Өлең, жыр, ақындар

БАСҚА БӘЛЕ - ТІЛДЕН

Қазақ «Басқа бәле – тілден» дегенде, жай ғана сөзді емес, сол сөздің артындағы ойды меңзеген. Өйткені тіл – жүректің айнасы. Ал ой жеңіл болса, сөз де жеңіл, мінез де жеңіл болады. Жеңіл сөз деген не? Бұл – жауапкершілігі жоқ сөз. Айтылды да кетті. Бірақ артында біреудің көңілі қалды, біреудің сенімі үзілді, біреудің абыройы тапталды. Жеңіл ойлы адам сөздің салмағын сезбейді. Ол «әзіл ғой», «қалжың ғой», «шын емес қой» деп айта салады. Ал сол «әзілдің» біреу үшін жара, біреу үшін таңба болып қалатынын ойламайды. Қазақта: «Айтылған сөз – атылған оқ» дейді. Оқ кері қайтпайды. Сөз де солай. Жеңіл сөз көбіне өсектен басталады. Өсек – бос сананың ермегі. Айтатын ойы жоқ адам біреудің өмірін сөйлейді. Өз тіршілігіне жауап бере алмаған адам өзгенің тірлігін талқылайды. Сондықтан өсек көп жерде еңбек аз, ой аз, мақсат аз болады. Жеңіл ойлы адам бәрін тілмен шешкісі келеді. Сөгіп алады. Кінәлап алады. Мазақ етеді. Бірақ өзі бір кірпіш те қалап көрмеген. Ал ойлы адам көп сөйлемейді. Ол ісімен сөйлейді. Тыныштығымен сөйлейді. Салмағымен сөйлейді. Қазақ бекер айтпаған: «Тіл тас жарады, тас жармаса – бас жарады». Бүгінгі қоғамдағы ең қауіпті індет – ауыздағы еркіндік пен ойдағы жауапсыздықтың қосылуы. Сөйлей беру – еркіндік емес. Ойламай сөйлеу – өзгенің тағдырына немқұрайдылық. Жеңіл сөз – жеңіл мінез тудырады. Жеңіл мінез – жеңіл өмірге апарады. Ал жеңіл өмірдің соңы – бос қанағат пен ішкі күйреу. Сондықтан қазақы тәрбие ең әуелі тілді тәрбиелеуден басталған. Тіліңді түзесең – ойың түзеледі. Ойың түзелсе – өмірің түзеледі. ҮСЕН ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар