XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамы — ұлт ретінде өзін тану мен отарлық жүйеден азат болуға ұмтылған тарихи кезең еді. Сол уақытта баспасөз — халықтың көзін ашып, рухани оянудың басты қаруы болды. Қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштарының бірі – ,,Серке» газеті''.
Бұл басылымның жарық көруі қазақ зиялыларының саяси көзқарасының қалыптасуына, ұлт мүддесі жолындағы қозғалыстың басталуына зор әсер етті. Ал сол қозғалыстың алдыңғы шебінде жүрген тұлға – Міржақып Дулатов болатын.
1907 жыл – қазақ баспасөзі тарихындағы ерекше белес. Сол жылы Петербор қаласында татардың «Улфат» газетіне қосымша ретінде «Серке» атты қазақ тіліндегі газет жарық көрді. «Серке» атауының өзі символдық мәнге ие еді: серке – қойды бастайтын, алға жетелейтін жануар. Бұл атау да қазақ халқын ұйқыдан оятатын, оны еркіндік пен білім жолына бастайтын басылым болатынын аңғартқан.
Газеттің редакторы татар ағартушысы Фатих Каримов, ал қазақ бөлімін ұйымдастырушы әрі негізгі авторлары – Міржақып Дулатов пен Әлихан Бөкейхан болды. Олар бұл газетті саяси күрес құралы ретінде пайдаланып, қазақ халқының құқықтарын қорғау, ұлттың тағдыры туралы ашық айту мақсатын көздеді.
«Серке» газетінің екінші нөмірінде Міржақып Дулатовтың атақты «Біздің мақсатымыз» атты мақаласы жарық көрді. Бұл мақала қазақ халқының саяси тарихындағы ең өткір үндеулердің бірі болды. Онда автор:
«Қазақ халқы неге бодандықта өмір сүруі керек? Біз неге өзгелерге тәуелдіміз? Ендігі мақсат – ояну, оқу, бірлік пен әділет жолына түсу»
— деп халықты намысқа шақырды.
Мақалада Міржақып патша үкіметінің отарлық саясатын батыл сынады. Ол қазақ даласындағы әділетсіздік, жер мәселесі, рухани құлдық және ұлттық бірлік тақырыптарын қозғады. Осындай өткір сөздер патша әкімшілігін алаңдатпай қоймады. Газет екі-ақ нөмірден кейін жабылып, таратылуы қатаң тыйым салынды.Алайда, аз ғана өмір сүрген бұл басылым қазақ ұлт-азаттық қозғалысының рухани бастауына айналды.
Міржақып Дулатов – тек публицист емес, ол – қазақ рухының ұраншысы еді. Оның шығармашылығы мен күресі қазақ халқын жаңғыруға шақырды. «Серке» газетін шығарудағы басты мақсат – халыққа ой салу, еркін ой мен жауапкершілік сезімін ояту болды.
Міржақыптың өмір жолына қарасақ, ол ешқашан сөз жүзінде ғана күреспеген. Ол іс жүзінде ел тағдыры үшін қызмет етті ұлттық тіл мен дін кітабында да «Серке» көтерген идеяларды жалғастырды.Оның публицистикасы өткір, терең, ұлттық намысқа толы болды. Ол халықтың сезімін дәл бейнелеп, санаға әсер ететін сөзбен ұлттың жан жарасын жазуға тырысты.
«Серке» газеті – шағын ғана басылым болса да, оның рөлі өте зор. Біріншіден, ол қазақтың саяси баспасөзіне жол ашты. Бұған дейін қазақ тілінде көбіне әдеби немесе ағартушылық бағыттағы газеттер шықса, «Серке» нақты ұлттық мүдде мен еркіндік идеясын көтерді.
Екіншіден, «Серке» арқылы қазақ зиялыларының жаңа буыны қалыптасты. Олар саяси ой мен ұлттық жауапкершілік ұғымдарын меңгеріп, кейіннен «Қазақ», «Айқап» сияқты басылымдардың дүниеге келуіне жол ашты.
Үшіншіден, «Серке» – қазақ руханиятының еркін ойлау мектебі болды. Газет бетінде жарық көрген мақалалар халықтың ой-пікірін өзгертті, қазақтың ұлттық сана-сезімін оятты.
«Серке» газеті мен Міржақып Дулатовтың есімі – бір-бірінен ажырағысыз. Бұл екеуі – қазақ халқының рухани тарихындағы еркіндік пен оянудың символы. Газет небәрі екі-ақ нөмір шықса да, оның әсері ғасырларға жетті.
Міржақып Дулатов – халқы үшін басын бәйгеге тіккен, сөзімен де, ісімен де күрескен тұлға. Ол бастаған жол – бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның рухани іргетасы.
«Серке» – тек газет емес, ол – бір ұлттың еркіндікке ұмтылған жүрек соғысы.
Лесбай Інкәр,
ҚазҰУ-дың 1 курс студенті.
Ғылыми жетекші: ф.к.ғ.,
Доцент Р.Жақсылықбаева
- Нарша Булгакбаев
- Нарша Булгакбаев
-
- Архимед
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі