әлеуметтік материалдан несімен ерекшеленеді?

– Экономикалық материал көбірек фактілерді, статистиканы және тексерілген дереккөздерді талап етеді. Мұнда эмоция аз, талдау көп. Сандар нақты, қорытындылар дәлелді болуы шарт. Ал бастысы – күрделі деректерді көпшілікке түсінікті тілде жеткізу.

 

– Қоғамның бизнес-медиаға деген сенімін қалай бағалайсыз?

– Бизнес-БАҚ-қа сенім дәстүрлі түрде жоғары. Себебі аудитория мұнда идеологияны емес, фактілер мен сандарды күтеді. Адамдар түсінеді: егер сөз валюта бағамы, салық немесе инвестиция туралы болса, онда үгіт-насихатқа орын жоқ. Мысал ретінде Bloomberg, Financial Times, «Коммерсантъ» басылымдарын айтуға болады. Дегенмен сенім деңгейі әр басылымның кәсібилігі мен ашықтығына байланысты.

 

– Журналист ірі бизнес пен инвестиция тақырыбында қалай объективті болып қала алады?

– Объективтілік дереккөздерді әртараптандыру арқылы келеді. Ірі бизнес туралы айтқанда тәуелсіз сарапшылар, аналитиктердің пікірі, халықаралық мысалдар қажет. Сонымен қатар «Follow the money» – «Ақшаның ізімен жүр» қағидасын ұмытпау керек.

 

– Қазақстандағы қаржылық және статистикалық ақпаратқа қолжетімділік қандай деңгейде?

– Ресми түрде қолжетімді: Ұлттық статистика бюросының порталы, Ұлттық банктің ашық деректері, тәуелсіз агенттіктер бар. Бірақ іс жүзінде көптеген сандар кешігіп жарияланады, нақтылау жетіспейді, ал ведомстволардың түсіндірмелері ресми сипатта ғана болады.

 

– Экономика мәселелерінде бизнес пен мемлекеттің ашықтығын қалай бағалайсыз?

– Пікірсіз.

 

– Іскерлік БАҚ-тағы жарияланымдар инвесторлар мен кәсіпкерлердің шешіміне әсер ете ме?

– 2-сұрақтағы жауабым осыған да қатысты.

 

– Халыққа күрделі экономикалық ұғымдарды қалай түсіндіруге болады?

– Басты қағида – мысал арқылы түсіндіру. Инфляция – бүгінгі нанның кешегіден қымбат болуы. Девальвация – кеше TaoBao-дан бір бағаға футболка сатып алсаң, бүгін ол «қымбаттап кеткені». Қор нарығы – компанияның бір бөлігін сатып алуға болатын орын. Күнделікті мысалдармен түсіндірсең, бәрі түсінікті болады.

 

– Қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығы жеткілікті ме? Журналистика оны түзете ала ма?

– Мәселе тек қаржылық сауаттылықта емес. Негізгі түйткіл – төмен жалақы, қызмет сапасының төмендігі, әлеуметтік теңсіздік. Журналистика белгілі бір деңгейде ықпал ете алады, бірақ жүйелі өзгерістерсіз мұны жүзеге асыру барған сайын қиындап барады.

                             -Сұхбаттасқан Абылайхан Дүйсенбек

 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер