Өлең, жыр, ақындар

Арманға шақырған - Алматы

Алматыға алғаш келген күнім әлі есімде. Аспанды ақ мамықтай қалың қар жапқан. Қала мені құшағын кең ашып, «қош келдің» деп қарсы алғандай болды. Таудың баурайынан баяу түсіп жатқан ақ ұлпа – осы жаңа өмірімнің алғашқы беті сияқты елестеді.
Мен биыл оқуға түстім. Алматы мені дәл сол күннен бастап сынап та көрді, еркелетіп те көрді. Бірде жылатып, бірде күлдіріп, осы қаланың өзіне ғана тән мінезін көрсетті. Құбылмалы ауа райы секілді – кейде жайлы, кейде қатал. Бірақ сол мінездің әр сәті мені шыңдап, өз жолымды табуға жетелеп келеді.

Алматының көшелері қыста ерекше болады. Ақ қардың астында аппақ арманға толы әлем сияқты. Әр бұрышында мүмкіндік жасырылғандай, мен солардың арасынан өзіме тиесілі жолды іздеп жүрмін. Таңғы салқын ауа да, қардың сықыры да – осы қаламен бірге жаңа өмір басталғанын еске салатын белгі. Қар аралас таза ауа жанымды да тазартып, сенім сыйлады. Мен жалғыз емеспін. Жақындарым әрқашан жанымда - Алматыда . Бұл қала мені болашағыммен беттестіріп, арманға қарай алға сүйреп келеді.
Алматы – мен үшін жай қала емес. Бұл – жаңа бастау. 
Бұл – арманға шақырған мекен.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз