«Қайрат» — жай ғана футбол клубы емес. Бұл — қазақ футболының айнасы, Алматының жүрегі және ұрпақтар сабақтастығының символы. 1954 жылы негізі қаланған клуб содан бері «халықтық команда» атағын абыроймен арқалап келеді. Кеңес Одағы кезеңінде «Қайрат» Қазақ КСР-інің басты футбол брендіне айналды. Мәскеудің алпауыттары — «Спартак» пен «Динамоны» Алматыдағы Орталық стадионда жеңген тарихи матчтар әлі күнге дейін жанкүйерлер жадында. Евстафий Пехлеванидидің шешуші голдары мен Құралбек Ордабаевтың сенімді сейвтері клубтың алтын шежіресіне жазылды.
Инфрақұрылым және академия — клубтың болашағы
Бүгінде «Қайрат» — Қазақстан ғана емес, ТМД кеңістігіндегі ең дамыған инфрақұрылымға ие клубтардың бірі. Клуб жүйесінде бірнеше заманауи футбол академиясы табысты жұмыс істеп келеді:
Т. Сегізбаев атындағы академия — жасөспірімдер футболын дамытуға бағытталған;
Е. Пехлеваниди атындағы академия — балалар футболының іргетасын қалыптастырады.
Бұл оқу-жаттығу кешендері жас таланттардың кәсіби деңгейде өсуіне барлық жағдайды жасап, қазақстандық футболдың ертеңін дайындап отыр.
Заманауи кезең: жаңа белес
Қазіргі «Қайрат» — еуропалық стандартқа сай менеджменті бар, академия мен ұзақ мерзімді даму стратегиясына сүйенген клуб. Алматылық ұжым тек жеңіс үшін ғана емес, футбол мәдениетін қалыптастыру үшін де жұмыс істеп келеді. «Сары-қаралардың» әрбір ойыны — Алматы үшін үлкен оқиға. Стадионды жаңғыртатын «Алға, Қайрат!» ұраны ойыншыларға ерекше жігер береді. Орталық стадиондағы атмосфера — қазақстандық футболдағы ең танымал көріністердің бірі.
«Қайрат» жанкүйерлері, соның ішінде Alatau Fans, елдегі ең белсенді әрі ұйымшыл фан-қозғалыстардың қатарында. Олар команданы тек Алматыда ғана емес, сырт алаңдағы матчтарда да соңына дейін қолдайды.
Өз түлектеріне сенетін клуб
«Қайраттың» басты ерекшелігі — өз тәрбиеленушілеріне сенім артуы. Клуб академиясының түлектері бүгінде Қазақстан құрамасының негізгі ойыншыларына айналып келеді. Бұл — кездейсоқ жетістік емес, жүйелі жұмыстың нәтижесі. «Қайрат» — жеңістер мен жеңілістерден, қуаныш пен сыннан тұратын үлкен жол. Ол Алматының тауларындай асқақ, апортындай дәмді, халқы сияқты қонақжай. Бұл клубтың тарихы әлі жазылып жатыр. Ал алда — әлі талай биік белес, жаңа жеңістер мен жарқын беттер бар.
«Қайрат» барда — қазақ футболының тірегі де бар.
“Journiverse” білім беру орталығының оқушысы: Бақытжанқызы Аяулым
- Махатма Ганди
- Белгісіз
- Белгісіз
- Белгісіз
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі