Аққа қамалы: Наполеонды тоқтатқан Османлы қорғанысы

Басты бет / Тарих / Аққа қамалы: Наполеонды тоқтатқан Османлы қорғанысы

Аққа қамалы: Наполеонды тоқтатқан Османлы қорғанысы

Еуропаны тізе бүктірген әйгілі қолбасшы, Франция императоры Наполеон Бонапарт Мысырды жаулап алғаннан кейін Осман империясының иелігіндегі Палестина жеріне көз тігеді. Ол кезде Осман мемлекетінің ішкі әлсіздігі мен Мысырдағы жағдай Франция үшін тиімді мүмкіндікке айналған еді.

1798 жылы Наполеон 450 әскери кеме мен 60 мың сарбаздан құралған үлкен әскермен Мысырға басып кірді. Александрия арқылы өткен француз әскері аз уақыт ішінде Мысырды өз бақылауына алды. Соғыс алдында Наполеон пирамидалардың жанында тұрып әскеріне:

«Сендерге бұл жерде 4000 жылдық тарих қарап тұр» — деген әйгілі сөзін айтқан.

Мысырды алған соң француз әскері Палестинаға қарай жылжи бастады. Жолдағы Газа өңірін басып өтіп, Яффа қаласына жеткен Наполеон ол жердегі мыңдаған адамды қырып-жойды. Кейін стратегиялық маңызы зор Аққа қамалына келіп, 1799 жылдың 18 наурызында қамалды қоршауға алды.

Наполеон Аққа қамалын бірнеше күнде аламын деп ойлады. Ол қамал қолбасшысы Жаззар Ахмет Пашаға берілуді талап етіп хат жібереді. Алайда Жаззар Ахмет Паша:

«Аллаһқа шүкір, қару ұстап соғысатын күшіміз бар. Қалған өмірімізді сендерге қарсы шайқаста өткіземіз» — деп жауап береді.

Осыдан кейін Аққа қамалы үшін ауыр шайқас басталды. Қоршау 64 күнге созылды. Қамал қорғаушылары француз әскерінің әр шабуылына батыл тойтарыс беріп отырды. Бұған дейін жеңіліп көрмеген Наполеон алғаш рет үлкен қарсылыққа тап болды.

Шайқас барысында француз әскері орасан шығынға ұшырады. Наполеон:

«Тағдыр мені бір қарттың қуыршағына айналдырды» — деп күйінгені айтылады.

Ақыры әскерінің жартысынан айырылған Наполеон жеңілгенін түсінді. 1799 жылдың 21 мамырында ол Аққа түбінен шегініп, Каирге қайтты. Кейін жағдайының қиындауына байланысты 25 шілдеде әскерін Мысырда қалдырып, өзі Францияға кетіп қалды.

Тарихта Наполеонның:

«Егер Аққа қамалы мені тоқтатпағанда, бүкіл Шығысты жаулап алар едім» — деген сөзі сақталған.

Аққа қамалының қорғанысы Осман империясының тарихындағы ең маңызды жеңістердің бірі болып саналады. Бұл шайқас әлемді бағындырмақ болған Наполеонның жорығын тоқтатып, оның Шығысқа қатысты жоспарын күл-талқан етті.



WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)