Әл-Харис ибн Калада әл-Сақафи — исламға дейінгі кезеңде және исламның алғашқы дәуірінде өмір сүрген, Таиф қаласындағы Сақиф тайпасынан шыққан дәрігер. Араб деректерінде «طبيب العرب» — «арабтардың дәрігері» деп аталады. Оның өмірі туралы мәліметтер Ибн Сағд, әл-Қифти, Ибн Әби Усайбиға және Ибн Хажардың еңбектерінде сақталған.

Білімі және дәрігерлік қызметі
Әл-Қифтидің жазуынша, әл-Харис Парсы жеріне барып, Жундишапурдағы және басқа жерлердегі мамандардан медицина үйренген. Сол жақта науқастарды емдеп, танылғаннан кейін Таифке оралған. Ибн Әби Усайбиға жеткізген хабарларда оның Парсы мен Йеменде білім және тәжірибе жинағаны айтылады.
Жундишапур — қазіргі Иранның Хузестан өңіріндегі ежелгі қала. Оны III ғасырда І Шапур құрған. Кейін мұнда медицина мектебі мен аурухана қалыптасқан; кейбір еңбектер олардың ұйымдастырылуын VI ғасырдағы І Хосроу Ануширванмен байланыстырады. Орталықтағы білімнің маңызды арнасы — грек медициналық еңбектерін сирия тіліне аударған христиан дәрігерлердің дәстүрі. Гиппократ пен Галеннің еңбектері осы аудармалар арқылы Парсы жеріндегі дәрігерлік ортаға тараған.
Жундишапурда грек медицинасы оқытылғаны әл-Қифтидің еңбегінде жазылады. Әл-Қифти мен Бар-Эбрей қаладағы Гиппократтық дәрігерлік дәстүрді, ал әл-Қифти шамамен 610 жылы өткен медициналық пікірталасты атайды.
Грек медициналық еңбектері исламға дейін сирия тіліне аударылған: 536 жылы қайтыс болған Решайналық Сергий Галеннің шығармаларын аударған, олардың мәтіндік көшірмелері сақталған. Кейін, IX ғасырда, Хунайн ибн Исхақ Гален еңбегін Жундишапур дәрігеріне арнап аударғанын жазған. Бұл қаланың грек медициналық мұрасымен байланысын көрсетеді.
Мұхаммед пайғамбармен байланысы
Әбу Дәуіттің «Сунан» жинағындағы 3875-хадисте Сағд ибн Әби Уаққастың ауырғаны баяндалады. Мұхаммед пайғамбар оған:
«ائْتِ الْحَارِثَ بْنَ كَلَدَةَ أَخَا ثَقِيفٍ فَإِنَّهُ رَجُلٌ يَتَطَبَّبُ»
Мағынасы: «Сақифтық әл-Харис ибн Каладаға бар: ол емшілікпен айналысады», — дейді. Хабардың жалғасында жеті ажуа құрмасын сүйектерімен бірге жаншып, дәрі ретінде беру айтылған. Бұл риуаят жеткізу тізбегіндегі үзіліске байланысты әлсіз деп бағаланған. «Әлсіз риуаят» — «оқиға болмаған» деген сөз емес.
Ибн әл-Асирдің «Усд әл-ғаба» еңбегінде оқиғаның кеңірек нұсқасы бар. Сағд қоштасу қажылығы кезінде ауырғанда, Мұхаммед пайғамбар әл-Хариске «عَالِجْ سَعْدًا مِمَّا بِهِ» — «Сағдты ауруынан емде» дейді. Әл-Харис ажуа құрмасын хулбамен — бойдана өсімдігімен араластырып, сары май қосып ішкізеді. Мәтінде Сағдтың жағдайы жақсарғаны айтылады. Бұл хабарды Ибн Манда мен Әбу Нуғайм да жеткізген.
Ибн Сағд пен әл-Қифтидің жазбаларында Мұхаммед пайғамбар сырқаты бар адамдарды әл-Хариске кеңес сұрауға жіберетін деген жалпы мәлімет кездеседі. Ибн әл-Қайимнің «Әт-Тыбб ән-набауи» кітабында да әл-Харистің Сағдты құрма мен хулба қоспасымен емдегені баяндалады.Тарихта бұдан басқа да іздері бар.
Медициналық сұхбаты және қолжазбалары
Әл-Хариске телінген белгілі мәтін — оның Ануширванмен медицина жөніндегі сұхбаты. Ибн Әби Усайбиға оны «Уюн әл-анба фи табақат әл-атибба» кітабында келтіреді. Әңгімеде тамақтану, дәрі қолдану, адам ағзасы және сол дәуірдегі төрт сұйықтық туралы түсініктер қарастырылады.
Осы мәтіннің көшірмелері мен үзінділері:
-
Токио университетінің Дайбер жинағында: MS 113, 143v–146r — XVII ғасырдағы толық көшірме.
-
Берлин мемлекеттік кітапханасында: Ахлвардт каталогы №6246, 31b–33b — үзінді.
-
Бетесдадағы қолжазбалар жинағында: MS A 82, item 4, 201b–202a — XVII ғасыр соңы немесе XVIII ғасыр басына жатқызылатын үзінді.
Сақталған қолжазбалар әл-Хариске телінген медициналық мәтіннің кейінгі ғасырларда көшіріліп, таралғанын көрсетеді (сақталу орындары мен нөмірлері қолжазба каталогтарында сипатталған).

- Дарина Серіққызы
- Дарина Серіққызы
- Омархан Айнұр
- Омархан Айнұр
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі