Өлең, жыр, ақындар

Түйме қыз

Ертеде бір перзент көрмеген әйел болды. Балам болса деген ой жатса-тұрса көкейінен шықпады. Бірақ жоқ баланы қайдан алады. Күндердің күнінде әлгі әйел өзі сиқыршы, балгер кемпірге келіп:

– Менің жатсам да, тұрсам да ойлайтыным бір перзент болды. Оны қайдан табуға болады, сен соны айтып берші, – деді.

– Несі бар, айтсам айтайын! – дейді сиқыршы кемпір. – Мә, мынау арпаның дәні, бұл жай дән емес. Диқан жерге сеуіп немесе тауығына беретін арпа деме; мұны гүл өсіретін құмыраға отырғыз, сосын не болатынын өзің-ақ көресің! Әйел сиқыршы кемпірге «рақметін» жаудырып, он екі скиллинг берді де, үйіне келіп, арпаның дәнін гүл егетін құмыраға екті. Сол сол-ақ екен, әлгі дәннен қызғалдаққа ұқсас ғажап гүл өсіп шыға келді. Гүлдің жапырақшалары әлі ашыла қоймаған гүл қауызы сияқты жиырылып тұрады.

– Қандай ғаламат гүл! – деді де әйел оның сарғылт жолақ түскен қып-қызыл жапырақшасынан сүйіп алды.

Сол мезет бірдеме тырс ете қалды да, гүл қауызы ашылып кетті. Бұл нағыз қызғалдақ екен. Оның нақ ортасындағы жасыл текшеде түймедей ғана қыз отыр. Өзі соншалық нәзік, үлкендігі түймедей-ақ. Оның Түйме қыз аты содан шығады.

Грек жаңғағының жалт-жұлт еткізіп лак жалатқан қауашағы оған бесік болса, көгілдір фиалка гүлі төсенішке жарады. Ал райхан гүлінің бір жапырақшасын көрпе етіп жамылды. Бесігіне ол түнде ғана жататын. Ал күн ұзын стол үстінде ойнап жүретін. Әлгі әйел стол үстіне тәрелкемен су қойып, оның ернеуіне гүл шоқтарын салып қояды. Гүлдердің ұзын сабақтары суға малшынып жатады. Ал судың жиегінде қызғалдақтың үлкен бір жапырақшасы қалқып жүреді. Түйме қыз сол гүл жапырақшасына мініп алып тәрелкенің ол шетінен бұл шетіне дейін жүзіп, ескек орнына ат құйрығынан жұлып алынған екі тал ақ қылды пайдаланды. Осының бәрі қандай керемет еді десеңдерші! Түйме қыз сызылтып ән де салатын. Мұндай нәзік те сүйкімді дауысты бұрын-соңды тірі жан естімеген еді! Бір күні түнде Түйме қыз қаннен-қаперсіз бесігінде ұйықтап жатқанда, өзі сондай ұсқынсыз, үсті-басы алпы-салпы үлкен бақа сынған терезенің тесігінен кіріп келді. Ол ал қызыл гүл жапырағын жамылып, Түйме қыз ұйықтап жатқан столдың үстіне секіріп түсті.

– Міне, міне, балама әйел де табылды! – деді де бақа жаңғақтың қабығын алды да, терезеден бауға қарай қарғып түсті.

Ол жақта үлкен, енді өзен бар еді. Оның жағалауы ылғи лайсаң болып, балдыр басып жататын. Бақа мен баласы осы жерде тұрады екен. О-ой! Баласы да сондай сиықсыз да жағымсыз екен! Тура шешесін сойып қаптап қойғандай.

Жаңғақ қабығында отырған құртақандай сұлуды көргенде оның:

– Коакс, коакс, брекке-ке-кекс! – дегенге ғана тілі келді.

– Жай сөйле! Әйтпесе оянса бізден қашып кетеді, – деді қарт бақа. – Бұл аққудың жүнінен де жеңіл! Мұны өзеннің ортасына үлкен бір құмыра гүлге түсіріп жіберейік. Бұл үшін гүл жапырағы үлкен бір аралмен тең. Әрі ол жерден қашып та кете алмайды. Ал оған дейін біз анау, төмендегі ұямызды жиыстырып келеміз. Өйткені енді сендер сонда тамаша өмір сүресіңдер ғой.

Өзенде құмыра гүл өте көп өсетін. Олардың жаялықтай жалпиған жасыл жапырақтары су бетінде қалқып тұрады. Солардың ішіндегі жағалаудан ең әрірек жатқаны үлкен жапырақ еді. Бақа сол жапыраққа жүзіп барды да, үстіне ішінде қыз бар қабықты қойды.

Бейшара болған титімдей қыз таңертең бір-ақ оянды.

Оянды да, өзінің қайда тап болғанын көргенде еңіреп жылап қоя берді. Өйткені төңірегі түгел телегей теңіз су, құрғаққа шығу мүмкін емес еді.

Кәрі бақа төменде, су астындағы ұясын жиыстырып, жас келін үшін үйін құрақпен, сарғылт құмыра гүлмен әшекейлеумен әуреленіп жатты. Содан келіп ол өзінің ұсқынсыз ұлымен бірге Түйме қыз отырған жапыраққа жүзіп келді. Ондағы ойы қыздың әдемі төсегін алып барып қалыңдықтың отау үйіне салу еді. Кәрі бақа суда отырып қызға барынша еңкейе түсті де:

– Менің балам, сенің болашақ күйеуің, міне, мынау! Сендер біздің үйімізде қызықты өмір сүріп кетесіңдер.

– Коакс, коакс, брекке-ке-кекс! – дегенге ғана тілі келді баласының.

Сөйтіп олар қыздың әдемі төсегін алды да, жүзе жөнелді. Ал жасыл жапырақтың үстінде жападан-жалғыз қалған қыз көз жасын көл қылды. Қыздың сұмырайдай бақаның үйінде тұрып, оның жексұрын ұлына мүлде күйеуге шыққысы жоқ еді. Су астында жүзіп жүрген кішкентай балықтар бақаның баласымен жүргенін де, олардың айтқан сөзін де түп-түгел естіген. Өйткені құрттай қалыңдықты көру үшін бәрі де судан бастарын қылтитып қарап алған. Олар қызды көріп, мынадай сүп-сүйкімді кішкентай қыз енді су астында қаусаған кәрі бақаның інінде тұратын болды-ау деп бейшараны қатты аяды. Бұған жол беруге болмайды.

Балықтар төменде, гүл сабағының төңірегіне топырлап жиналып алды да, оны мүжіп-мүжіп тез-ақ қиды. Сөйтіп, үстіне қыз мінген жапырақ ағыстың ығына қарай жүзіп, ұзап бара жатты... Енді бақа тырнақтай қызға қайтсе де жете алмайтын еді!

Түйме қыз әсем жағалаулардың жанымен жүзді,бұталарға қонып отырған кішкентай торғайлар оны көргенде:

– Қандай жақсы қыз! – деп әндетті.

Жапырақ сол жүзгеннен жүзе берсін. Осылайша Түйме қыз шетелге өтіп кетті.

Сондай көркем ақ көбелек қызды айналып көп ұшты, ақыры келіп жапыраққа қонды. Себебі ол Түйме қызға қатты қызықты. Ал қыздың да қуанышында шек болмады. Тырбаңдаған тырық бақа енді оған жете алмайды, төңірек түгел сұлулық! Суға түскен күн сәулесі алтындай жарқырайды! Түйме қыз белдігін шешіп алды да, оның бір ұшын көбелекке, бір ұшын гүл сабағына байлап еді, жапырақ бұрынғысынан да жылдам жүзетін болды.

Жанынан ұшып өтіп бара жатқан зауза қоңыз қызды көре салып, оның қылдырықтай белінен қапсыра құшақтаған күйі ағаштың басына қарай алып кетті. Соңынан көбелек те жөнелді. Өйткені оны жапырақтың сабағына белбеумен таңып қойған еді ғой.

Өзін қоңыз ағаш басына ала жөнелгенде, бейбақтың зәре-құты қалмады. Әсіресе ол өзі жапырақтың сабағына байлап қойған әдемі көбелекті аяды. Енді ол босанып кетпесе аштан өлетін болды. Бірақ зауза қоңыз уайым-қамсыз еді.

Ол тырнақтай қызды көтерген бойы ұшып ең үлкен жасыл жапыраққа қонып алды да, оны гүл шырынымен тамақтандырды. Сосын кішкентай қыздың зауза қоңызға мүлде ұқсамағанымен сондай әсем екенін айтты.

Содан кейін бұларға осы ағашты мекендейтін басқа заузалар келіп қайтты. Олар қызды басынан аяғына дейін түгел сүзіп қарады. Сосын бәйбіше қоңыз мұртын жыбырлатып былай деді:

– Мынаның екі-ақ аяғы бар. Өзіне қараудың өзі аянышты!

– Қарай гөр, өзінің мұрты да жоқ!

– Белі қандай жіңішке! Фи! Адамнан аумайды. Қандай көріксіз! – деді бір ауыздан ұрғашы қоңыздар.

Түйме қыз теңдесі жоқ сүйкімді жан еді! Оны алып келген зауза қоңыз да әуелде өлердей ұнатқан. Бірақ төңірегіндегілердің бәрі де ол сондай бәденсіз дей берген соң, енді ол да тезірек үйінен шығаруды ойлады. Кетсін, қайда барса онда барсын. Ол қызды тағы да қапсыра құшақтаған күйі ұшып төмен түсті де, шытыр гүліне апарып отырғызды. Сол сол-ақ екен, тырнақтай қыз: «Мен сондай көріксіз екем, тіпті зауза қоңыздар да бірге тұрғысы келмейді», – деп ал жыласын! Ал шындығында ол аса ғажап жаратылған райхан гүліндей соншалық нәзік те сүйкімді еді.

Түйме қыз орман ішінде бүкіл жаз бойы жападан-жалғыз өмір сүрді. Ол өзі үшін бесік тоқып алды да, оны етектей түйе жапырақтың астына ілді. Онда жаңбыр тимейтін. Тырнақтай қыз гүлдің тіл үйіретін тәтті тозаңын жеп, күн сайын жапыраққа тұрып қалатын шықтан ішетін. Осылай жаз бен күз де өтті. Бірақ қылышын сүйретіп қыс та келіп қалды. Әнші құстар кетіп, гүлдер де, бұталар да солды. Түйме қыз паналап жүрген үлкен түйе жапырақ та сарғайып, қурап, түтік сияқтанып ширатылып қалды. Ал тырнақтай қыз тоңғанда жанын қоярға жер таппады. Көйлегі де әбден тозды. Өзі де кіп-кішкентай, нәзік-ақ еді. Аязға қалай төтеп берсін! Қар түсті. Жапалақтап жауған қардың әр түйіршігі ол үшін бізге бір күрек қар қалай көрінсе солай көрінуші еді. Біз үлкенбіз ғой. Ал ол түймедей ғана қыз! Қаудыраған құрғақ жапыраққа оранып алып еді, оның да жылуы жоқ екен. Тұла бойы қалтырап кетті. Ол мекен еткен орманның жанында үлкен егістік бар еді. Оның егісін әлдеқашан жинап алған, тон болып қатқан аңыздан егіннің қураған сабағы ғана қылтиып көрінетін. Ал Түйме қызға бұл бейне ну ормандай елестер еді. Уһ! Суық қандай дірдектетіп барады десеңдерші?! Байғұс қыз тышқанның ініне келді. Ол есік орнына құрғақ сабан мен қылтанақ шөп пайдаланыпты. Тышқанның тамағы тоқ, жатақ орны жылы екен. Қуыс-қуысты түгел дәнге толтырып алыпты. Ac үйі мен қамбасы аузы-мұрнынан шыққан азық! Түйме қыз тышқанның табалдырығына келіп қайыршы сияқты бір түйір арпа бер – деп жалынды. Екі күннен бері нәр татқан жоқ еді.

– Ой, бейшара! – деді тышқан. Ол болмысында қайырымды кемпір еді. – Бері кір, кіре ғой. Әуелі жылынып ал, сосын менімен бірге отырып тамақтан!

Тышқанға қыз ұнап қалды. Сонда тышқан:

– Сен осы жерде қыстап шықсаң да болады. Тек менің бөлмелерімді тап-тұйнақтай етіп жинап, ертегі айтып беріп отырсаң жетеді. Мен өзім ертегіге керемет құмармын, дейді.

Сөйтіп Түйме қыз тышқанның айтқандарын екі етпей орындап, жайлы өмір сүріп жатты.

– Бізге жақында қонақ келеді, – деді бірде тышқан.

Менің көршім аптасына бір рет мейман болып кететін әдеті бар. Ол менен әлдеқайда ауқатты. Залдары да ересен кең, өзі ғажап барқыт тон киіп жүреді. Егер соған күйеуге шығып алсаң ғой, шіркін! Онда керім өмір сүрер едің! Бар кемшілігі көрсоқырлығы, сені көре алмайды. Бірақ сен білетін бар жақсы ертегілеріңді айтып бересің ғой.

Бұл әңгіме қыздың қаперіне де кірген жоқ. Өйткені көрші көртышқанға тисем деген ой оның түсіне де кіріп шыққан емес. Айтса айтқандай, артынша-ақ көртышқан меймандыққа келді. Оның қап-қара барқыт тон киіп жүретіні, әрі бай, әрі білімді екені де рас еді. Үй иесі тышқанның айтуына қарағанда, көртышқанның қонысы мына қыз тұрып жатқан үйден жиырма еседей ауқымды. Бірақ ол күннің шуағын да, әсем гүлдерді де жаратпайтын. Ылғи ғайбаттап отыратын. Өйткені ол күн сәулесін де, әсем гүлдерді де ғұмырында көрген емес. Ән айтуына тура келген соң қыз «Зауза қоңыз ұша ғой» және «Монах шықты шалғынға» деген екі ән салып берді. Оның әнді сондай әсерлі айтқаны сонша, көртышқан сол заматта-ақ ғашық болды. Бірақ ол бұл жөнінде ләм-мим деп тіс жармады. Себебі ол өте ұстамды да салауатты мырза еді.

Көртышқан тақауда өз үйінен көрші тышқанның есігіне дейін жер асты көшесін қазды да, көршісі мен әсем қыз алаңқайда қанша серуендеймін десе де рұқсат берді. Көртышқанның бар айтқаны онда өліп жатқан құстан қорықпаңдар деген сөз болды. Бұл қауырсыны да, тұмсығы да бар нағыз құстың өзі еді. Бейшара құс, сірә, үсіп өлсе керек. Қыз құсты қатты аяп кетті. Ала жаздай сан құбылтып әдемі ән салып берген сүйкімді құстарды қыз өте жақсы көретін еді. Бірақ көртышқан құсты мыртық аяғымен әрі ысырып тастады да:

– Енді ысқыра қоймас! Тықылдақ болып туу қандай қорлық! Әйтеуір, менің балаларымның ондай болмағанына құдайға шүкір. Торғайдың шықылықтаудан өзге білері бар ма? Үсіп өлмегенде нетсін!

– Иә, иә, сөзіңіз ақиқат. Даналық сөзді тыңдау да ғанибет, – деді көршісі. – Сол шықылықтағаннан не пайда! Қыста аяз бен аштыққа ұрындырады. Өзге не берер дейсің. Мен басқа жақсылығын көріп тұрғаным жоқ!

Түйме қыз жұмған аузын ашпады. Тек көртышқан мен кемпір тышқан теріс айналған кезде қыз құстың қауырсындарын олай-былай ысырып қойды да, еңкейіп барып, жабық тұрған көзінен сүйіп алды. «Бәлкім, жазда сондай ғажап сайраған құстың тап өзі шығар!деп ойлады қыз. Сен мені қаншама қуанышқа кенелттің, сүйікті де сұлу құс!»

Көртышқан інінің төбесіндегі саңылауды тағы да тығындап тастады да, қыз бен кемпірді шығарып салды. Бірақ қыз түні бойы кірпік ілмеді. Ол төсегінен тұрып алды да, құрғақ қылтанақтан үлкен әдемі кілем тоқыды. Сосын оны жер асты жолына алып барып өлген құсты орап тастады. Содан кейін тышқанның үйінен құстың мамығын тауып алды да, сызды жерде жатқанда жылылау болсын – деп қарлығашты қымтап қойды.

Қош бол, сүйкімді құсым, – деді Түйме қыз. – Қош! Ағаш атаулы жап-жасыл болып, күн сондай жарқырап тұрған жаз айында әсем ән салып бергенің үшін рақмет саған!

Басын иіп құстың кеудесіне басты да, шоршып түсті. Оның ішінде бірдеме дүрсілдеп тұрды. Бұл құстың жүрегі еді. Ол өлген жоқ еді. Суықтан жаны кетіп жатқан. Енді бойы жылынған соң жаны кірді.

Күзде қарлығаштар жылы жаққа ұшып кетеді. Егер бірлі-жарымы кешеуілдеп қалса суыққа шыдамай сіресіп құлап түседі де, жауған қардың астында қалады.

Үрейленген қыз қалш-қалш етеді. Өйткені құс өзімен салыстырғанда алып сияқты еді. Бірақ сонда да бар батылдығын жиып, қарлығашты қымтай түсті. Сосын жүгіріп барды да, өзі көрпе орнына жамылып жүрген жалбызын әкелді де, қарлығаштың басына жапты.

Келер түні Түйме қыз ұрлана басып, тағы да қарлығашқа жетті. Ол кәдімгідей тіріліп қалыпты, бірақ түк әл-дәрмені жоқ екен. Шам орнына кішкентай кесектің сынығын ұстап, нақ алдында тұрған қызды көрейін – деп еді, көзін әзер ашты.

– Мың мәртебе рақмет саған, сүйкімді кішкентай қыз! – деді әлжуаз қарлығаш. Мен сондай жақсы жылындым. Енді көп ұзамай-ақ оңалармын. Сосын тағы да күн көзіне ұшып шығамын.

– Ах, – деді қыз, – қар жауып тұр, күн өте суық! Одан да жылы орныңнан қозғалма, керегіңді мен әкеліп тұрайын.

Түйме қыз оған гүл жапырақшасына құйып су да әкеліп берді. Суды ішіп алғаннан кейін қарлығаш өзінің қанатын бұтаға қалай соғып жарақаттап алғанын, сондықтан өзге қарлығаштармен бірге жылы жаққа ұшып кете алмағанын, сол құлаған күйі жатып қалғанын айтып берді. Ол одан арғысын есіне түсіре алмады. Тап бұл жерге қалай келгенін де білмейтін.

Қарлығаш осы жерде қыстап шықты. Ал Түйме қыз оны күтумен болды. Мұны көртышқан да, сұр тышқан да сезбеді. Олардың құсты өлердей жек көретінін білесіңдер ғой.

Көктем келіп күн жылынған соң, қарлығаш та қызбен қоштасты. Түйме қыз ол ұшып шығу үшін көртышқан тескен саңылауды ашып берді.

Күн жарқырап тұр еді. Қарлығаш қыздан: «Менімен бірге ұшқың келмей ме, – деп сұрады. –Ұшамын десең мін, арқама. Жасыл орманға тартып отырамыз!»

Бірақ Түйме қыз сұр тышқанды тастап кеткісі келмеді. Өйтсе ол кәрі тышқанның қатты күйінетінін жақсы білетін.

– Жоқ, олай етуге болмайды! – деді қыз қарлығашқа.

– Қош, қош бол, сүйкімді құрттай қыз, – деді де қарлығаш күнге қарай самғап ұша жөнелді.

Түйме қыз ол ұшып кеткен жаққа телміріп қараған күйі қалды. Оның көзін жас торлады. Ол мүсәпір болған құсқа әбден бауыр басып кеткен еді. Қарлығаш: «Убей-бит, үбей-бит!» – деп шықылықтап қоштасты да, жасыл орманға сіңіп кетті.

Қыз қатты мұңайды. Оның күн көзіне шығуына мүлде рұқсат бермеді. Ал егістікке жұп-жуан масақты егін қаптап шықты. Бұл бейшара қыз үшін мүлгіген қалың орманнан бір де кем емес еді.

– Жазда енді сен өзіңе жасау әзірлеуің керек! – деді оған сұр тышқан.

Сөйтсе барқыт тон киген бай көршісі қызға құда түсіпті.

– Сенің бар керегің жеткілікті болуы тиіс, ал сосын көртышқанға күйеуге шықсаң жоқшылық деген түсіңе де кірмес!

Содан бастап қыз бейбақ ертеден қара кешке дейін жіп иіретін болды. Ал кемпір тышқан төрт бірдей өрмекшіні жалдап, күні-түні өрмек тоқыды.

Көртышқан сұр тышқанның үйінен шықпайтын болды. Әр кеш сайын келіп айтатыны бір-ақ әңгіме жақында жаз да аяқталады. Күн де жерді қазіргідей шыжғырмайтын болады. Әйтпесе жер тастай қатып қалды. Біз де сол кезде тойымызды жасаймыз. Бірақ қыз түк те қуанған жоқ. Оған енжар соқыр тышқан мүлде ұнамайтын. Түйме қыз әр күн сайын күн шығарда және күн батарда тышқанның інінің алдына келіп тұратын. Кейде жел тербеген масақтар басын иіп шайқалған кезде, Түйме қыз да алақандай аспанды көріп үлгеретін. «Дала қандай жап-жарық, қандай тамаша!» – деп ойлады қыз. Сөйтті де қарлығашты есіне алды. Оның қарлығашты көріп, кездескісі келіп кетті. Бірақ төңіректе қарлығаш көрінбеді. Ол, сірә, сонау алыста, жасыл орманның ішінде ұшып жүрген шығар – деп ойлады қыз.

Күзге салым Түйме қыз бар жасауын әзірлеп болды.

– Енді бір айдан кейін тойың болады! – деді қызға сұр тышқан. Бірақ қыз жылап жіберді де, керенау көртышқанға тигісі келмейтінін айтты.

– Қой, бос сөздің керегі не! – деді кемпір тышқан. Қиқарланба. Әйтпесе тістеп аламын, көрдің бе, менің аппақ тістерімнің қандай өткір екенін? Сенің күйеуің тамаша жан. Оның тонындай барқыт тон тіпті корольдің әйелінде де жоқ! Әрі ас үйі де, ұрасы да азыққа толы! Мұндай күйеу тапқаның үшін тәңірге тәуба қыл!

Сөйтіп той болатын күн де жетті. Көртышқан қызды алып кетуге келді. Енді көртышқанға ілесіп соның ініне барып, ешқашан күн көзіне шықпай, терең жер астында өмір сүруі тиіс. Өйткені көртышқанның күн сәулесінен жек көретіні жоқ. Ал бейшара болған тырнақтай қызға қып-қызыл Күнмен біржола қоштасу қандай қиын! Сұр тышқанның үйінде жүргенде арагідік болса да күн көзіне шығып тұрушы еді.

Түйме қыз күнге соңғы рет қарап алу үшін сыртқа шықты. Егінді де жиып алып кетіпті. Баяғыдағы жерде сидиып-сидиып қураған сабан ғана көрінеді. Қыз іннің аузынан әрірек барды да, күнге қол созды.

– Қош, жарық күнім, қош бол!

Сосын нақ жанында өсіп тұрған кішкентай қызыл гүлді құшақтап алып, оған:

– Егер көре қалсаң сол бір сүйкімді қарлығашқа мен үшін басыңды иші, – деп өтінді.

– Үбей-бит, үбей-бит! – деп шықылықтаған таныс дауыс естілді кенет тас төбеден.

Түйме қыз басын көтеріп еді, тап қасынан ұшып өтіп бара жатқан қарлығашты көрді. Қызды қарлығаш та көрді, қатты қуанып кетті. Ал Түйме қыз тіпті жылап жіберді. Сосын қарлығашқа өзінің жексұрын көртышқанға тиіп, ешқашан күн түспейтін терең жер астында өмір сүргісі келмейтінін айтып берді.

– Енді көп ұзамай қаһарлы қыс келеді, – деді қарлығаш. – Мен түу алыстағы жылы жаққа ұшып кетемін. Менімен бірге ұшып кеткің келе ме? Онда сен менің арқама мінесің. Тек өзіңді мықтап байла. Сонда екеуіміз сиықсыз көртышқаннан алыс түу көк теңіздің арғы жағына, күні жарқырап тұрған жылы жаққа, үнемі тек жаз болып тұратын және ғажап гүлдер өсетін өлкеге ұшып жетеміз! Жүр, сүйкімді кішкентай қыз, менімен ұш! Қап-қараңғы, сұп-суық шұқырда жатқанымда мені өлімнен арашалап қалған едің, жүр!

– Жарайды, жақсы, мен ұшамын сенімен! – деді Түйме қыз. Сосын қарлығаштың арқасына мінді де, екі аяғын оның қанатына тіреп алды. Және өзін белдігімен қарлығаштың ең мықты бір қауырсынына таңып тастады.

Сол сол-ақ екен, қарлығаш аспанға оқтай атылып шықты да, қара орманның, көк теңіздің, қар басқан заңғар таулардың үстімен ұшып өтті. Аспанда өте суық болады екен. Түйме қыз қарлығаштың жып-жылы мамығының ішіне тығылып алды. Тек жолшыбай кездескен кереметтерді көріп отыру үшін басын ғана қылтитып, жан-жағына қарап отырды.

Ақыры жылы жаққа да жетті! Бұл жердің күні де әлдеқайда жарық, аспаны да жоғары болады екен. Ал жыралар мен шарбақтардың жанында жап-жасыл және қара жүзім өсіп тұр. Бау толы піскен лимон мен апельсин, миртаның хош иісі мұрныңды жарады. Ал жол үстінде әп-әдемі балалар томпаң қағып, үлкен алабажақ көбелектерді қуалап жүр. Бірақ қарлығаш әрі қарай ұша берді, ұша берді. Неғұрлым ұзаған сайын жер көркі де құлпыра түсті. Әдемі көкпеңбек көлдің жағалауындағы бұп-бұйра жасыл желектің ортасында ақ мәрмәрдан салынған ескі сарай бар екен. Оның еңселі бағаналарына өрмелеп өскен жүзім ағашында шоқ-шоқ жүзім, ал одан сәл жоғарырақта, шатырдың астында қарлығаштың ұясы көрінеді. Түйме қызды алып келген қарлығаштың ұясы да осында болып шықты.

– Міне, мынау менің үйім! – деді Қарлығаш. Ал сен төменнен бір таңдаған әсем гүліңді көрсет. Мен сені сонда алып барып отырғызайын. Сөйтіп, сен де тамаша өмір сүріп кетесің.

– Мен қандай қуаныштымын! – деді де тырнақтай қыз шаттана қол соғып жіберді.

Төменде үлкен-үлкен мәрмәр сынықтары жатқан. Осындағы бір бағананың жоғарғы жағы құлап түссе керек. Сол мәрмәр сынықтарының арасында ірі-ірі ақ гүлдер өсіп тұр еді. Қарлығаш төмен түсті де, қызды әлгі гүлдердің ішіндегі ең ендісінің біріне отырғызды. Міне, керемет! Гүл қауызының нақ ортасында аппақ хрустальдай жалт-жұлт еткен мөп-мөлдір кіп-кішкене адам отыр еді. Оның басындағы алтын тәжі көздің жауын алады. Ал арқасында жылтырақ канаты көрінеді. Өзі Түйме қыздан үлкен де емес. Бұл эльф еді. Әр гүлдің өз эльфі болады. Ол қыз немесе ұл болуы ықтимал. Ал Түйме қыздың қасында отырған эльфтердің королі болатын.

– Ой, мынау қандай көркем! – деп сыбыр ете қалды Түйме қыз қарлығашқа.

Кішкентай король қарлығашты көргенде үрейі ұшты.

Oл да сондай нәзік те, кішкентай еді. Қарлығаш оған алып бәлекет сияқты елестеді. Ал біздің тырнақтай қызымызды көргенде қуанышы қойнына сыймады. Ол нақ мынадай сүйкімді қызды өмірінде көрген емес! Ол басындағы тәжін шешіп алды да, Түйме қызға кигізді, оның атын сұрады. Сосын оның өзіне күйеуге шығып, эльфтер королінің зайыбы, яғни гүлдер падишасы болғысы келетін-келмейтінін білгісі келді. Міне, күйеу – деп «сыны айтса болар! Бақаның баласы немесе барқыт тонды көртышқан емес қой бұл! Қыз келісімін берді. Сол сол-ақ екен, әр гүлден ұлы бар, қызы бар бір-бір эльф ұшып шыға келді. Өздері сондай сүйкімді, қарасаң көз тоймайтын! Олардың бәрі де Түйме қызға құшақ-құшақ сыйлық алып келді. Солардың ішіндегі қызға ең ұнағаны жалтырауық шегірткенің қос қанаты еді. Оны қыздың арқасына орнатып беріп еді, енді гүлден гүлге ол да ұшып қона алатын болды. Қыздың қуанышында шек жоқ! Ал жоғарыда, ұясында жатқан қарлығаш та шамасы келгенінше білген әнін айтумен отырды. Бірақ ол өте жабырқау еді. Себебі кішкентай қызды ол да өлердей жақсы көргендіктен ғұмыр бойы ажырағысы келмейтін.

– Енді бұдан былай сені ешкім де Түйме қыз – деп атамайды! – деді Эльф. – Ол ат саған лайық емес. Өйткені сен соншалық әдемісің! Біз сені Мая – деп атаймыз!

– Қош, қош бол! – деп сыбырлаған қарлығаш енді жылы жақтан сонау алыс Данияға сапар шекті. Өйткені оның Данияда бір үйдің терезесінің маңдайшасында кіп-кішкентай ұясы болатын. Ал үй иесі оған неше түрлі ертегілер айтып беретін. Қарлығаш өзінің бар сырын сол адамға айтып беріпті. Ал біз бұл хикаяны сол ертегішіден естіп білдік.


Пікірлер (11)

Аружан

Өте күшті əсерлі ой түйуге болады

Мадина

Кушти жазылган екен

Аружан

өте көшті

эльмира

өте жақсы ертегі екен

Ақжан

өте өте күшті әсерлі ертегі

Akerke

Ғажап екен

Сырымбет

Өте әдемі адамды жігерлендіреді

Назерке

Керемет ертегі екен

Жансезім

Керемет ертегі

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз