Ертеде бір сақи* патша болыпты. Патша бір күні үш уәзірін сынамаққа былайша сұрақ қояды: «Уа, уәзірлер, сақилық ниеттен бе, жоқ дәулеттен бе?» Уәзірлері: «Дәулеттен ғой, өйткені мал көп болса сақилық етек алады. Қазына, мал болмаса қандай сақилық болады», – деді. Патша: «Олай емес, сақилық сүйекке бітеді және ниеттен болады», – деді. Уәзірлер оған қарсы жауап айтты. Бір күндерде патша диуана киімін киіп, қайыршы болып бірінші уәзірінің үйіне келеді. Уәзір: «Рұқсатсыз үйіме кіріп, үйімнің ішін былғадың», – деп, қайыршыға ақырады. Диуана аштығын айтып, ас сұрап босағада жылап тұрды.
Сонда уәзір астың қазанға жабысқан қаспақтарын жинап, қайыршының қолына салады. Диуана оны алып, енді екінші уәзірдің үйіне келіп кіреді. Кіріп тамақ сұрайды. Ол уәзір де күйген нан береді. Жиғандарын алып келіп үйінің бір бұрышына тықтырып қойды да, диуаналық лыпасымен басқа көшелерді аралап кетті. Бұл ел түгел жатып, ұйқыға кірген кез еді. Патша көшелерді аралап келе жатып оты жанып тұрған бір үйге көзі түсті. Келіп сыртынан байқаса, үйде бір жігіт пен кемпір отыр, жеті қой байлаулы тұр екен. Патша «қонақпын» деп дыбыс қылды. Жігіт тысқа жүгіріп шығып: «Қоныңыз, мейман болыңыз, диуанаеке!» – деп үйіне кіргізді, киіз салып берді. Қонақ жайласқан соң жігіт анасына қарап: «Қонақ үшін мына қойдың бірін соялық», – деді. Анасы: Мақұл, балам! – деді де, мейманға былай деп жайын айтты:
— Мейманеке, ерім жоқ, мынау менің жалғыз балам еді. Бір байдың қойын баққаныма биыл үш жыл болды. Жалақысына осы жеті қойды бүгін ғана алып келіп отыр едім. Бұрын мал бітпеген басымыз, осы малдың қуанышымен түн ортасына дейін ұйықтамай отырғанымыздың жайы осы еді. Енді осының бірін сізге құдайы қонақтық құрметіңізге сойғалы отырмыз, – деп ризалық сұрады. Диуана қабыл көріп бата берді. Жігіт қойды сойды да: «Мейманеке, қойдың барлық етін асамыз ба, жоқ жарты етін асамыз ба?» деп сұрады. Сонда мейман былай деп жауап берді:
— Ей жігіт, менің мынадай мінезім бар еді, мен малдың басқа етін жемеймін, жүрегін ғана жеуші едім. Бұл қойыңыздың жүрегіне тоймаймын ғой деп отырмын.
Сонда жігіт анасына қарап:
— Ей ана, бұл мейманның ризалығы үшін осы қойдың жетеуін де соялық, сонда жеті қойдың жүрегіне мейман тояр. Сөйтіп, мейман разы болсын. Онан соң қойлардың етін сатып тағы да тірі қой алармыз, – дейді. Анасы: «Мақұл, балам, бұл қойларда ешкімнің ақысы жоқ, өзіңнің еңбегіңмен тапқан малың ғой! Мейман риза болса құдай риза болар деген еді», – деп, екеуі ақылдасып, қойдың жетеуін де сойды. Жеті жүректі пісіріп алып келіп мейманның алдына қойды. Сонда мейман отырып:
— Менің ризалығым үшін жеті қойды сойдыңыздар, мен сіздерге разымын. Ендігі айтар сөзім, мен осы жеті жүректі үйіме алып барып балаларыммен бірге отырып жесем деймін, үйде балаларым аш жатыр еді, – дейді. Жігіт пен кемпір: «Сіз риза болсаңыз, біз ризамыз», – дейді. «Диуана» жеті қойдың жүрегін үйіне алып келіп, баяғы қаспақ пен күйік нандардың қасына қойды. Ертемен екі уәзірін шақырып алып:
— Сақилық ниеттен бе, жоқ, малмен бе? – деп, тағы сауал сұрады. Уәзірлері тағы да бұрынғы сөздерін айтып: «Малмен болады, тақсыр!» – дейді. Сонда патша екі уәзіріне ашуланып:
— Ей, ақымақ, надан уәзірлер, сендерден өткен түндегі тамақ сұраған диуана мен едім. Сонда маған берген күйік нандарың мынау, – деп, нандарын өздеріне көрсетті. Содан кейін сақи жігіттің түндегі істеген құрметтерін және жалшылықтан алған жеті қойды бірден мейманның құрметіне сойғандығын айтып, жеті жүректі көрсетті. Уәзірлер көңілдеріне күмән келтірді. Патша уәзірлерді сендіру үшін сойылған жеті қойдың етін және жігітті анасымен алдырды. Одан соң жігітке қой баққызып, ақысына жеті қой берген байды алдырды. Уәзірлер «нандық» деген соң, патша екі уәзіріне былай деді:
— Сақилық сүйекке бітеді дегенге сенбеген едіңіздер, енді не болып отыр? Сіз екеуіңіз осы жігітті он орап алғандай байсыздар және уәзірмін деп дүние-мүлікке қожасыңдар! Сонда мүсәпірге жасаған қайырларыңыз мына қаспақ пен бір жапырақ күйген нан болды. Ал бұл жігіттің сақилығына көздерің жетті. Енді бұған не билік бересіздер? – деді.
Сонда екі уәзір мойындарын жерге салып:
— Тақсыр, сақилық ниеттен болатындығына қайым* болдық, – деді. Патша содан кейін екі уәзірдің мал-мүліктерін түгел алып, сол шаһардың ғарып-ғасерлеріне, жетім-жесірлеріне, кедей-кембағалдарға тартып берді. Уәзірлердің өздерін зынданға салды. Әлгі сақи жігітті өзіне бірінші уәзір етіп алды.
* С а қ и — мырза, жомарт деген мағынада.
* Қ а й ы м б о л у — қанық болу.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі