Өлең, жыр, ақындар

Біз ескере бермейтін ең лас 10 зат

Дәстүрлі түрде кез-келген үйдегі ең лас саналатын дүние – унитаз. Оның әр шаршы сантиметр аумағында 2 500 бактерия тіршілік етеді. Алайда қарапайым пернетақтаданың әр шаршы сантиметріндегі бактерия саны жоғарыдағы көрсеткіштен жүздеген есе жоғары екенін білесіз бе? Демек сіз күтпеген дүниелер мен бұйымдардың кез-келгенінен қауіп төнуі мүмкін.

1. Пернетақта.

Пернетақтаның бір шаршы сантимер аумағында 500 000 бактерия тіршілік етеді. Әдетте адамдар компьютер не  ноутбук алдына отырғанда, қол жуу керектігі жөнінде ойлай бермейді. Далада, үйде қолыңызға жұққан кір пернетақта бетінде қалады. Оған және шаң-тозаң мен қоқымды қосыңыз. Нәтижесінде компьютер пернетақтасы ауру тудыратын бактериялардың тіршілік ортасына айналады.

Не істеу керек?

Біріншіден, үйге кірген бойда қолыңызды жуыңыз. Екіншіден, кемінде аптасына бір рет компьютер пернетақтасын тазалауды әдетке айналдырыңыз. Аптасына бірнеше мәрте тазаласаңыз да артық етпейді.

Пернетақтаны компьютерден ажыратып, аударыңыз. Артқы жағынан ақырын ұрғылап, батырмалар арасындағы шаң-қоқымды түсіріңіз. Шаң-тозаңнан тазарту үшін, кәдімгі фенді қолдануыңызға болады. Көмекші құрал ретінде іскекті пайдаланыңыз.

Мұнан соң сабын ерітіндісін жасаңыз (бір стақан суға бірнеше тамшы жуғға арналған құрал тамызыңыз). Батырмалар мен олардың арасын түксіз мата немесе тіс щеткасымен тазалай аласыз.  Тазалық жұмысы аяқталғаннан кейін пернетақтаны құрғақ матамен сүртіңіз.

2. Ұялы телефон

Күн бойына ұялы телефонымызды қайда қалдырмаймыз? Қалтамызға саламыз, жұмыс үстеліне қоямыз, кір қолымызбен де ұстаймыз. Бір сөзбен айтқанда, бір күн ішінде телефоныңызға түрлі микробтар түседі.

Не істеу керек?

Телефонды міндетті түрде аптасына бір рет тазалау керек. Сөмке немесе иыққап ішінен телефон салатын белгілі орын арнаңыз. Оған қоса телефоныңызды арнайы тазартқыш майлықпен барынша жиі тазалап сүртіңіз.

Микрофибрадан жасалған матаға қолға арналған бактерияға қарсы сұйықтықты тамызып, ұялы телефоныңызды сүртіңіз. Телефоныңыз ұзақ уақыт таза күйінде сақталу үшін, көшеде және қоғамдық орындарда құлаққап көмегімен сөйлесіңіз.

3. Ыдыс-аяқ жуатын шұңғылшаның (раковина) су ағатын тесігі

Шұңғылшаның имекқұбыры – бактериялардың көбеюіне қолайлы орта. Әдетте оған тек бітеліп қалғанда немесе жағымсыз иіс пайда болғанда ғана назар аударамыз.

Не істеу керек?

Арнайы ерітінді дайындап, шұңғылшаның су ағатын тесігіне құйыңыз. Матаны полиэтиленге орап, тесігін бітеңіз де,  20-30 минутқа қалдырыңыз. Ал ерітіндіні төмендегі әдістер бойынша жасауға болады:

- Жарты стақан ыстық суға бір шай қасық ас саодасын қосыңыз.

- Жарты стақан 3-9 пайыздық ақ сірке суына бір шай қасық лимон шырынын қосамыз.

- Жарты Жарты стақан 3-9 пайыздық ақ сірке суына бір шай қасық ас содасын қосамыз.

Шұңғылшаның су ағатын тесішінде қатып қалған майлы дақтар тұз ертіндісімен (1 стақан ыстық суға 3 ас қасық тұз) тазаланады. Тазалағаннан кейін ыстық сумен шайыңыз.

Асүйді барынша таза ұстауға тырысыңыз. Жиі сүлгі мен ысқыштарды алмастырып, тоңазытқыш есігін сүртіңіз. Ет, балық, нан, жемістер мен көкөністердің әрқайсысына жеке тақта арнаңыз.

4. Тіс щеткасы

Тіс щеткасы адам ағзасы үшін қауіпті миллиондаған бактерияның тіршілік ортасына айнала алады. Таңданатын дәнеме жоқ, себебі біз күн сайын тісімізді өңез бен тамақ қалдықтарынан тазалаймыз. Уақыт өте келе щеткада миллиондаған бактерия көбейе бастайды.

Не істеу керек?

Тіс щеткасын үш айда бір ауыстырып, оларды тік қалыпта сақтау керек.

Ал щетканы залалсыздандыру үшін, құрамында спирт бар ауыз қуысын шаюға арналған сұйықтыққа малып, 30 секундқа қалдыру керек. Сонымен қатар бірнеше минут ыстық суда ұстауға немесе ыдыс жуғыш машинада жууыңызға болады. Ол үшін тіс щеткасын ыдыс жуғыш машинаның жоғарғы сөресіне орналастырыңыз. Тісіңізді жуып болғаннан кейін, тіс щеткасын міндетті түрде ыстық сумен шаюды әдетке айналдырғаныңыз жөн.

5. Кілт

Қолымызда жиі ұстайтын кілт те түрлі бактерияға толы. Біз кілтті еш уақытта тазалап, сүртпейміз. Оның үстіне қашан да кір қолымызбен ұстаймыз. Көшеде жерге түсіріп аламыз, кірлеген қалтамызда да жүреді. Нәтижесінде үйіңізге түрлі қауіпті бактерияларды тасымалдайды. Кей адамдар кілтті ойыншық ретінде балаға ұсынады. Оның бала денсаулығы үшін өте қауіпті екенін білгейсіз.

Не істеу керек?

Үйіңізге келген бойда қолыңызды жуып, артынша кілтті антисептикалық майлықпен сүртіңіз. Бактериялар үйіңізде тарамауы үшін, кілтті арнайы кілтсалғышта сақтаңыз.

6. Әмиян мен ақша

Орташа есеппен қағаз ақшаның әр шаршы сантимтерінде шамамен 30 000 бактерия тіршілік етеді. Ақша қаншалықты ескі болса, ондағы бактериялар да соншалық көп. Оның бетінде Кох таяқшалары, гельминт, туберкулез және миқұрт дертін қоздырушылар болуы ықтимал. Яғни ақшамен төлем жасаған кезде бактерия алмасамыз.

Не істеу керек?

Ақша ұстағаннан кейін қолыңызды жуыңыз не арнайы зарарсыздандыратын құралмен сүртіңіз. Ақшаны қалтаңызда емес, әминда сақтағаныңыз абзал. Сонымен қатар оларды тамақтанатын үстелде, төсекке не диванға қоймаңыз. Әминды үнемі белгілі бір жерге қоюға дағдыланыңыз. Және антисептикалық майлықпен сүртіп тұрыңыз.

7. Кілем

Кәдімгі кілемнің шаршы сантиметр аумағындағы бактерия унитаздың дәл осындай аумағындағы бактериядан 4 000 есе көп. Кілемнің түкті беті түрлі бактериялар, шаң-тозаң кенесі мен терінің өлі жасушаларының жиналуына жағдай туғызады.

Не істеу керек?

Шаңсорғыштың көмегімен тұрақты түрде кілемді тазалаңыз. Дақтар мен шаңнан тазалау үшін, 1 литр суға 2 шай қасық мүсәтір спиртін қосыңыз. Ерітіндімен щетканы сулап, кілемді тазалаңыз.мұнан соң бөлмені желдетіп, кілемді кептіріңіз.

Сонымен қатар кәдімгі ас содасы да кілем мен төсенішті терең тазарта алады. Оны құрғақ және ерітінді (бір стақан суға бір  ас қасық ас содасы) күйінде қолдана аласыз. Ерітіндіні кілемге жағып, 40 минутқа қалдырыңыз. Мұнан соң шаңсорғышпен тазалаңыз. Бұл әдіс арқылы кілемді кірден тазартып қана қоймай, түсін жаңартасыз.

8. Ауыз үй

Даладан сізбен бірге келген миллиондаған бактерия алдымен ауыз үйге жайылады. Оған қоса, әдетте үй жануарлары ауыз үйде болғанды ұнатады. Салдарынан бактерияларды жиһаз, үстел, кілемге таратады.

Не істеу керек?

Алдымен ауыз үйге арналған арнайы кілемше сатып алыңыз. Аяқ киіміңізді тек кілемшенің үстінде шешіңіз.

Кілемшені аптасына бір рет жуғыш құрал қосылған ыстық сумен жуу керек. Үйіңізге кірген бойда аяқ киімдерді реттеп қойыңыз. Ауыз үй еденін күнделікті зарарсыздандырылған құрал қосылған сумен жуыңыз.

9. Жуынатын бөлмедегі перде

Бактериялар ылғал ортада жылдам көбейеді. Жуынатын бөлмеге арналған перде жиі көгереді. Себебі жуынған кезде пердеге шашыраған сабынды суды жеткілікті санағандықтан, пердені мүлдем жумаймыз.

Не істеу керек?

Жуынатын бөлмеге арналған пердені айына бір рет тазартып отырған жөн. Полиэтиленнен жасалған пердені винильді түріне алмастырыңыз. Себебі ол жиі көгермейді. Сонымен қатар мұндай пердені кір жуғыш машинада 40 градуста жууға болады. Ал полиэстерден жасалған пердені ысқышпен сүртіп алсаңыз жеткілікті.

Пердені бекіткіштерімен бірге тұзды суға салып қойыңыз. Ол зеңнен құтылуға көмектеседі. Егер перде су өткізбейтін матадан жасалса, құрамында хлор бар ағартқыш құралдың әлсіз ерітіндісіне салып қоюға болады. жуынғаннан кейін пердені де құрғатып сүртіңіз. Және жуынатын бөлмені жиі желдеткеніңіз абзал.

10. Ыдыс жуғыш және кір жуғыш машина

Аталған екі техникалық құрал тазалық сақтауға арналғанымен, олар да түрлі бактериялар шоғырланатын қолайлы орта тудырады.

Не істеу керек?

Жарты жылда бір ыдыс жуғыш машина есігін нығыздауышты өндіруші ұсынған арнайы құралмен тазалаңыз. Зең пайда болмауы үшін, күнделікті машинаның камерасын, есігін, нығыздағышы мен бастапқы тазарту сүзгісін сүртіп отырғаныңыз абзал.

Есігінің төменгі бөлігі мен төсеніштер арасын үнемі жуыңыз. Қолданғаннан кейін ыдыс жуғыш машинаның есігін ашық қалдырып, әбден құрғағанын күтіңіз.

Ал кір жуғыш машинаның ағызатын сүзгісін ағын су астында жууға арналған құралмен жуыңыз. Және кір жуғыш ұнтақ салатын тартпасын да таза ұстаңыз.

Кір жуғыш машинаны зең мен бактериядан тазарту үшін, кейде оттекті ағартқыш құралдарды пайдаланыңыз. Немесе ұнтақ салатын тартпаға 100 мл зарарсыздандыратын құрал құйып, мақта матадан тігілген асүй сүлгілерін жуыңыз.

Техниканы толық залалсыздандыру үшін, ең болмаса айына бір рет барлық алмалы-салмалы бөлшектері (сүзгіш, кір жуғыш ұнтақ салатын тартпа, ағызатын құбыршек) мен есік нығыздағышын жақсылап жуғаныңыз дұрыс.

 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (4)

Камила

Сквородканы қалай дұрыс тазалайды?

Сабира

Өте қажет дүниелер бар екен, Рақмет

Ja'mila.

Bizgede jazy'g'a bolama?

Ja'mila.

Rahmet

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз