Гендерлік теңдік: ерлер мен әйелдердің құқығы тең болу қажет пе?

Қазіргі қоғам дамуының басты көрсеткіштерінің бірі – гендерлік теңдіктің сақталуы. Гендерлік теңдік – ер мен әйел адамның құқықтары мен мүмкіндіктерінің тең болуы. Бұл мәселе тек әйелдерге қатысты емес, қоғамдағы барлық адамның білім алуына, еңбек етуіне, өз қабілетін дамытуына және қоғамдық өмірге қатысуына байланысты. Дегенмен, бұл маңызды мәселе әлі күнге дейін толық шешімін тапқан жоқ. Неге XXI ғасырда өмір сүрсек те, гендерлік теңдік мәселесі бүгінгі күнге дейін өзекті болып отыр?

 

Тарихқа көз жүгіртсек, әйелдердің қоғамдық және саяси өмірге қатысу мүмкіндігі ұзақ уақыт бойы шектеулі болды. Біріккен Ұлттар Ұйымының 2023 жылғы деректерінде сол кезеңде әлемдегі 195 мемлекеттің тек 36-сында әйелдер мемлекет немесе үкімет басшысы болғаны көрсетіледі. Бұл көрсеткіш әйелдердің саяси шешім қабылдау үдерісіндегі үлесі әлі де төмен екенін көрсетеді. Сонымен қатар көптеген қоғамдарда отбасы мен бала тәрбиесіне қатысты міндеттер көбіне әйелдермен байланыстырылып келді. Қазіргі кезде бұл көзқарас біртіндеп өзгеріп, отбасы жауапкершілігін ер мен әйелдің бірге атқаруы туралы түсінік кеңейіп келеді.

Гендерлік теңсіздік еңбек нарығында да байқалады. Кейбір мемлекеттерде әйелдер мен ерлердің орташа жалақысы арасында айырмашылық бар. Алайда мұндай айырмашылықтың себептері әртүрлі болуы мүмкін: қызмет саласы, жұмыс тәжірибесі, жұмыс уақыты, лауазым деңгейі және басқа да факторлар әсер етеді. Сондықтан жалақы айырмашылығын тек жынысқа байланысты деп біржақты түсіндіру дұрыс емес. Сонымен бірге бірдей еңбек пен бірдей талап қойылған жағдайда қызметкерлерге тең мүмкіндіктің берілуі маңызды.

Білім алу мәселесінде де мемлекеттер арасында айырмашылық бар. Мысалы, Нигер, Чад және Йемен сияқты кейбір елдерде қыз балалардың білім алуына түрлі әлеуметтік және экономикалық кедергілер кездеседі. Халықаралық ұйымдардың мәліметтері бойынша, мұндай жағдайларға кедейлік, әлеуметтік теңсіздік, қарулы қақтығыстар және кейбір дәстүрлі көзқарастар әсер етуі мүмкін. Білім алу мүмкіндігінің шектелуі адамның болашақтағы кәсіби және әлеуметтік мүмкіндіктеріне де ықпал етеді.

Гендерлік теңдік жеке еркіндік пен адам құқықтарымен де тығыз байланысты. Кейбір мемлекеттерде әйелдердің киім киюіне, білім алуына, жұмыс істеуіне немесе қоғамдық өмірге қатысуына шектеулер қойылған. Мұндай жағдайлар халықаралық құқық қорғау ұйымдары тарапынан адам құқықтары тұрғысынан талқыланып келеді. Бұл жерде негізгі мәселе – адамның қадір-қасиетін, таңдау еркіндігін және қауіпсіздігін құрметтеу.

Қазақстанда да гендерлік теңдік мәселесі қоғамдық деңгейде қарастырылып келеді. 2023 жылғы халықаралық рейтингтердің бірінде Қазақстан 62-орынға ие болған. Ал гендерлік тепе-теңдік көрсеткіші 72,1 пайызды құраған. Бұл көрсеткіштер елдегі жағдайды бағалаудың бір тәсілі болғанымен, гендерлік теңдікті толық сипаттау үшін саяси қатысу, білім, еңбек нарығы және әлеуметтік мүмкіндіктер сияқты бірнеше бағытты бірге қарастыру қажет.

Ерлер мен әйелдердің құқықтары тең болуы қажет пе деген сұраққа жауап беру үшін, ең алдымен, құқықтық теңдік пен биологиялық айырмашылықтың ара-жігін ажырату керек. Ерлер мен әйелдердің биологиялық ерекшеліктері бар, алайда бұл ерекшеліктер олардың білім алуға, еңбек етуге, өз пікірін білдіруге немесе қоғамдық өмірге қатысу құқықтарын шектемеуі тиіс. Сонымен қатар гендерлік теңдік ерлер мен әйелдердің барлық жағдайда бірдей болуын білдірмейді. Оның негізгі мәні – әр адамға өз қабілетін жүзеге асыруға тең құқықтық және әлеуметтік мүмкіндік берілуі.

Бұл мәселені шешудің негізгі жолы – сана өзгерісі. Гендерлік теңдік отбасыдағы тәрбиеден бастау алады. Бала ұядан не көрсе, ұшқанда соны іледі. Баланы жынысына қарай бөлмей, тең тәрбие беру, қыз бен ұлға бірдей мүмкіндік жасау – болашақта әділетті қоғам қалыптастырудың алғышарты. Сонымен қатар, білім беру мекемелерінде гендерлік мәдениетті қалыптастыру, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы дұрыс көзқарас насихаттау да маңызды рөл атқарады.

Қорыта айтқанда, гендерлік теңдік – жай ғана ұран емес, қоғамның тұрақты дамуының кепілі. Ер мен әйелдің тең құқылы, тең мүмкіндікті болуы – әділетті, қауіпсіз және өркениетті қоғам құруға жол ашады. Сондықтан әр адамзат бұл мәселеге бейжай қарамай, барынша теңдік қағидаттарды сақтауға үлес қосуы тиіс. Гендерлік теңдік орнаған қоғамда ғана адам әлеуеті толық ашылып, болашаққа нық қадам жасауға болады.

 


Ұқсас тақырыптар

гендерлік теңдік
WhatsApp Telegram

Пікір қалдырыңыз

Пікірлер (0)