Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ - білім мен ғылымның алтын бесігі

Мектеп бітірген әрбір жас түлек болашағын жарқын ететін оқу орнын іздейтіні анық. Қазақстанның жоғары білім жүйесінің жүрегіне айналған, тарихы терең, мерейі биік қара шаңырақ - Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті дәл осындай мекен. 1934 жылы іргетасы қаланған бұл білім ордасы бүгінде 90 жылдық белесті бағындырып, еліміздің ғана емес, бүкіл Орта Азия аймағындағы ең беделді университет.  

ҚазҰУ - халықаралық деңгейлі интеллектуал орталық. Университет QS World University Rankings рейтингінде әлемнің үздік университеттерінің қатарында, Орталық Азия бойынша көш бастап тұр. Бұл - сапалы білім мен халықаралық беделдің айқын дәлелі. Мұнда 16-дан астам факультет пен жүздеген білім беру бағдарламалары жұмыс істейді, ал студенттер саны 28 000-нан асады. Университет Гарвард, Оксфорд және Токио университеттері сияқты әлемдік алыптармен тығыз серіктестік орнатып, 70-тен астам «қос диплом» бағдарламасын жүзеге асырып отыр. Бұл бағдарламалар халықаралық рейтингтердегі ТОП-300 және ТОП-500 қатарына кіретін беделді университеттермен, сондай-ақ Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен ТМД-ның желілік университеттерімен тығыз байланыста ұйымдастырылады. Халықаралық серіктестіктер бойынша университет бүгінде 500-ден астам шетелдік оқу орнымен әріптестік қарым-қатынас орнатқан. Олардың қатарында Гарвард, Оксфорд және Токио университеттері сияқты әлемдік деңгейдегі көшбасшылар, Корея Республикасының Ханкук, Пусан, Сунгсил  университеттері,  Тайваньның Чинг Юн  университеті бар.

Университет ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің «Қайырымды қала» идеясын заманауи сұраныстармен ұштастырып, «Smart City» жобасын сәтті іске асырып отыр. ҚазҰУ қалашығы - бұл нағыз «цифрлы әлем». Мұнда заманауи ғылыми-зерттеу институттары, цифрлық зертханалар, ерекше Жағдаяттық басқару орталығы және студенттерге бір терезе қағидатымен қызмет көрсететін бірегей «Керемет» орталығы орналасқан. Ғылыммен айналысатын жастар үшін стартап жобалар мен инновациялық кластерлерге жол ашық.

ҚазҰУ - студент үшін тек білім ордасы емес, нағыз тұлға болып қалыптасатын, қабілетін шыңдайтын жаңа әлем. Университет аумағы жасыл желекке толы кампусымен, заманауи оқу ғимараттарымен және жайлы студенттер үйлерімен ерекшеленеді. Түрлі студенттік ұйымдар, дебат клубтары, ғылыми үйірмелер мен спорттық секциялар әрбір жастың өзін жан-жақты көрсетуіне мүмкіндік береді. Мұнда өткен әрбір күн қызықты оқиғаларға, ғылыми конференциялар мен мәдени кештерге толы.

Университет түлектері мемлекеттік қызметте, ірі бизнес саласында және халықаралық ұйымдарда табысты еңбек етіп, ел абыройын асқақтатып жүр. ҚазҰУ - дәстүр мен инновацияны ұштастырған, интеллектуал әлеуеттің қайнар көзі. Сапалы білім іздеп, мықты маман әрі лайықты азамат болғысы келген жас Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де білім ағаны дұрыс. Бұл - білім мен ғылымның алтын бесігі, болашақ лидерлерді тәрбиелейтін құтты қара шаңырақ!


WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)