Футбол әлемінде 7, 8, 9, 10, 11 сынды классикалық нөмірлер ерекше мәртебеге ие. Алайда соңғы жылдары алаңда 34, 47, 69 немесе 95 нөмірлерін арқалаған ойыншылар жиі көзге түсуде. Бір қарағанда қисынсыз көрінетін бұл сандардың әрқайсысының артында жеке тарих пен мағына жатыр.
Кей футболшылар ерекше нөмірді мансабының басында кездейсоқ иеленіп, соны өзіне серік етеді. Мысалы, Деклан Райс (41) пен Трент Александер-Арнольд (66) бұл нөмірлерді академияда жүргенде алған және ұзақ уақыт бойы өзгертпеген.
Тағы бір топ ойыншылар туған жылына байланысты нөмір таңдайды. Джанлуиджи Доннаруманың 99, Андрей Шевченконың 76, Роналдиньоның 80-нөмірлері – соның айқын дәлелі. Кейде қалаған нөмір бос болмай, футболшылар есепке жүгінеді. Джейдон Санчо «Манчестер Юнайтедте» 25-нөмірді 2+5=7 болғаны үшін таңдаса, Иван Саморано 18 (1+8=9), ал Марио Балотелли 45 (4+5=9) нөмірлерін осылайша алған.
Көптеген ерекше нөмірлер жақын жандарға деген құрметтен туған. Бруно Гимараэс 39-нөмірді әкесінің көлік нөміріне байланысты таңдаса, Кай Хавертц 29-нөмірді ағасының құрметіне алды. Фил Фоден 47-нөмірмен атасын еске алса, Донни ван де Бек 34-нөмірді марқұм командаласы Абдельхак Нуридің құрметіне иеленді. Бұл нөмір кейін көптеген футболшылар үшін символға айналды.
Тарихтағы ең әйгілі нөмірлердің бірі – Йохан Кройффтың 14-і. Бұл нөмірді ол кездейсоқ таңдағанымен, кейін культке айналдырды. «Аякс» клубы 14-нөмірді Кройффтың құрметіне мәңгілікке қолданыстан шығарды. Ал кей нөмірлердің себебі тіпті қарапайым. Биксенте Лизаразу 69-нөмірді туған жылы, бойы және салмағымен байланыстырса, Радамель Фалькао 3-нөмірді әкесі қорғаушы болғаны үшін таңдаған.
Футболшының арқасындағы нөмір – жай ғана сан емес. Ол естелік, құрмет, тағдыр немесе жеке философияның көрінісі болуы мүмкін. Сондықтан алаңдағы әр ерекше нөмірдің артында бір оқиға жатқанын ұмытпау керек.
«Journiverse» білім беру орталығының оқушысы: Бақи Азамат
- Виктор Франкл
- Карл Густав Юнг
- Эрих Фромм
- Ханна Арендт
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі