ДОСТЫҚ ТУРАЛЫ ОЙ
Достық – адамның рухани тірегі.
Адам баласы жалғыз жаратылмаған. Қанша мықты, қанша білімді, қанша бай болса да, адамға бір сәт тыңдайтын, түсінетін, үнсіз қолдайтын жан керек. Сол жан – дос.
Достық өмірдің сәні емес, өмірдің сүйеніші. Қазақ бекер айтпаған: «Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады» деп. Бұл сөздің астарында үлкен шындық жатыр. Шынайы дос – көңілге жағатын сөзді емес, қажет сөзді айта алатын адам.
Достық – бірге күлген сәт емес, бірге сынып көрмеген адаммен дос болдым деу де қиын. Нағыз достық қиындықта сыналады. Байлықта, мансапта, абыройда қасыңда жүрген көп болуы мүмкін, ал сүрінгенде қол созатындар – санаулы.
Жалған дос пен адал достың ара жігі.
Қазіргі қоғамда «дос» сөзі көп айтылады, бірақ салмағы жеңілдеп бара жатқандай. Әлеуметтік желіде жүздеген «дос», ал өмірде шын сыр бөлісер бір адам табу қиын.
Жалған дос сенің жетістігіңе іштей қуанбайды; мұқтаж болғанда ғайып болады; сен туралы сыртта өзгеше сөйлейді; пайда барда қасыңда, пайда кеткенде алыстайды.
Қазақтың: «Арық атқа қамшы ауыр» дегені бар, сол сияқты жалған достың сөзі адамға ауыр тиеді, өйткені ол шын ниеттен емес, ішкі есептен шығады.
Адал дос сенің қателігіңді жасырмай, бірақ адамшылығыңды таптамайды; сен жоқта да абыройыңды қорғайды; жетістігіңді өзінікіндей көреді; қиындықта ақылымен де, ниетімен де қасыңда болады. Ұлы Абайдың: «Досыңа достық – қарыз іс, дұшпаныңа әділ бол» деген сөзі адал достықтың өлшемін анық көрсетіп тұр. Досқа адалдық – міндет, ал ол міндеттің түбі – әділет пен ар.
Неге бүгін шынайы достық азайып барады? Бұл сұрақтың жауабы ауыр, бірақ шын. Біріншіден, пайдаға негізделген қатынас көбейді. Көп адам «кім маған не береді?» деген өлшеммен жақындайды. Мұндай жерде шынайылық емес, есеп жүреді.
Екіншіден, уақыттың жылдамдығы. Адамдар тыңдауға емес, сөйлеуге асығады. Түсінуге емес, үкім айтуға бейім. Үшіншіден, өзін көрсету мәдениеті. Әлеуметтік желіде бәрі бақытты, бәрі мықты. Ал әлсіздігіңді көргісі келетін, қабылдайтын адам азайып барады. Сол себепті шынайы достық сирек, бірақ құнды. Ал сирек нәрсе – әрқашан қымбат.
Шын дос қандай болуы керек? Халық даналығы мен өмір шындығын тоғыстырып айтсақ, шын дос: адал – сөзі мен ісі екі түрлі емес; әділ – саған бола шындықтан аттамайды; жанашыр – сенің жаныңның жарасын өзінікіндей сезеді; мейірімді – сөзімен емес, ниетімен жылатады емес, жұбатады.
Аристотель: «Дос – екінші менің» деген. Ал Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадисінде: «Адам досының дінінде болады» делінген. Яғни, дос – тек серік емес, адамды өсіретін де, құлататын да күш.
Ой түйіні...
Дос көп болсын деп емес, досың шын болсын деп тілеу керек. Бір адал дос – жүз таныстан артық. Достық – өзара пайда емес, өзара жауапкершілік. Оны сақтау – үлкен еңбек, үлкен сабыр, үлкен адамгершілік.
Егер өміріңізде шын досыңыз болса – шүкір етіңіз. Ал егер сіз біреуге шын дос бола алсаңыз – бұл одан да үлкен бақыт.
«Жақсы дос – жан азығы» дейді халық. Сол жан азығын қадірлей білейік, асыл достар.
ҮСЕН ЖАҚСЫЛЫҚҰЛЫ
- Махатма Ганди
- Белгісіз
- Белгісіз
- Белгісіз
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі