Өлең, жыр, ақындар

Өшпес өнер иесі — Баян Мақсатқызы

      Қазіргі қоғамда әйел адамның әрі кәсіби тұрғыда биікке көтеріліп, әрі отбасы құндылықтарын сақтауы — үлкен жауапкершілік пен табандылықты талап етеді. Осы жолда өз еңбегімен, талантымен және қайсар мінезімен биікке көтерілген тұлғалардың бірі — Баян Мақсатқызы. Ол — өз өнерін жоғалтпай, керісінше сол өнер арқылы Қазақстанды әлемге таныта білген ерекше өнер иесі.

                                                 

Баян Мақсатқызы — қазақстандық продюсер, актриса, тележүргізуші әрі әнші. Ол 1974 жылы 9 қаңтарда Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында дүниеге келген. Балалық шағынан өнерге жақын болған Баян актриса болуды армандады. Алғашында педагог мамандығын таңдағанымен, кейін бұл жолдан бас тартып, кино факультетіне ауысып, кәсіби өнер жолын таңдады.

1993 жылы ол «Махаббат бекеті» атты мелодрамада басты рөлді сомдап, көрерменге кеңінен таныла бастады. Осы фильмнен кейін Баян телевидение саласында ұзақ жылдар бойы тілші және жүргізуші ретінде қызмет етті. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тележурналистика факультетін тәмамдап, «Таң» телеарнасында, кейін «НТК» арнасында түрлі бағдарламаларды жүргізді.

2006 жылдан бастап Баян Мақсатқызы продюсерлік қызметке бет бұрып, қазақстандық шоу-бизнеске тың серпін әкелді. Оның жетекшілігімен көптеген танымал жобалар мен жұлдыздар қалыптасты. Атап айтқанда:

  • KeshYOU тобы

  • Жанар Дұғалова

  • Ерке Есмахан

Бұл өнер иелері тек ел ішінде ғана емес, халықаралық деңгейде де танымал бола бастады.

Баян Мақсатқызы шығармашылықпен ғана шектелмей, 2017 жылы «Обо мне и не только» атты автобиографиялық кітабын жарыққа шығарды. Бұл еңбегінде ол жеке өмірі, өнер жолындағы қиындықтары мен ішкі сезімдері туралы ашық әрі шынайы баяндады. Өнер мен мәдениетке қосқан зор үлесі үшін Баян Мақсатқызы 2025 жылы 24 қазанда, 51 жасында «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағына ие болды. Марапатты ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Айда Ғалымқызы Балаеваның қолынан алды. Баян Мақсатқызы жастайынан өнерге қызмет етіп, бар ғұмырын осы салаға арнады. Бүгінде өнер — оған қызмет етіп отыр. Оның өмір жолы — табандылықтың, еңбек пен сенімнің айқын үлгісі.

“Journiverse” білім беру орталығының оқушысы: Орынбай Аружан​


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз