Бес қыздың балалығы… Бес күнге бөлінген бақыт…

Кейде адам өміріндегі ең үлкен байлық – бала күнінде бірге өткізген бақытты сәттері екен.

Біз бір мектепте оқып, бір сыныпта өскен бес жан дос едік. Бір-бірімізден ажырамайтынбыз. Сондай тату едік, тіпті аптаның бес күнін өзімізше бөліп алғанбыз.

Дүйсенбі күні – Гүлзираның үйіне,
сейсенбі күні – Айнаның үйіне,
сәрсенбі күні – менің үйіме,
бейсенбі күні – Сәуленің үйіне,
ал жұма күні – Балмекеннің үйіне жиналатынбыз.

Біздің келетін күнімізді аналары­мыз да асыға күтетіндей еді. Әрқайсысы бар ықыласымен түрлі дәмді тағам әзірлеп, ақ дастарқанын жайып қоятын. Біз болсақ, мәз-мейрам болып күліп-ойнап, ас ішіп, әңгімелесіп, бір-бірімізге сыр айтып, бақыттың не екенін білмей-ақ бақытты өмір сүріппіз.

Сол кезде бәрі сондай қарапайым еді. Бірақ бүгін ойланып қарасам, сол қарапайым күндердің өзі өміріміздің ең қымбат, ең асыл сәттері екен.

Өкінішке қарай, бүгінде сол бес қыздың ортамызда төртеуміз ғана қалдық. Жұма күнгі қуанышымыздың иесі болған жан досымыз Балмекен мәңгілік сапарға аттанып кетті.

Балмекенді еске алсақ, оның жарқын күлкісі, ақжарқын мінезі, достыққа адал жүрегі көз алдымызға келеді. Біз үшін ол ешқашан ұмытылмайды. Жаны жәннатта, иманы саламат, жатқан жері жайлы болсын.

Уақыт зымырап өтеді. Бірақ балалық шақтың тәтті естеліктері ешқашан ескірмейді. Аналарымыздың ақ дастарханы, ауылдың шаң басқан көшелері, бес қыздың сыңғырлаған күлкісі... Мұның бәрі жүрегімізде мәңгі сақталатын ең қымбат қазына.

Егер уақытты кері қайтаратын мүмкіндік болса, мен еш ойланбастан сол бес күнге бөлінген бақытты балалық шағыма қайта оралар едім...

 


WhatsApp Telegram

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.