Бүгінгі күні технология қарыштап дамып келеді. Барша адамзат ұйқысынан оянған сәттен ұялы телефонына үңіліп, цифрлық әлемге енеді. Әсіресе жастар үшін смартфон, интернет пен әлеуметтік желі күнделікті өмірдің маңызды бөлігіне айналды. Бұдан бөлек телефон күнделікті тіршіліктің ажырамас бөлігіне айналды. Жастардың уақыттарының едәуір бөлігі әлеуметтік желілерде және онлайн қарым-қатынаста өтеді. Бұл жастардың адамаралық байланысының өзгерісіне қалай әсер етеді? Адам арасындағы қарым-қатынас цифрлық дәуірде жақындасты ма, әлде керісінше үзіліп жатыр ма?
Цифрлық технологиялардың дамуы жастардың өміріне көптеген жаңа мүмкіндіктер әкелді. Қазіргі таңда олар бір ғана смартфон арқылы білім алып, әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдармен байланыс орната алады. Әлеуметтік желілер мен түрлі онлайн платформалар ақпарат алмасуды жеңілдетіп, шығармашылық қабілетті дамытуға, жаңа орта табуға жол ашты. Әсіресе қашықтықтағы туыстармен, достармен байланыс үзілмей, кез келген уақытта хабарласуға мүмкіндік туғаны–цифрлық дәуірдің маңызды жетістіктерінің бірі.
Дегенмен, технологияның қарқынды дамуы адамаралық қарым-қатынасқа да өзіндік өзгеріс әкелді. Көптеген жастар үшін онлайн сөйлесу күнделікті әдетке айналғандықтан, бетпе-бет әңгімелесуге бөлінетін уақыт азая бастады. Кейде бір үстелде отырған адамдардың өзі бір-бірімен тілдесудің орнына, телефон экранына үңіліп отырады. Соның салдарынан шынайы әңгімелесу, мұқият тыңдай білу және эмоцияны жүзбе-жүз жеткізу сияқты қарым-қатынас мәдениетінің маңызды қырлары әлсіреп бара жатқандай әсер қалдырады.
Мұны күнделікті өмірден де анық байқауға болады. Бұрын қоғамдық көлікте жол қысқартып, қасындағы адаммен әңгіме-дүкен құратын жолаушылар бүгінде көбіне телефон экранына үңіліп, әлеуметтік желінің шексіз таспасына еніп кетеді. Сол сияқты, бұрын аулада асыр салып ойнайтын балалардың қатары да сирегендей. Олардың орнына бос уақытын төрт қабырға ішінде телефонмен өткізетіндер көбейді. Кейбір ата-аналар баласын далаға шығарып, құрдастарымен араласуға ынталандырғанымен, цифрлық әлемнің қызығы көп жағдайда басым түсіп жатады. Мұндай көріністер шынайы қарым-қатынастың біртіндеп виртуалды байланыспен алмасып бара жатқанын аңғартады.
Технология күн сайын дамып келеді, ал оған ілесу–заман талабы. Алайда қандай жаңашылдық болмасын, ол адамның жанды әңгімесін, шынайы эмоциясын және сенімге негізделген қарым-қатынасын алмастыра алмайды. Сондықтан цифрлық мүмкіндіктерді пайдалану мен адамаралық байланысты сақтау қатар жүруі тиіс.
Асылбек Жаннұр

- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі