Бұқаралық сын қазіргі әдебиеттанудың ең аз зерттелген және жүйеленбеген саласына жатады. Дегенмен, сынның бұл саласы бүгінде қарқынды дамуда. Зерттеушілер соңғы жылдары әлеуметтік желінің ықпалы айтарлықтай күшейіп, желіде қарым-қатынастың заманауи форматтары қалыптасып, әдеби процеске әсер ететін коммуникацияның жаңа мүмкіндіктері пайда болғанын айтады. Әртүрлі әлеуметтік желілер оқырман пікірін білдіруге арналған жаңа, ашық алаңға айналды.
Бүгінде әрбір пайдаланушы оқыған кітабына пікір қалдырып, әсерімен бөлісе алады және кері байланыс ала алады. Оқырман үні – аудиторияны тартудың ең заманауи тәсілі. Әрине, мұның өз артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Бір жағынан, Интернеттегі оқырман сыны әдебиетті кез-келген әлеуметтік желі қолданушысына қолжетімді етеді, адамға өзін әдеби сыншы рөлінде сынап көруге көмектеседі. Екінші жағынан, Интернеттегі көптеген оқырман пікірлерін рецензия деуге келмейді, өйткені олар субъективті және пікір білдірушінің сол сәттегі эмоциясымен жазылған болуы мүмкін. Әдетте, оқырмандар өз әсерлерімен бөлісуге асығады, сондықтан мұндай пікірлерден біз мәтінге деген терең көзқарасты, салмақты талдауды көрмейміз.
Бұқаралық сындағы пікір авторлары – әдебиетпен кәсіби түрде айналыспайтын әуесқой оқырмандар. Интернеттегі пікірлер көп жағдайда оқырман қызығушылығының нақты бейнесін қалыптастырады және бұдан бөлек, зерттеушілер мен кәсіби сыншыларға оқырмандардың қызығушылығын айқындап, талдауға көмектеседі. Оқырман талғамы, пікірі туралы орыс ғалымы А. В. Герасимова: «Пока филологи исследуют тексты, историю и обстоятельства их написания, читатели живут совершенно другой жизнью. Люди читают совершенно другие книги − не те, что рекламируются, и не те, что мы привыкли изучать в университете, и даже не те, что получают премии. Люди создают библиотеки из тех книг, о которых мы ничего не знаем, собираются в сообщества фанатов книги, имя автора которой заставит филолога, даже занимающегося современной литературой, недоуменно поднять бровь», - дейді.
Кәсіби сыншылардың рецензиялары дәстүрлі форматта жазылады. Кәсіби сыншы мәтіннің ерекшеліктері, автордың көркемдік стилі және т.б. мәселелерге пікір білдіреді. Сыншы өз көзқарасын ғылыми тұрғыда дәлелдеп, шығарманың артықшылықтары мен кемшіліктерін көрсетеді, объективті баға береді. Сыншылар бейтарап және ұстамды, әдетте, мақаланың қорытынды бөлімінде талданған материалдан нәтиже шығаруға тырысады.
Ал бұқаралық сында оқырман пікірі субъективті болып келеді. Сонымен қатар, Интернетте жағымды рецензиялар басым. Себебі, оқырмандар тек өздеріне ұнаған шығармаларға пікір білдіреді. Дегенмен, оқырмандар шығарма ұнамағанын, нақты қай тұсы ұнамағанын да ашық жазады. Пікірлерден желі қолданушысының ойын ашық айтып, өзгелерді шығарманы оқуға немесе мүлде оқымауға шақыруын, «үндеу» айқын жүретінін байқаймыз.
Түйіндесек, бүгінгі әдеби ортада кәсіби сын мен бұқаралық сын бір-бірін толықтырып тұрған екі түрлі бағыт іспетті. Бірі — салмақты талдау мен ғылыми жүйеге сүйеніп, әдебиеттің көркемдік деңгейін қадағаласа, екіншісі — қарапайым оқырманның тікелей әсері мен жедел пікіріне арқа сүйеп, кітапты қалың бұқараға жақындата түседі. Әлеуметтік желідегі сын ешқандай қасаң қағидаларға бағынбай, оқырманның ойын, сезімін еркін жеткізуінен тұрады. Оқырман мен автор арасында тікелей байланыс орнатуға болады. Тіпті майталман сыншылардың өздері де әлеуметтік желілерде академиялық қалыптан шығып, қарапайым тілмен сөйлесуге көшеді. Осы екі жақтың қатар өмір сүруі қазіргі әдебиеттің тек тар шеңберде қалып қоймай, жан-жақты дамуына, оқырман талғамының түрленуіне үлкен септігін тигізеді.
Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.
- Азамат Төре (авторлық өңдеу)
- Шәкәрім Құдайбердіұлы
- Азамат Төре
- Абдраманов Арсланбек
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі