Өлең, жыр, ақындар

Қыз бен шал

Өткен заманда он сегізге келген бір ақын қыз ауыл-аймақ ішіндегі бозбала, жігіт-желеңге өлеңмен ұпай салып азар-ақырет берсе керек. Содан қызда есесі кеткен ел жігіттері алыс жердегі атақты ақын шалды ат-шапанын беріп қызбен айтыстырмақ болып алып келеді, қыз мұнан хабарсыз болады. Екеуіне арнайы қызойнақ істейді. Көпшілік жиналған соң, шал қызға «айтысалық» деп өлең айтады. Қыз: «Сізді шал демейін, айтысайын, бірақ та бір жұмбағым бар, соны жасыруға рұқсат беріңіз», – дейді. Шал рұқсат береді. Қыз: «5 күшік, 10 ит, 20 бөрі, 30 арыстан, 40 қабылан, 50 өгіз, 60 арқан, 70 тұсау, 80 шідер, 90 торғай, 100 жұмыртқа», – депті. Шал:

         «Адамның жасы мен күш-халін жасырып отырсыз», – деп шешімін өлеңмен қайырады; 5 жаста адамзат мысалы күшік мінезді, 10-да иттей, 20-да бөрідей, 30-да арыстандай болады, 40-та қабыландай болады. 50-де күші көп момын өгіздей, 60-та аттай арқандалады, 70-те оның үстіне тұсауланады, 80-де арқан, тұсау үстіне шідер түседі, 90-да торғайдай халі болады, 100-де шертіп қалсаң жарылатын бір жұмыртқадай қауқары қалады», – деп шешкен екен. Қыз шалдан: «Өзің қайсысың?» дегенде, шал жасым 65-те, арқандалғаныма біраз болып еді, осы күнде жұлқына беремін, тұсау салып қойыңдаршы дегенді естіп жүрмін», – депті.

         — Ата, бұрын қыран болсаңыз да балақ бауланып тұғырыңызға отырған екенсіз. Тұлпар болсаңыз да арқандалған екенсіз. Арқанның ең ұзыны-жортуылшының арқаны – 40 құлаш, мен қызыл алтайымын, сіз алатын 40 құлаш жерді баспаймын, – депті қыз.

         Қыздың ақылына, тапқырлығына риза болған шал қызға батасын беріпті, қыз қолынан суырып алтын балдағымен қалтасынан алып жібек орамалын шалға тастапты.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз