Бұрынғы өткен заманда бір кедейдің үш ұлы болыпты. Бүкіл өмірі байлардың есігінде өткен кедей өлерінде үш ұлын қасына алып отырып өсиет айтады. «Үйдің шығыс жағында бір жалмауыз бай бар, соған өлсеңдер де жалданбаңдар», – дейді.
Әкесі дүниеден қайтқан соң үш баласы қызмет істеуге кіріседі. Ең әуелі қызмет іздеп, ең үлкен ағасы үйінен кетеді. Ол көп уақыт жүріп, қызмет таба алмай әкесі «барма» деген байға барады. Бай мұны көрген соң «хош келдің» деп қарсы алады. Бай бұған:
— Саған бір қызмет берем, соны орындасаң, жалшылыққа алам. Ал орындай алмасаң, басыңды алам, бәрібір басқа байларда жұмыс жоқ, – дейді. Кедейдің үлкен ұлы:
— Жарайды, жұмысыңды істеймін, – дейді. Бай жұмысының түрімен таныстырмақ болып кедей ұлына:
— Бір қара нарым бар, күніне 40 бөшке су ішеді, қырық арба құмалақ шығарады, 40 арба пішен жейді, осыны баға алсаң қызметке аламын, егер бұны атқара алмасаң басың алынады, – дейді. Жарлының үлкен ұлы жұмыстарды амалсыздан орындауға кіріседі. Алғашқы күннен-ак үлгере алмайды. Бай 4-5 күннен кейін келіп қараса шөп те, су да жетіспей қара нар арықтап қалған екен. Бай ашуланып кедейдің үлкен ұлының басын алады. Жұмыс сұрап келген адамдарға бай осындай қолдан келмейтін жұмыс тапсырып өлтіре беретін болыпты. Бұдан соң ортаншы ұлы да осы жолмен қаза табады.
Ендігі үйде қалған кіші інісі ағаларын іздеп шығады. Оны жұрт «бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс» деп атайды екен.
Бірқарыс ағаларын іздеп, көп қиындықтарды басынан өткізеді. Ақырында Бірқарыс зұлым байдың аулына келеді.
Бай бұны көріп қуанып, қарқылдап:
— Ал саған жұмыс әзір, – дейді.
— Қандай жұмыс? – дейді Бірқарыс.
— Бір қара нарым бар, күніне 40 бөшке су ішеді, 40 арба құмалақ шығарады, 40 арба пішен жейді. Соны күтуің керек, егер күте алмасаң басың алынады, – дейді. Бірқарыс күлімдеп:
— Мақұл, нар деген менің көп баққан малым, бабын табармын, – дейді.
Бірқарыс нарды күтуге кіріседі. Бай үйіне барып: «Қолыма қалай түспей кетер екенсің бәлекетім», – деп масаттанады.
Бірқарыс нарға барып, нарды пішен жейтін орнынан кейінірек, басын пішенге жетпестей етіп байлайды. Одан кейін төрт аяғын төрт қазыққа байлайды. Нар әрі ұмтылады, бері ұмтылады шөп жеп, су іше алмайды.
Бай бір күні келіп көрсе, нар ашығып қалған сияқты көрінеді, бірақ алдында пішен, су дегендер толып тұрады. Бай Бірқарысқа:
— Бірқарыс, ана нарды отқа жібер, – дейді де, үйіне кетеді. Бірқарыс:
— Құп, қожа! – деп қала береді. Бай кетісімен Бірқарыс нарды пішенімен қосып, отқа өртеп жібереді.
Бай бұны көріп, ашуланып, Бірқарысқа келіп:
— Нарды өртегенің не? – дейді. Бірқарыс:
— Бай-еке, ана нарды отқа жібер,– деп өзіңіз бұйырған соң, сізге әсілі нардың керегі болмай қалған ғой деп отқа жібердім, – дейді. Бай Бірқарыстан жай құтыла алмайтынын сезіп, оны бір қиын жұмысқа жұмсағысы келеді.
Бай бір күні Бірқарысты шақырып алып, алыстағы Ақсақтемір ханның жүйрік қара арғымағын қалайда әкеліп беруін талап етеді.
Бірқарыс разы болып, «Қара арғымақты әкелген соң, барлық мүлкіңнің тең жартысын бересің», – дейді байға. Бай ішінен: «Бәрібір қара арғымақты әкеле алмас», – деп ойлап, мүлкінің тең жартысын беруге келіседі.
Бірқарыс байдың бір жүйрік атын мініп жолға шығады. Бірнеше күндер, апталар жүріп, Ақсақтемірдің еліне де жетеді.
Келсе, Ақсақтемір ханның елінде бір үлкен той болып, ат шабысына әзірленіп жатыр екен дейді. Көптеген жерлерден келген аттарды, Ақсақтемірдің еліндегі аттарды және Ақсақтемірдің қара арғымағын бәйгеге қосады.
Бірқарыс та астына үлкен құс жастық салып, бұ да өз атымен бәйгеге қосылады. Аттылар бәйге төріне барып, аттарды қоя бергенде, Бірқарыс алдынан оза отырып, құс жастықты жарып жіберіп жүнін бәйгеге қосылғандар алдына қарай бората береді. Жастықтың жүні дауылдай борап, бәйге атындағылардың көзін бітей береді. Бәйгешілер көздері бұлдырап, ештеңе көрмей аттарының басын басқа жаққа бұра жөнеледі. Қалғандары лағып шығып кетеді.
Бәйгеден тек Бірқарыс бұрын келеді, одан соң Ақсақтемірдің қара арғымағы келеді.
Ақсақтемір бұны көріп, табанда ашуланып қара арғымаққа мінген адамын табанда өлтіреді де, Бірқарысты шақырып алып:
— Қонақ! Мал ал, алтын ал, не алсаң да атыңды бер, – дейді. Бірқарыс:
— Хан тақсыр, алыңыз, бірақ маған қара арғымағыңызды беріңіз, елге мініп қайтайын. Көлігім жоқ және де бір мың ділда алтын беріңіз, – дейді. Есінен танып қалған Ақсақтемір:
— Ал... ал... ал! – деп Бірқарыстың атының басынан ұстай береді.
Бірқарыс Ақсақтемір елінде қонақ болып жатып, ханның қара арғымағын және бір мың ділда алтынын алып, еліне қайтады. Жолда бірнеше күндер жүріп байдың еліне келеді. Байға қара арғымақты беріп, уәделі мүлкін сұрай бастайды. Бай Бірқарысқа:
— Мүлкімнің тең жартысын аласың ғой, бірақ менің үйімдегі барлық жұмысты істейтін боласың, – дейді. Бірқарыс оған да көнеді.
Бірқарыс байдың барлық жұмыстарын мүлтіксіз орындап, қайткенде айтқан уәдесін орындатуды ойлайды. Бай Бірқарыстан қорқып қашпақшы болады. Бұны Бірқарыс сезеді де, байдың жол азық салған сандығының түбіне тығылып жатып алады.
Бір күні түнде бай әйелімен екеуі түн ортасында сандықты арбаға салып қашады. Жолға шығып, ұзаған соң бай: «Уһ, енді құтылмасақ, Бірқарыс бізге күн бермес», – деп қояды. Бірқарыс сандық ішінде жатып: «Иә, құтылдың!» – дейді. Бай әйеліне:
— Апырай, даусының құлаққа естіліп тұрғанын-ай! – дейді. Тағы біраз уақыттар жүріп, елден әбден ұзаған соң: «Құтылдым-құтылдым!» – дейді бай. Бірқарыс қатты дауыстап: «Иә, құтылдың», – дейді. Бай ашуланып:
— Құтылдым, құрғырдың дауысы қайдан естіліп тұр? – дейді. Бірқарыс тағы да:
— Құтылдың, бәсе құтылдың! – дейді. Бай мен әйел құрғырға не болды деп құлақтарын баса қояды.
Екінші күні кешке таман Бірқарыс сандықтың ішінен шыға келеді. Бай мен әйелде үрей қалмайды.
Кешке құдық басына қонады. Бірқарыс та баймен бірге отырып алады. Бай ішінен Бірқарысты түнде құдыққа тастап жіберуді ойлайды.
Түн ортасы ауғанда бай мен әйелі ұйқыға мас болып жатқанда, Бірқарыс байдың әйелін өз орнына салып, өзі байдың қасына жатып алады. Бай бір уақытта оянып, Бірқарыстың орнындағы өз әйелін сүйреп апарып құдыққа салып жіберіп, орнына келіп жата қояды.
Ертең ерте бай әйелін оятайын десе, қасында жатқан Бірқарыс. Бай жалма-жан атын жегіп, қаша жөнеледі.
Бірқарыс артынан қуып береді. Бай қалың тоғайға тығылады. Бірқарыс тоғайға өрт жібереді. Бай тоғаймен өртеніп кетеді.
Бірқарыс байдың ауылына келіп, барлық малдарын айдап еліне келеді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі