Көпшілік демалыс орындарына таза ауа жұтып, табиғат аясында серуендеу үшін келеді. Алайда сол әсем табиғаттың адам қолымен ластанып жатқаны өкінішті. Шашылып жатқан пластик бөтелкелер, полиэтилен пакеттер мен тұрмыстық қалдықтар қоршаған ортаға ғана емес, адамның мәдениетіне де сын.
Осы мәселеге бей жай қарамаған мектептің Өзін-өзі басқару (ӨӨБ) ұйымының белсенді оқушылары волонтерлік акция ұйымдастырып, демалыс аймағын қоқыстан тазартуға ат салысты.
Акция барысында оқушылар арнайы қолғап киіп, қоқыс салатын қаптарды алып, аумақты мұқият тазалады. Бірі пластик бөтелкелерді жинаса, енді бірі қағаз бен тұрмыстық қалдықтарды іріктеді. Әрқайсысы өз ісіне жауапкершілікпен қарап, табиғатты таза ұстау – әр азаматтың борышы екенін нақты әрекетімен көрсетті.
Бұл шараның басты мақсаты тек қоқыс жинау емес, оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру және қоршаған ортаға деген жанашырлық сезімін арттыру болды. Табиғатты қорғау үлкен жобалардан ғана басталмайды. Кейде бір ғана жиналған қап қоқыс немесе бір сағаттық еңбек табиғатқа үлкен пайда әкеледі.
Осындай ерікті жұмыстар жастардың азаматтық жауапкершілігін нығайтады. Олар өз еңбегінің нәтижесін көзбен көріп, тазалықтың қадірін тереңірек түсінеді. Бұл– өскелең ұрпақтың бойында еңбекқорлықты, ұйымшылдықты және туған жерге деген сүйіспеншілікті қалыптастыратын маңызды қадам.
Қазіргі таңда экологиялық мәселелер әлем жұртшылығын алаңдатып отырған кезде мұндай бастамалардың маңызы ерекше. Табиғатты қорғау – тек экологтардың немесе арнайы мекемелердің міндеті емес. Ол – әр адамның азаматтық ұстанымы.
Волонтерлік акцияға қатысқан әрбір оқушы табиғатқа жанашырлықтың жарқын үлгісін көрсетті. Осындай игі істер көбейген сайын қоғамда экологиялық мәдениет те жоғарылай түседі.
Табиғат – бізге аманат. Ал сол аманатты қорғау – бүгінгі ұрпақтың ең маңызды міндеттерінің бірі.

- Шаңлатбай Айдана
- Лев Шестов
- Лев Шестов
- Лев Шестов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі