«Өзім үшін» ме, әлде қоғам үшін ме? Сұлулық стандарттарының әйелдерге әсері

Қазіргі таңда әлеуметтік желілерді ашсақ болды, мінсіз келбетке ие қыздарды көреміз. Тегіс тері, үлкейтілген ерін, жіңішке бел, үлкен омырау, ұзын шаш және мінсіз макияж. Мұндай бейнелер Instagram, TikTok, жарнамалар мен фильмдерде күн сайын қайталанады. Бір қарағанда бұл жай ғана әдемі суреттер сияқты көрінеді. Бірақ уақыт өте келе олар біздің сұлулық туралы түсінігімізді қалыптастырады.Бүгінде көптеген қыздар ерін үлкейтуді, пластикалық ота жасауды, арықтауды немесе түрлі косметологиялық процедураларды таңдауда. Мұндай шешімнің себебін сұрасаң, көпшілігі: «Мен мұны өзім үшін жасадым» дейді. Шынында да, бұл сөз шынайы болуы мүмкін. Бірақ сол «өзім үшін» деген қалау қайдан пайда болды деген сұраққа бәріміз бірдей жауап бере алмаймыз.Адам дүниеге белгілі бір сұлулық өлшемімен келмейді. Біз оны өмір бойы қалыптастырамыз. Балалық шақтан бастап жарнамалардан, фильмдерден, әлеуметтік желіден және айналамыздағы адамдардың пікірінен қандай келбет әдемі саналатынын көріп өсеміз. Белгілі бір стандартқа сай адамдар жиі мақталады, олардың суреттері көп қаралады, ал сыртқы келбеті өзгеше адамдар сынға немесе келемежге ұшырауы мүмкін. Осындай ортада өскен адам біртіндеп сол талаптарды өзінікі сияқты қабылдай бастайды.Әлеуметтік желілер бұл құбылысты одан әрі күшейтті. Қазір суреттерді өңдейтін түрлі қосымшалар мен сүзгілер бар. Көптеген блогерлердің фотосуреттері арнайы жарықпен түсіріліп, кейін өңделеді. Бірақ экранның ар жағындағы мінсіз бейнені көрген адам оны шынайы өмірмен салыстыруы мүмкін. Соның салдарынан кейбір қыздар өздерінің табиғи келбетін жеткіліксіз деп қабылдай бастайды. Кейде әйелдер «осындай болсам ғана әдемімін», «осындай болсам ғана ер адамдарға ұнаймын» деген ойға келеді. Бұл ойдың қалыптасуына қоғамдағы пікірлер де әсер етеді. Әйелдің сыртқы келбеті оның мінезінен, білімінен немесе жетістігінен бұрын бағаланатын жағдайлар әлі де кездеседі. Сондықтан кейбір әйелдер өздерінің құндылығын сыртқы бейнесімен байланыстырып қояды.Дегенмен барлық пластикалық ота немесе косметологиялық процедураны қоғамның қысымымен байланыстыру дұрыс емес. Кейбір адамдар мұндай өзгерістерді өздерінің көптен бергі қалауы үшін немесе медициналық себептермен жасайды. Бұл-олардың жеке таңдауы. Бірақ жеке таңдау мен қоғам қалыптастырған талаптың қай жерде басталып, қай жерде аяқталатынын ажырату әрдайым оңай емес.Менің ойымша, ең маңыздысы–адамның өзіне «Мен мұны шынымен өзім үшін жасап жатырмын ба, әлде біреудің көңілінен шығу үшін бе?» деген сұрақты қоя білуі. Егер өзгеріс адамның өзіне сенімді болуына көмектессе және ол ешқандай қысымсыз қабылданған шешім болса, оны айыптауға болмайды. Ал егер өзгеріс өзгелердің мақұлдауын алу үшін ғана жасалса, онда мәселе адамның сыртқы келбетінде емес, қоғам қалыптастырған көзқараста болуы мүмкін. Қазіргі таңда сұлулық туралы түсінік біртіндеп өзгеріп келеді. Әлеуметтік желілерде табиғи келбетті қолдайтын, адамның өзін қабылдауын насихаттайтын адамдар көбейіп жатыр. Бұл-жақсы өзгеріс. Себебі адамның құндылығы оның ернінің көлемімен, дене бітімімен немесе пластикалық ота жасатқан-жасатпағанымен өлшенбеуі керек. Адамды оның білімі, мінезі, адамгершілігі, еңбегі және қоғамға қосқан үлесі бағалы етеді.Қорытындылай келе, әлеуметтік желілер, медиа және жарнамалар әйелдердің сұлулық туралы көзқарасына үлкен ықпал етеді. Олар кейде қол жеткізу қиын стандарттарды қалыпты нәрсе ретінде көрсетеді. Соның әсерінен көптеген әйел өздерін өзгелермен салыстырады және сыртқы келбетін өзгертуді ойлайды. Сондықтан бүгінгі қоғамда сұлулық туралы емес, адамның өзін қалай қабылдайтыны туралы көбірек айту маңызды. Өйткені шынайы сенімділік өзгелердің бағасынан емес, адамның өзіне деген құрметінен басталады.

WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)