Маңғыстау облысы, Ақтау қаласындағы «Қартбай Бекжанов атындағы №10 жалпы білім беру мектебі» КММ-де ұлттық құндылықтарды ұлықтап, ырыс пен ынтымақты дәріптейтін әз-Наурыз мейрамы кең көлемде, ерекше мазмұнда атап өтілді. 20 наурыз күні ұйымдастырылған бұл тағылымы мол мерекелік шара мектеп ұжымының ауызбіршілігін арттырып, қазақ халқының бай мұрасы мен салт-дәстүрін жаңғыртуға бағытталды.
Мерекелік кештің шымылдығы мектеп директоры Курмангазиева Р.К.-ның жүрекжарды құттықтау сөзімен ашылды. Ол өз сөзінде Наурыз мейрамының терең тарихи және рухани маңызына тоқталып, бұл күннің тек табиғаттың жаңаруымен ғана емес, адам баласының да жаңарып, ізгілікке бет бұратын кезең екенін атап өтті. Ұжымға амандық, бірлік, еңбекте табыс тілеп, осындай игі шаралардың тәрбиелік мәні зор екенін ерекше жеткізді.
Іс-шара әрі қарай қазақ тілі мен әдебиеті пәні бірлестігінің жетекшісі Светлана Қойшыбаевнаның ұйымдастыруымен жоғары деңгейде жалғасын тапты. Бағдарлама мазмұны ұлттық рухқа негізделіп, әрбір көрініс пен қойылымда халқымыздың салт-санасы, әдет-ғұрпы кеңінен көрініс тапты.
Сахна төрінде әжелер ансамблі өнер көрсетіп, халық әндерінен шашу шашты. Олардың орындауындағы әуезді хор көрермендердің көңілін тебірентіп, ерекше әсер сыйлады. Сонымен қатар ұстаздар ұжымы да белсенділік танытып, ән шырқап, ұлттық билер билеп, кештің ажарын аша түсті. Әрбір қойылым ұлттық нақышта өріліп, қазақ халқының бай мәдениеті мен өнерін кеңінен насихаттады.
Шара барысында ұлттық салт-дәстүрлерге ерекше көңіл бөлінді. Соның ішінде сахналық қойылым ретінде құда түсу дәстүрі әсерлі түрде көрсетілді. Екі жақтың танысуы, үлкендердің келісімі мен батасы, жөн-жоралғылардың орындалуы көркем әрі мазмұнды бейнеленіп, көрермендерге ұлттық тәрбиенің мәнін терең ұғындырды.
Сонымен қатар ұрын бару дәстүрі де таныстырылып, оның мәні мен ерекшеліктері түсіндірілді. Бұл дәстүрдің қазақ халқының отбасылық құндылықтар жүйесіндегі орны, үлкендердің рұқсаты мен жөн-жоралғыларға негізделген тәрбиелік қыры көрерменге жан-жақты жеткізілді.
Бұдан бөлек, тұсау кесер рәсімі де ұйымдастырылып, оның тәрбиелік мәні, баланың өмір жолындағы алғашқы қадамына берілетін ақ тілектердің маңызы жан-жақты баяндалды.
Ұстаздар қауымы ұлттық киім үлгілерін де көпшілікке таныстырып, қазақ халқының сәндік өнерін паш етті. Түрлі ою-өрнекпен көмкерілген камзолдар, шапандар, ұлттық әшекей бұйымдар көрермен назарын аударып, ерекше әсер қалдырды.
Мерекелік бағдарлама ұлттық ойындармен жалғасын тауып, қатысушылардың белсенділігін арттырды. Арқан тарту, ләңгі тебу, гир көтеру сияқты сайыстар ұйымдастырылып, ұстаздар өзара бақ сынасты. Бұл ойындар ұжым арасында достық пен ұйымшылдықты нығайтып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Сонымен қатар мектеп ауласында киіз үй тігіліп, ұлттық дастархан жайылды. Қонақтарға қазақтың дәстүрлі тағамдары ұсынылып, ерекше құрмет көрсетілді. Мерекеге арнайы шақырылған зейнеткер ұстаздар қатысып, ақ баталарын беріп, өздерінің өнегелі сөздерімен бөлісті. Бұл – ұрпақтар сабақтастығының айқын көрінісі болды.
Аталған іс-шараның ерекшелігі – мерекенің тек ұстаздар мен мектеп ұжымы арасында ұйымдастырылуы. Бұл ұстаздардың өзара ынтымақтастығын арттырып, шығармашылық әлеуетін ашуға және бірлігін нығайтуға зор мүмкіндік берді.
Жалпы алғанда, Наурыз мейрамы аясында өткен бұл шара мазмұны бай, тәрбиелік мәні жоғары, ұйымшылдығы жарасқан мереке болды. Ұлттық рухты жаңғыртып, салт-дәстүрге деген құрметті арттырған бұл игі іс-шара мектеп ұжымының бірлігін бекемдеп, әр қатысушының жүрегінде жылы әсер қалдырды.
- Айсұлтан Сейітов
- Бернард Шоу
- Марк Твен
- Белгісіз
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі