Өлең, жыр, ақындар

«Түркістан уалаятының газеті» – ағартушылық дәуірдің бастауы

1870 жылы Ташкент қаласында жарық көрген «Түркістан уалаятының газеті» – қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштарының бірі. Бұл басылым тек ақпарат таратушы құрал ғана емес, сол кезеңдегі халықтың ой-санасын оятуға, ұлттық рухты қалыптастыруға зор үлес қосқан ағартушылық басылым болды.

 

Алғашында патша үкіметінің ресми органы ретінде құрылған бұл газет отарлық саясаттың бір бөлігі болса да, уақыт өте келе өз бағытын өзгертіп, қазақ қоғамының өмірін, тұрмысын, мәдениетін, шаруашылығын, оқу-ағарту мәселелерін көтере бастады. Осы арқылы газет халық пен билік арасындағы рухани көпір қызметін атқарды.

Газет беттерінде жарияланған мақалалардың мазмұнына қарасақ, онда тек ресми жаңалықтар емес, ғылым мен техника жаңалықтары, табиғи құбылыстар, мәдениет пен әдебиетке қатысты ақпараттар да қамтылған. Мысалы, алғаш рет қазақ оқырмандары жер сілкінісі, күннің тұтылуы, телеграф пен темір жолдың пайда болуы сияқты жаңалықтарды осы газеттен оқыған. Бұл – сол дәуір үшін үлкен жетістік еді.

«Түркістан уалаятының газетінің» тағы бір маңызды қыры – оның ұлттық тұлғаларды танытуы. Қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов туралы алғашқы қазақ тіліндегі мақала осы газет бетінде жарық көрген. Бұл жағдай басылымның тек ресми бағытта емес, ұлттық рухани мұраға да мән бергенін көрсетеді.

Газеттің алғашқы редакторы Шаһмардан Мирасұлы Ибрагимов та ерекше тұлға болған. Ол ұлты башқұрт болса да, қазақ халқының намысын қорғап, ағартушылық бағыттағы материалдарды көбірек жариялаған. Оның бұл еңбегі қазақ баспасөзінің дамуына үлкен серпін берді.

Белгілі зерттеуші Н.П. Остроумовтың «Бұл газет Орта Азия халықтарының мәдени өмірінде Ресейдегі «Ведомостармен» тең рөл атқарды» деген пікірі де басылымның маңызын дәлелдейді. Яғни, ол тек аймақтық газет емес, тұтас өңірдің мәдени дамуына әсер еткен тарихи басылым болды.

 

Қорыта айтқанда, «Түркістан уалаятының газеті» — қазақ баспасөзінің бастауы ғана емес, ұлттық сана мен ағартушылық идеяның жаршысы. Кейінгі «Дала уалаятының газеті» мен басқа да ұлттық басылымдарға бағыт-бағдар берген рухани мектеп болды. Оның жарық көргеніне 150 жыл өтсе де, маңызы әлі де өзектілігін жойған жоқ.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз