Өлең, жыр, ақындар

Білімнің бағасы: менің алғашқы 50 000 теңгем

 

     

«Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» демекші, білім — адам өміріндегі ең құнды дүние. Білімсіз адамның болашағы қараңғы, өмірі мәнсіз болмақ. 

    Осы білім тақырыбы аясында, өзімнің 9-сынып кезінде білім арқылы қалай 50 000 теңге иегері атанғанымды айтып өтпекпін.

   9-сынып кезінде Жамбыл облысы бойынша 9-11 сынып оқушылары арасында «Тарихы терең Таразым»  атты ауқымды байқау ұйымдастырылды. Байқау екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңінде ауданнан облысқа жолдама алу қажет, ал ол үшін үш түрлі жанрдағы үш кітапты 1 ай ішінде оқып аяқтау қажет болды. Солайша мен қазақ балалар әдебиетінен Әлдихан Қалдыбаевтың «Мен апамның баласымын»,  әлем балалар әдебиетінен  Марк Твеннің «Том Сойердің басынан кешкендері»  және тарихқа қатысты «Ежелгі Қазақстан тарихы» атты кітаптарды оқуға кірісіп кеттім.

   Үш кітаптың үшеуі де өте қызықты әрі әсерлі болды. Үшеуінің ішіндегі ең үлкен кітап — «Ежелгі Қазақстан тарихы» кітабында орта ғасырға дейінгі өте көп аңыздар мен әңгімелер баяндалған. Бұл кітапты оқи отыра, ежелгі заманның тарихына қызығып, түрлі адамдар мен аңыздар жайында білдім. Бұл кітаптың ерекшелігі — кітаптағы ешқандай кейіпкерлер және әңгімелер ойдан құрастырылмағаны деп санаймын.

   Келесі кітап — «Том Сойердің басынан кешкендері». Алғашында өте түсініксіз басталғанымен, кейін өте қызыға оқыған болатынмын. Бұл кітаптың ерекшелігі де сол — кейде түсініксіз болғанымен, қиялмен араласқан қызығы бар.

     Ал, үшінші кітап — «Мен апамның баласымын». Бұл кітап Алданыш есімді кішкентай баланың атынан жазылған. Кітапта қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, отбасылық және рухани  құндылықтары көркем суреттелген. Осы кітапты оқи отыра мен бас кейіпкер Алданыштың  иті өлгенінде көз жасыма ерік берген болатынмын.

    Осы үш кітапты да, оқып аяқтаған соң қазақ тілі және әдебиеті пәні ұстазым Мылтықбаева Аягөзбен бірге Қаратау қаласына жарысқа келдік. Барлық кітаптарды жақсылап оқып, кейіпкерлерін жатқа білгеннен соң, өзіме толықтай сенімді болдым. Жарыста комиссия мүшелерінің  үш кітаптан қойған үш түрлі сұрағына мүлтікпей жауап беріп, облысқа жолдама алдым.

    Облыстық кезең біршама уақыттан соң Тараз қаласында өткізілді. Барлығымызды кезек бойынша, ішке шақырып отырды. Кезегімді ұзақ күткеннен соң, ішке кірдім. Ол жерде де комиссия мүшелері үш сұрақ қойды. Сұрақтар Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама», «Аңырақай» шайқастары және қазақтың дәстүрі «құйрық-бауыр асату» жайында болды.

    Барлық қатысушылар аяқталған соң, нәтиже шыққанға дейін бізді Тараз қаласындағы Шерхан Мұртазаның мұражайына алып барды. Ол жерде біз Шерхан Мұртазаның өз қолымен жазған күнделігін оқып, бас киімін киіп көрдік. Біраз уақыттан соң, нәтижелерді жариялау үшін барлығымыз мейрамханаға келдік. Ол жерде бізге арнап түрлі өнерлер көрсетіліп, дәмдер татылды. Кейін жарысты ұйымдастырушы кісілердің біреуі өзінің қалай ауыл кітапханасындағы барлық кітаптарды оқып шыққаны жайында әңгімеледі.

     Осылайша, нәтижені жариялайтын уақыт келді. Көптеген қатысушыларға қатысқаны үшін сертификат және этно стильдегі сөмкелер сыйға тартылды. Ал, менің  қоржыныма түскені — «жас тарихшы» номинациясы және 50 000 теңге ақшалай сыйлық. Осылайша, мен ерекше тәжірбие өткіздім.

     Осы байқау арқылы түсінгенім, кітап және білім — адамның рухани азығы. Алғашында бұл байқауға еш аяғым тартпаса да, кейін қатысқаныма еш өкінген жоқпын!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз