Арманда және арманда!

Басты бет / Тақпақтар / Арманда және арманда!

Арманда және арманда!

Өзің жалғыз өз-өзіңмен қалғанда,

Боларды да, болмасты да арманда.

Биік болсын алға қойған мақсатың,

Арман ғана тегін мына жалғанда.

Шексіз ғалам - сен шексіздік бөлшегі,

Армандаудың шектеуі жоқ өлшемі.

Тәніңде жан, жүректе рух тұрғанда –

Болмау керек арманыңның мөлшері.

Аллаға сал, тағдырға сен, тоқтама!

Керек болса бір жанып шық отқа да.

Өз қолыңда - сый етілген өмірің,

Әлсіздікті кедергімен ақтама.

Баяу келген бақ әрқашан баянды,

Тек алға бас, білме нәпсі аяуды.

Жас кезіңде өмірдің тат бар дәмін,

Уақыт өтер, қарттық қалып таяулы.

Армандашы, өзіңе сен, арманда,

Арманыңды болмайды еш алдауға.

Өкінбеуге болашақта еңбек ет –

Аз ғұмырың, тамшы рухың қалғанда.



WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)