Өлең, жыр, ақындар

Қыз алып қашу – заманауи Қазақстанның күрделі мәселесі

    Қызды неке қию мақсатында алып қашу – ежелгі дәуірден келе жатқан әдет-ғұрыптардың бірі. Алайда уақыт өте келе бұл дәстүр өз мәнін жоғалтып, қазіргі таңда заңмен тыйым салынған әрекетке айналды. Зорлықпен үйлендіру, қызды еркінен тыс алып кету – адамның негізгі құқықтарын бұзу болып саналады.

Бүгінгі таңда Қазақстан заңнамасында «қыз алып қашу» жеке бап ретінде көрсетілмегенімен, мұндай әрекеттер ҚР Қылмыстық кодексінің келесі баптарымен жазаланады:

  • 125-бап – «Адамды еркінен тыс бас бостандығынан айыру»;

  • 122-бап – «Некеге тұруға мәжбүрлеу».

Егер қалыңдық некелесуге өз еркімен келісім бермесе, оны алып қашу қылмыс болып есептеледі. Мұндай жағдайлар үшін 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. 2019 жылы Қазақстанда отбасы құру мақсатында адам ұрлаудың 210 фактісі тіркелген, оның ішінде 102 дерек Түркістан облысында орын алған.

Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге ерекше назар аударып, былай деген еді:

«Елімізде қыз алып қашуды ұлттық дәстүр санап, ел ішінде дәріптегісі келетіндер бар. Бұл – мүлде ақтауға болмайтын заңсыздық, қараңғылық, тіпті масқара тірлік. Оған құқықтық баға беріліп, біржола тосқауыл қойылуға тиіс. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар». Ата жолын сақтаймыз десек, ғасырлар бойы бабаларымыз ұстанған асыл дінімізді сақтайық…» Зерттеулерге сүйенсек, «қыз алып қашу» жағдайларының 60–70%-ы еліміздің оңтүстік өңірлерінде тіркеледі. Көп жағдайда мұндай оқиғалар отбасылардың өзара келісімімен «дауды жабу» мақсатында сотқа дейін жетпейді. Бұл – құқықтық жауапкершіліктен қашудың бір көрінісі.

Қыз алып қашу мәселесінің негізгі себептері:

  • Дәстүрге қате түсінікпен қарау;

  • Қалыңмалдың жоғары болуы және әлеуметтік теңсіздік;

  • Қыздың және ата-ананың құқықтық сауаттылығының төмендігі;

  • Көпшіліктің мұндай әрекет үшін нақты жаза бар екенін білмеуі;

  • Жалпы қоғамдағы құқықтық білім деңгейінің төмендігі.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Зинуллина Айсана 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз