Өлең, жыр, ақындар

Бақа

Баяғыда Бақа деген бір шал болыпты. Ол өзі «қой аузынан шөп алмайтын» момын екен, еш уақытта да бір адамға «сені ме!» деген қатты сөз айтпапты. Осы мінезіне қарай, Бақаны жұрт келемеждеп «әулие» деп атапты. Бара-бара Бақа деген аты ұмытылып, оған Әулие деген ат тағылыпты.

         Бақа бір күні бір топ адамға ілесіп, қалаға шығыпты. Қаладан қайтып келе жатқанда, нөсер жаңбыр жауып, көппен бірге жолдағы бір үйге қонуға душар болыпы. Бұлардың қонған үйіне, ел қыдырып, сауда істеп, жұртты алдап, мал тауып жүрген бір бақалшы саудагер де қонады.

         Қонған үйі бір дәу кісінің үйі екен. Қасындағы жолдастары Бақаны мазақтап, «әулие» десе де, есік жақта отырған шалға үй иесі көңіл аудара қоймайды.

         Таң атады. Шай ішіп, жұрт аттанайын деп жатқанда, бақалшы саудагер: «Бірталай матам ұрланды», – деп әлек салады. Үй иесі:

         — Мата табылғанша осында боласыңдар, табылмаса, төлейсіңдер! Сендерден басқа алар адамның жөні жоқ, – деп, қонақтарды жібермейді.

         Әрі керісіп, бері керісіп келгенде қасындағы жолдастары Бақаны кепілдікке ұстап беріп, кеткісі келеді. Сөйтеді де:

         — Мынау отырған біздің жолдасымыз - көріпкел, әулие. Кім алса да осы кісі тауып береді. Таба алмаса, жасырғаны. Осы кісінің түп етегінен ұстап айрылма! – дейді. Бақа ыршып түседі:

         — Байеке! Бұлар қалжың айтады, «әулие» деп, мазақ қылады. Менің ондайлық ешбір өнерім жоқ, – дейді. Бай отырып:

         — Жарайды. Әулие болса, ұрымды тауып берер, тауып бермесе астындағы аты біздікі. Басқаларыңа рұқсат! – дейді.

         Бақа әрі ойлайды, бері ойлайды... Қисайған бай болмайды. Ақырында:

         — Матаны алған сен! – деп, Бақаға жанжал салады.

         — Ай, құдай-ай, жасымнан-ақ осындай із аңдыған адамдарға жолдас болмасам деп ем! Бір күн жолдас болғанда көрген пайдам мынау! – деп, Бақа тұтқын болып, жолдастарынан айырылып, жолынан бөгеліп, қала береді.

         Бай  кешке дейін Бақаны әурелейді.

         — Жоқты табасың, таппасаң, төлейсің! – дейді. Бақа қарғанып-сіленіп, өлердегі сөзін айтып:

         — Әулие де емеспін, матаны да көрген емеспін, – дейді. Бірақ бай болмайды. Тіпті әрі-беріден соң:

         — Сөзге түсінбейтін, безерген неме екенсің! – деп, Бақаны қамшылап та алады.

         Бақа өтінішпен, сөздің жай-мәнісін айтумен құтыла алмайтынын біліп, құтылудың басқа жолын ойластырады. Ақырында:

         — Жарайды. Мен ұрланған матаны табайын. Кешке бір үйді маған оңаша беріңдер! Таң атқанша соған түнейін. Атымды үйдің артына байлап қойыңдар! Таң атқасын жоқтың ізінен хабар берем, – дейді. Бай:

         — Жарайды, – деп, бір үйді оңашалап, кешке Бақаны сонда салады. Бақа олай бір, бұлай бір дөңбекшіп жатыр. Түнімен өзін әлекке салған жолдастарын да, құдайды да қарғаумен болады. Таң қараңғысы болған кезде, Бақа сыртқа шығады. Шықса, аты байлаулы тұр екен. Бірақ байда Бақаның қулығындай қулық болмасын ба? Бақаның ер-тоқымын тығып қойған екен. Кедей сорлыда дұрыс ер-тоқым болған ба? Ер-тоқым біреудікі екен. «Тастап кетсем ұят болар» деп, Бақа іздей бастайды. Ана жерді бір, мына жерді бір қарап жүріп, бір үйдің жыртығынан жылтыраған шамнын сәулесін көреді. Келсе, іште күбір-күбір дауыс шығады. Тыңдап тұрса, сөйлесіп жатқан әйел мен еркек екен.

         — Құдай ұрып, ана «әулие» дегені шын әулие болып, ұрлығымыз ашылып қалса, не бетімізді айтамыз?! – дейді еркегі жатып.

         — Ай, қойшы, әрі! Ол қайбір әулие дейсің? Жоқты айтқаны несі!.. Мына қарашы, шетінен бір сүйемдейін жыртып алып едім, өзі сәтен бе, қалай? – дейді әйелі.

         — Қанша дейсің?

         — Бір топ, бұзылмаған.

         — Оны тыққан жеріңнен біреу-міреу тауып алмай ма?

         — Ай құдай-ай, кім табар дейсің! Шоқы тастың түбіндегі ағаштың түбін кім қазар дейсің?

         Ер-тоқым іздеген Бақа қуанып кетіп: «Жарайды!» деп, үйге қайта келеді. «Бір пәледен аман құтылдым ғой!» деп, тыныш ұйқыға кетеді. Ертеңіне бай Бақаның бетіне қараса, кешегі Бақа емес. Бақаның көңілі жай, мінезі салмақты болып қалыпты.

         «Осы құдай атқанның шынында да бірдеңесі болып жүрмегей еді!» – деп ойлайды бай ішінен.

         Шай ішіп жайланып болғаннан кейін:

         — Ал әулием, көрген-білгеніңді сөйле! – дейді бай.

         Бақа назданып, азырақ отырып:

         — Осы ауылдың адамдарын бірін қалдырмай жина, – дейді. Ауыл адамдары жиналып болғаннан кейін:

         — Мата алысқа кете қоймаған болар. Бала-шағалардың істеп жүрген істері болар. Отырған адамдардан сұрастырып көріңіздер. Бәлкім, өздері де мойнына алар, – дейді Бақа салмақпен.

         Жұрт біріне-бірі қарасады. Бай отырып:

         — Естіп отырсыңдар ғой әулиенің сөзін? Ойнап алғандарың болса, өздерің-ақ айтыңдар, – дейді.

         Жұрт бірінен соң бірі:

         — Құдай сақтасын! Бес-онды қарамыздың игілігін көрсетпесін! –дегенді айтады.

         Соның ішіндегі бір жастау әйел қызараңдап, Бақаға қарап, жалтақтай береді. «Бақа: «Ай, сен-ау ұрлаған!» – деп ойлайды ішінен.

         — Әулие, көріп отырсың ғой! – Мына жұрт қарғанып отыр. Енді не айтасың? – дейді бай Бақаға. Бақа азырақ үндемей отырып:

         — Жарайды, олай болса, матаның жатқан жерін өзім-ақ айтайын. Осы ауылдың маңында бір шоқы тас болу керек, сол тастың жанында жалғыз ағаш болу керек. Соның түбін қазса, мата табылар. Бірақ бір сүйемдейі жыртылып алынған болу керек, – дейді.        

         Мұндай хабарды естіген соң, жұрт отыра ма? Шуласып, тұра жүгіріседі. Барып қазса, айтқандай, көмілген мата шыға келеді. Оның үстіне бір сүйемдей жері жыртылғаны анық болады.

         Жұрт жағасын ұстап, таң-тамаша қалысады.

         — Мынау нағыз көріпкеліңнің өзі екен! – деседі. Матаны алып жұрт байдың үйіне келеді. Әулиенің айтқаны дәл болғанын айтысады. Баяғы жас әйелдің жүзі қуарып кеткенін Бақа көз жіберіп байқайды: «Ай, осы сенсің-ау!» деп ойлайды, тағы да ішінен.

         Жұрт біраз шуласқаннан кейін, манадан бері мата өз аулының ішінен шыққанға тұнжырап отырған бай:

         — Жарайды, әулием! Жоқтың үстінен дәл түстің, мұның жақсы. Енді ұрлаған кісіні айтып бер, – дейді.

         Бақа біраз кідіріп отырып:

         — Жоқ табылды ғой, бай! Бала-шағаның істеген ісі болар. Ар жағын қазбалап қайтесіз? Біреу-міреуді ұялтарсыз, ол жарамас, – дейді.

         — Әлде өзің тығып қойып әулиелік қылып отырмысың? – дейді, бай Бақаны кекетіп.

         Бақа бұл сөзге күйіп кетеді.

         — Олай болса, жарайды. Бірақ... өзіңізге ұят келіп қалып жүрмесін! – деп, Бақа ептеп басын көтеріп, манағы дүдамалды әйелге қарайды.

         Әйелдің көзі тайсалып, жүзі ұялып, жерге қарайды. «Дәл өзі екен!» дейді ішінен Бақа:

         — Матаны алған адам...– деп келе жатқанда, Бақаның сөзін бөліп, жігіт ағасы болған бір кісі:

         — Біздің үйдегі келініңіз екен, мына ноғайға ерегісіп тығып қойып жүрген, – деп күңк ете түседі.

         Байдың беті көмірдей болып, төмен қарайды. Манадан бері алақтап отырған жұрт, біріне-бірі пыш-пыштап, теріс қарап, күбірлеп сөйлесе бастайды.

         — Сөйтсе, матаны ұрлаған-байдың інісінің әйелі, өз келіні екен.

«Бақа көріпкел әулие екен, жұрт ойнап айтам деп, ойлап айтып жүр екен... Сөйтіпті, сөйтіпті, солай болыпты» деген лақап осыдан былай жұрттың бәріне жайылады. Өтірігін қоса айтқан күбір, біреуден біреуге жетіп, Бақаны құдайға қол тапсырып келген нағыз ишан қылып шығарады. Осыдан былай «әулие» деген ат Бақаға шындап тағылады. Қойы ұрланса да, бұзаудың бас жібі жоғалса да, біреу-міреу ауырса да, жұрт Бақаға қарай шабатын болады. Бақа оларға: «Әулие емеспін!» деп, азарда-безер болады. Кей адамдар әулие атаққа құштар болса, Бақа бұл тосыннан тағылған атақтан қашып құтыла алмайды. «Әулие емеспін!» деп, азарда-безер болады.

         Күндерде бір күн аузы алты қарыс ел билеген бір бидің жанынан артық көретін, өзін бір түлік малға бағалайтын жақсы нары жоғалады; нарды күн-түні іздеп, таба алмайды. «Нарды алған кісі бір күн ішінде әкеліп, үйімнің маңына тастап кетпесе, түбіне жетем! Ауыл-маулыңмен шабамын! Еркегін құл қылып, әйелін күң қылып, итжеккенге айдатам! Жаһаннамның түбіне жіберсе де бәрібір, ол нарды таппай қоймаймын!» деп, жарлық хабар таратады. Бірақ нардың ізі-тұзы білінбейді.

         Ақырында нардың өз бетімен табылуынан күдер үзген соң, бай бақсы, балгер іздестіреді. «Нағыз көріпкел бір әулие бар» дегенмен, Бақаны іздетіп, қос ат шаптырады. «Келсе, алып кел, келмесе, сабап-сабап аяқ-қолын байлап айдап кел!» – деп, бұйрық береді.

         Бидің жіберген кісілеріне, бәлен-түген деп,  Бақа ергісі келмейді. Бірақ ту сыртынан тиген дойыр қамшының зардабы шыдата ма? Бақа амалсыздан: «Барсам, барайын» дейді де, байдың үйіне келеді. Бақа келісімен аттан түсер-түспестен-ақ:

         — Солай да солай... Түйемді табасың, таппасаң, басыңды алам! – дейді би.

         — Биеке-ау! Елдің келемеж етіп, шашып жүрген лақабы ғой! Әулиелік менде қайдан болсын?! Мені босқа қыспаңыз, – дейді Бақа. Би тұра Бақаны қамшының астына алады.

         Бақа қамшы батқан соң қорыққаннан:

         — Құлдық, тақсыр, құлдық! Түйеңізді табайын! – дейді.

        — Е, бәсе, аузыңа келгеніңді айтып, оттағанша манадан бері соны айтсайшы? – деп бай ашуын басады. Бақа баяғысындай түнеуге үй сұрайды. Атын үй артына байлауын тілейді.

         — Жарайды, – деп, бай үйін тігіп, Бақаны сол үйге оңаша салады.

«Бүйтіп болған әулиелігі құрысын! Әулиелікті шығарған адамдар кұрысын!» деп, Бақа түнімен әулие-атаулыны қарғайды. «Енді өлген жерім осы болар! «Мазақтың түбі азап» дегендей, ажалым жеткен болар! Мазақтан өлді деген осы емес пе?» – деп, қорланып түні бойы жылап шығады.

         Түн қараңғысы болған кезде, Бақа ептеп үйден шығады. Аңдып тұрған адам жоққа ұқсайды. «Жолым болғай-ау!» деп, үй артына келсе, үй артында байлаудағы аты жоқ. «Бара жатқанның балтасын, келе жатқанның кетпенін қоймаған, жалмауыз! Енді менің жалғыз атыма ауыз салдың ба? Жарлының жалғыз атын төлеуге алдың ба?» – деп, жылап жібереді.

         Бірақ, амал қайсы? Аттан айырылса да: «Бастан құлақ садақа!» – деп, Бақа тайып отырады. «Қуғын болар ма екен?» деп, тұрып-жығылып, қашып келе жатып қалың қамыс арасына келіп, адасып кетеді. Жол қарастырып жүріп, келе жатып қамыстың ортасындағы батпаққа кездеседі; батпаққа батып теңкиіп жатқан бір нәрсені көреді. Жақындап келіп қараса, батпаққа батып өлген бір қара нар екен. «Әй, дәуде болса, осы соның нары-ау!» – деп, біраз ойланып тұрып қуанышы қойнына сыймай, байдың аулына қайта қайтады. Қайтып келіп білдірместен есікті бұрынғысынша қайта жауып, ұйықтап қалады.

         Ертеңіне сәске уақытында тұрып, көңілінде ешбір уайым жоқ, байдың алдына келеді.

         — Ал, таптың ба? – дейді би.

         — Нарыңыздың табылуы қиын екен, алыс сапарға кеткен екен, – дейді Бақа.

         — Өліп пе? – деп сұрайды бай.

         — Өліпті, – дейді. Бай сол жерде отырып, боздап тұрып жылайды.

         — Төрт түлікке балаған малым еді! – дейді.

«Мал деп құныққан, ит-ай!» дейді ішінен Бақа.

         — Өлтірген кім екенін айт! Аспанға ұшса да, жерге батса да жоқ қылам! – деп, ақырады би.

         Бақа отырып:

         — Нарыңыздың жаласы ешкімнен болмапты. Алладан болыпты. Алланың ісіне шара бар ма? – деп, Бақа байға көңіл айтып, нарының жатқан жерін сілтепті.

         Бай ат шаптырып, айтқан жеріне барып қараса, айтқандай, балшыққа батып өлген сол нар екен. Сөйтіп, Бақа бұл пәледен де құтылыпты.

         «Бүйтіп болған әулиелігі құрысын! Бұған нанған елің құрысын!» деп, Бақа, еліне қайтыпты. Бас аманында енді әулиелік құрмасқа ант етіпті.

         Мұндай хабар ел ішінде жатсын ба? «Бақа әулие» деген хабар жұрттың бәріне тегіс жайылыпты. Солай да солай болыпты. «Жарықтык нағыз «көріпкел» екен, бұлжытпастан айтып беріпті!» – деп, бұрынғы бұрынғы ма, жұрт Бақанын «әулиелігін» көкке жеткізіпті. Елдегі өтірікші қулар ойдан қиыстырып, Бақаның басқа түрлі де істеген керемет «әулиеліктерін» айтып, лепірте беріпті.

         «Көріпкел әулие» деген хабарды ханның бір әумесер баласы естіпті.

         — Әулиелік сондай адамға қайдан келіп жүр? Мен оның әулиелігін көрсетейін! – деп, жеті жендетіне:

         — «Тірі болса, өзін алып кел, өлі болса, сүйегін алып кел!» – деп, бұйрық беріп, Бақаға шаптыртыпты.

         Жеті жендеті барғанда Бақа:

         — Әулие емеспін, елдің өсегі, мазағы ғой, бармаймын,— деп, дәлел айтқысы келген екен:

         — Сен оныңды бізге айтпа, хан баласына айт. «Сені, өлі болсаң да, тірі болсаң да, алып баруымыз керек. Жүргің келмесе әрі-бері жондап-жондап, ат құйрығына байлап апарамыз!» – деп, Бақаны қорқытып алып кетеді.

         Еріккен хан баласы алып келе жатқан «әулиені» көріп атқа мініп, алдынан шығады. Жолда келе жатып, тырбаңдап көлге қашып бара жатқан бір бақаға кездесіп, атынан түсе қалып, бақаны қамшысының астына ала бастайды. Бақаны бір ұрады – қамшы тимейді, – екі ұрады – тимейді, үшіншісінде барып тиіп бақа тыраң етеді. Өлген бақаны тымағымен бүркейді де, «әулиені» келісімен жағасынан алып:

         — Сен «әулиемін» – деп, жұртты алдап, әулиенің атын қорлап-ақ болдың-ау! Өлетін жерің енді келді! Алдайтын кісің мен емеспін. Тез айт, мына тымақтың астында не бар? Тапсаң, жаныңның қалғаны, таппасаң, әулиелігіңмен бірге өңешіңді жұламын! – дейді.

         — Дұрыс, шырағым! Менде әулиелік дегеннен түк те жоқ! Әншейін жұрттың келемежі. Мені қинама, шырағым! – дейді Бақа, көзінен жасы егіліп.

         — Сөзіңді қой! Мынаның астында не барын айт! Айтпасаң да өлесің, астында не барын таба алмасаң да өлесің? – деп, ханның баласы Бақаны қамшымен тартып-тартып жібереді. Соққы батқан соң, амал бар ма?

         — Ай, Бақа-ай, олай бардың, өлмедің, – былай бардың – өлмедің! Ақырында, үшінші жолы келіп, ажалыңның жеткені ме? – деп, Бақа байғұс жүрелеп, жылап отыра кетеді.

         Бақа өзі жөнінде айтса да, оны ханның ақымақ баласы тымақ астындағы бақаны айтып отыр екен деп:

         — Апыр-ай, нағыз әулие екенсің! Мен сізге шек келтіріп едім, онымды кешіріңіз! Тымақ астындағы бақа екенін білгеніңіз білген болсын. Менің екі ұрғанда өлтіре алмай, үшінші ұрғанда өлтіргенімді қайдан біліп қойдыңыз? – депті.

         Бақа жоқ жерден ажалдан құтылып, аман қалғанына қуанып:

         — Шырағым, бірін білген соң, екіншісі өзі білінеді ғой! – деп, жауап береді.

         Сөйтіп, мұны есіткен ел тағы да: «Көріпкел әулие!» деп, жағасын ұстапты.

         — «Мұндай әулиелігіңнің тұқымы құрысын!» – деп, Бақа үйіне қайтыпты.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз