Айбалаштың есегі

Балалық шақтың әр күні – қайталанбас бір хикая. Кейде сол күндерді еске алғанда еріксіз күліп аласың. Өйткені бала көңіл үшін мүмкін емес нәрсе болмайтын.

Жазғы демалыс басталса болды, мен үшін ең үлкен қуаныш – әкемнің туған ағасы, біз «Үлкен тәте» деп атайтын кісінің ауылына бару еді. Сол ауылда менімен тетелес өскен Жеңіс ағам болатын. Екеуміз таңнан кешке дейін ауылдың бір шетінен бір шетіне дейін жүгіріп, ойыннан қол үзбейтінбіз.

Жеңіс ағамның көршісінде Айбалаш деген қыз тұратын. Бірақ оны алғаш көрген адам қыз деп ойламайтын. Шашын қысқа қиып жүретін, үстіне көбіне шалбар киетін. Мінезі де ер балалардан бір мысқал кем емес еді. Ол ауылдың барлық ер баласымен тайталасып өсетін.

Айбалаштың ең жақсы көретін серігі – есегі болатын.

Басқа балалар есекке жай мініп жүрсе, Айбалаш оны бәйге атына айналдыратын. Есектің үстіне қарғып мініп алып, көшені шаңдатып шабатын. Ер балалармен жарысып, ешқайсысынан именбейтін. Кейде тіпті олардан бұрын келіп:
— Кәне, тағы кім жарысады? – деп күліп тұратын.

Біз оның батылдығына қызыға қарайтынбыз.

Бір күні түс ауа аулада ойнап жүргенбіз. Кенет Айбалаш есегін жетектеп біздің үйдің алдына келді.

— Дина, кел! Сені есекке мінгіземін! – деді мәз болып.

Мен үшін бұл үлкен жаңалық еді. Өмірімде есекке мініп көрмегенмін. Қуанып кеттім.

Айбалаш есектің қасына келіп:
— Қорықпа, мен ұстап тұрамын, – деді.

Сөйтіп, екі қолымен мені көтеріп, есектің үстіне отырғызбақ болды.

Дәл сол сәтте үйден анам шыға келді.

Бір көргеннен-ақ жағдайды түсінді.

— Әй, мынауың не сұмдық?! – деп дауыстады.

Біз үшеуміз де селк ете қалдық.

— Қыз балаға есек мініп, көше кезіп шабуға болмайды! Түс әрі! – деді анам.

Даусында қаталдық болғанымен, мейірім де сезілетін.

Мен үнсіз төмен түстім.

Айбалаш болса, аң-таң қалып бізге қарап тұрды.

Ол үшін бұл – күнделікті үйреншікті іс. Ал мен үшін сол күнгі есекке міну орындалмай қалған бала арманындай болып қалды.

Бірақ қызығы, анамның сөзінен кейін де Айбалаш еш қысылған жоқ. Есегінің жалынан сипап қойып:
— Жарайды, онда өзім шабамын! – деп қарқылдап күліп, есегіне қарғып мінді де, ауылдың көшесін шаңдатып шаба жөнелді.

Артынан қарасақ, шашын жел тербеп, ештеңеден қаймықпай, еркін өсіп келе жатқан бала еді.

Қазір ойласам, Айбалаш өз заманының батыл қызы екен. Ол ешкімге ұқсағысы келмейтін. Ер балалардан қалыспайтын қайсарлығы да, еркіндігі де бізге таңсық болатын.

Ал анам болса, сол заманның тәрбиесін бойына сіңірген қазақ анасы еді. Қыз баланың ибалы, биязы болып өскенін қалады. Ол кезде қыз тәрбиесіне ерекше мән берілетін. «Қызға қырық үйден тыйым» деген сөз әр ананың жүрегінде тұрғандай еді.

Бүгінде сол оқиғаны есіме алсам, еріксіз күліп қоямын. Бір жағында – ештеңеден қорықпайтын Айбалаш, бір жағында – қыз тәрбиесін бәрінен биік қойған анам...

Екеуі де өз заманының шындығы еді.

Ал менің есімде сол күн – ауылдың шаң басқан көшесі, үйдің алдына келген момын есек, Айбалаштың сыңғырлаған күлкісі және анамның:

«Әй, мынауың не сұмдық?! Қыз балаға болмайды!» – деген даусы болып мәңгі сақталып қалды.

                         


Ұқсас тақырыптар

Айбалаштың есегі
WhatsApp Telegram

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.