Өлең, жыр, ақындар

Жұмыссыздық мәселесі – қоғамға төнген қауіп

    Жұмыссыздық – еңбекке қабілетті халықтың бір бөлігінің тұрақты табыс көзіне ие бола алмауы нәтижесінде туындайтын әлеуметтік-экономикалық мәселе. Бұл құбылыс елдің экономикалық дамуына ғана емес, қоғамның әлеуметтік тұрақтылығына да кері әсер етеді.

Ресми деректерге сәйкес, Қазақстанда жұмыссыздардың саны 448,2 мың адамды құрайды. Оның ішінде 211,1 мыңы – ерлер, 237,1 мыңы – әйелдер. Жұмыссыздар ең көп тіркелген өңірлер: Алматы қаласы (51,9 мың адам), Түркістан облысы (40,9 мың) және Алматы облысы (35,5 мың). Ал ең төмен көрсеткіш Ұлытау облысында – 4,2 мың адам. 2024 жылы 112,6 мың қазақстандық жұмыс таба алмаған, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 37,9%-ға көп. Ел бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,6%, ауылдық жерлерде бұл көрсеткіш 4,7%-ға жетеді. Trading Economics рейтингіне сәйкес, Қазақстан жұмыссыздық деңгейі бойынша 182 елдің ішінде 74-орында тұр.

Жастар арасындағы жұмыссыздықтың негізгі себептері – экономикалық тұрақсыздық, өндіріс көлемінің қысқаруы және мамандықты дұрыс таңдамау. Мысалы, COVID-19 пандемиясы кезінде көптеген кәсіпорындар жабылып, жастар жұмыссыз қалды. Сонымен қатар, Халықаралық еңбек ұйымының зерттеуіне сәйкес, жастар жұмыссыздығы 13,6%-ға жеткен 2020 жылы қылмыс деңгейі 9%-ға артқан.

Мемлекет жұмыссыздықты азайту мақсатында «Жұмыспен қамту – 2020», «Серпін – 2050», «Дипломмен – ауылға», «Жас маман» сияқты бағдарламаларды жүзеге асыруда. Сонымен бірге инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу – мәселені шешудің маңызды бағыты. Жұмыссыздықпен күрес – тек мемлекеттің емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Әр адам өз мамандығын саналы таңдап, ел дамуына үлес қосса, бұл проблема біртіндеп азаяды.

«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Есілбаева Жанель


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер