Ерте, ерте, ертеде бір шал мен кемпір болыпты. Олардың Мардан атты ұлы, Маржан атты қызы болыпты. Күн көрерлік азғана малы болыпты. Мардан жеті-сегізге келген сон өздерінің аз ғана қойларын далаға бағып жүргенде қатты боран болып қоймен бірге ығып, елден адасып кетеді.
Боран басылғаннан кейін бала қайда келгенін білмейді. Қойларын санаса, түгел. Мардан жан-жағына қарап қойларын айдап жүреді. Бірақ жол таба алмайды. Дымы құрып шаршайды, қарны ашады. Қойдын ішінде бір үлкен ақ ешкі бар екен. Соны сауып, сүтін ішіп күн көреді. Сөйтіп жүргенде арада біраз күн өтіп, қар кетіп, жаз да шығады.
Мардан үйін, елін сағынып зарығады. Киімдері жыртылып, азып-тозады. Ол ұшқан құстарды көріп, ақ кағазды тұмаршалап үйіне хабар жібермекші болып құстарға айқайлайды. Аспандатып ұшып бара жатқан тырналарға:
Әй, тырналар, тырналар,
Мойны ұзын мырзалар!
Біздің елге бар сана,
Сағынып тұрған еліме
Тұмарымды бер сана! – дейді. Тырналар «тырау, тырау...» деп ұшып кетеді.
Бала ұшып бара жатқан қаздарға қарап:
Әй, қаздар, қаздар,
Қайыр бар ма, мырзалар!
Біздің үйге бар сана,
Сағынып тұрған шешеме,
Тұмарымды бер, сана! – дейді. Қаздар «қаңқ-қаңқ...» дей ұшып кетеді.
Енді қарғаларды көріп:
Әй, қарғалар, қарғалар,
Қанды көрсе жорғалар.
Біздің елге бар сана.
Сағынып тұрған әкеме,
Тұмарымды бер сана! – дейді. Қарғалар да «қарқ-қарқ» деп, ұшып кетеді.
Қонып отырған сауысқанды көріп:
Ей, сауысқан, сауысқан,
Дүниені тауысқан.
Біздің үйге бар сана,
Тұмарымды бер сана! – Сауысқандар да «шық-шық...» деп ұшып кетеді. Ең соңында шықылықтап шыр айнала қонған қарлығашты көріп:
Әй, қарлығаш, қарлығаш,
Қолыма менің қон сана!
Тұмарымды ал сана,
Сағынып тұрған үйіме
Хабарымды айт сана! – дейді. Қарлығаш баланың зарын тыңдап, шықылықтап келіп баланың қолына қонады. Мардан тұмаршаны қарлығаштың мойнына байлап ұшырып жібереді.
Қарлығаш кетті аспанмен,
Бала айтқан тұспалмен.
Қарлығаш бірнеше күндер ұшып, ел аралап, әр үйдің шаңырағына бір қонып шықылықтап дыбыс береді. Бұл кезде Марданның ата-анасы, қарындасы хабарсыз кеткен Марданды өліп қалды ғой деп жылап, жоқтап отырады.
Қарлығаш бір шаңыраққа келіп қонғанда жылаған дауысты естіп, кешке дейін шықылық-шықылык етіп, осы шаңырақтан кетпей қояды.
Бір кезде Маржан төбедегі дыбысты естіп, далаға шығып қарап тұрса, қарлығаш келіп қолына қонады. Қарлығаштың мойнындағы тұмарды алып қараса, Марданның жіберген хабары екен. Маржан інісінің хабарын біліп үйдегі әке-шешесіне жүгіріп келеді. Әке-шешесі баланы іздеп бір аралдың маңынаң тауып алады. Сөйтіп, ел-жұртын жинап той жасайды
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі