Баяғыда Мұрат деген кісі болған екен. Бір күні ол алыс сапарға аттанады. Жол жүріп келе жатып, қатты шаршаған Мұрат айдаладағы жалғыз үйге кез келеді. Үйге кірсе, аяғы кісендеулі, жас, әдемі келіншек отыр. Қасында үш күшік жүгіріп жүр. Мұрат амандасып болған соң:
— Құдайы қонақпын. Дәм айдап осы үйге келіп отырмын. Қарсы болмасаңыз, сіздің үйге тоқтап, әлденіп, тамақтанып алсам ба деп едім. Ақыңыз кетпес, пұлын берем, – дейді.
Келіншек Мұратты ет пен қымызға тойдырады. Тамақ ішіп болған соң, бір-бірінен жөн сұрасады. Келіншектің аты Ханым екен. Ол:
— Мен сиқыршы шалдың әйелімін, мына күшіктер - оның балалары. Күйеуімнің бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс. Ол қазір малын бағып, далада жүр. Үйге кешке қарай келеді. Өзінің маған көрсеткен қорлығы ұшан-теңіз, – деп әңгімелеп береді. — Менің адам атаулыны көрмегеніме бірталай жыл болды. Сізді Құдай айдап келген шығар. Мені осы пәледен құтқара көріңіз, – дейді сұранып.
Мұрат келіседі, сол кезде Ханым сөзін жалғастырып:
— Оның келетін уақыты болып қалды. Бұл жерден тезірек кеткеніміз жөн. Өзі – жүйрік. Біздің бір күн жүрген жерімізге көзді ашып-жұмғанша жетіп барады. Уақыт ұту үшін, осы үйді жығып, заттарын әр жерге үйейік. Сосын балаларының бірін батысқа, бірін шығысқа, енді бірін темірқазық жұлдызының бағытына қарай апарып тастайық. Ол балаларын жинап, заттарын түгендеп жүргенде, біз біраз жерге барып қалармыз, – дейді.
Енді екеуі осының бәрін орындап, қашады. Жол-жөнекей Мұрат:
— Бұл жауыздың қолына қалай түсіп жүрсіз? – деп келіншектен сұрайды.
— Біздің үйдің бір асау аты болатын. Бірде ол жоғалып кетті. Соны іздеймін деп елден алыстап кетіппін. Бір мезгілде қарасам, атым бір бұтада байлаулы тұр. Жақындап келсем, бұл бұта болмай, бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс шал болып шықты. Атымды сұрайын деп жақындаған кезімде, ол мені шап беріп ұстай алды. Аяқ-қолымды байлап, үйіне алып келді. Атымды сойып жеді. Өзінің маған көрсетпеген қорлығы жоқ, – деп, Ханшайым жауап береді де: — Жүрісті тездете түсейік, ол ендігі үйіне келген болар. Егер шал бізді қуып жетер болса, есіңізде болсын, оның сиқыры тек басына қатты соққы тиген кезде ғана жойылады, – деп, сөзін жалғастырды.
Осылай Ханым мен Мұрат күні бойы жүріп, түн болғанда бір жерге келіп жатады. Таңертең Мұрат Ханымды таппай қалады. «Қайда кетті екен?» деген оймен жан-жағына қарап тұрған ол алыстан жүгіріп келе жатқан кішкентай адамды көреді. «Бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс шал осы болар» деп, Мұрат қаша жөнеледі. Жүгіріп барып бір теректің басына шығады. Сиқыршы шал да терекке өрмелейді. Осы кезде шалдың сақалы бұтаққа ілініп қалады. Ол сақалын тартып, теректің басына қарай өрмелей түседі. Сақалы бұтақтан бұтаққа ілініп, талға оралады. Ханшайымның айтқан сөздері Мұраттың есінен шығып кеткен еді. Ол шал осылай сақалымен әлек болып жатқан кезде, теректен түседі де тауға қарай бет алады. Таудың басына шығып, бойы бір қарысты таспен атқылайды. Бойы бір қарыс лақтырған тасты қағып алып, өзіне қайта лақтырады. Сөйтіп, екеуі таспен ұзақ атқыласады. Ақыры шал қинала-қинала теректен түседі. Енді таудың басына қарай бет алады. Өрмелеп келе жатып аяғы тайып, сайға қарай құлайды. Осылай басына қатты соққы тиген шал сиқырынан айырылады.
Шалдан құтылған Мұрат баяғы бағытымен жүре береді. Кенет алдынан бір-бірімен арбасып жатқан ақ және қара жылан шығады. Қарасы ақ жыланға едәуір қысым көрсетіп, тықсырып барады екен. Оларды қызықтап қарап тұрған Мұрат «ақ түс тазалықтың белгісі ғой» деген оймен ақ жыланға болысып, қара жыланды жығып береді. Жауын жеңген ақ жылан бір сілкініп, сұлу жігітке айналады да:
— Сізге үлкен рақмет. Мен ақ жыландардың патшасымын. Анау жатқан – қара жыландардың патшасы. Оның бір жыланы бізге қосылып кетіп, сол үшін төбелесіп жатқан едік. Сіз болмағанда, менің аман қалу, қалмасымды бір Құдай білер еді. Осы көмегіңіз үшін қандай жақсылық жасасам екен? Ғажайып алтын жүзігімді берейін. Ол жүзікті таққан адам қалауына қарай бай да, патша да бола алады. Осы тартуымды шын көңілмен қабыл алыңыз, – дейді.
Мұрат жігіттің ақ ниетіне разы болып, сыйлығын алады. Жыландардың патшасымен қоштасып, сапарын жалғастырады. Ақыры бір елге келіп, тұрақтайды. Сол елде ол Ханшайымды кездестіреді. Неліктен айтпай жоқ болып кеткенін Ханшайым Мұратқа былай деп түсіндіреді:
— Менің адам тілін түсінетін, ғажайып тазы ит пен мысығым бар. Олар қатар тұрғанда, ешкімге көрінбей, қалаған жерге көзді ашып-жұмғанша жете алатын қасиеттерімен ерекшеленеді. Аттың артынан кеткен мені ит пен мысығым іздеп шығыпты. Ұйықтап жатқан жерімнен тапқан олар орталарына алып, қатар тұрып елімізден бір-ақ шығыпты. Одан кейін бұйрығым бойынша екеуі сені сыртыңнан бақылап жүрді. Осы қалаға келе жатқаныңды да мен біліп отырған едім.
Әңгімені тыңдап болған соң Мұрат Ханшайымға көңілін білдіреді. Қыз да оны ұнатқан екен. Екеуі келісіп, некелеседі. Тұрмыстары оңалып, байи бастайды. Олардың тез баюы осы елдің халқын таңдандырады.
Бір күні Мұрат шарап ішіп, мас болып, бар сырын қасындағы жолдастарына айтып қояды. Мұны жолдастары халыққа жаяды. Олар:
— Мұраттың керемет алтын жүзігі бар екен деседі. Осы әңгімені бір зұлым кемпір естиді. Ханшайыммен танысып, оларға қызметші болып жалданады. Үйге сіңіп, шаруашылығына да араласа бастайды. Жүзіктің қайда жатқанын да біліп алады. Бір күні үй иелерінің жоқтығын пайдаланып, текеметтің арасына жасырып қойған жүзікті ұрлап кетеді.
Осылай зұлым кемпір қулығын асырады, Мұрат жүзіктен айырылып қалады. Әрі-бері іздеп, қатты қамығады. Иелерінің жабырқау көңілін байқаған ит пен мысық жүзікті іздеп шығады.
Жол-жөнекей кездескен ауылдарды қарап, кемпірді талмай іздейді. Бір күні кемпір тұратын ауылды табады. Екеуі қатар тұрып кемпірдің ауласынан бір-ақ шығады. Бұл күндері байи бастаған кемпірдің есігінің алдында екі жүздей қой жайылып жүр екен. Ит пен мысық көзге көрінбей үй ішіне кіреді. Қасында үш баласы бар кемпір нағыз ханшадай, төрде көсіліп жатқан еді. Сақинаны сұқ саусағына киіп алыпты. Ит пен мысық қолайлы уақытты күтіп, кемпірді бақылап жата береді. Осылай кеш батқанға дейін жатады. Қараңғы түскен соң үй иелері жатып демалуға қамдана бастайды. Осы кезде кемпір қолындағы алтын сақинаны шешіп, сандыққа салып қояды. Елдің көзі ұйқыға кетті-ау деген кезде, екеуі ақырын басып, сандыққа жақындайды. Сандықтың құлпын аша алмай әуре болып жатқан кезде, тықырдан кемпір оянып кетеді. Ол сандықтың қасынан жалт етіп, жоқ болып кеткен ит пен мысықты байқап қалады. Арттарынан қуа жөнелмек болады, бірақ олардың қайда жоғалып кеткенін білмей, аңтарылып қалады. Балаларын оятып:
— Ит пен мысықты тауып келіңдер! – деп бұйырады. Өзі іште қалып, сандықты ашып, сақинаны алады. Сақинаны саусағына сала бергенде, ит жақынырақ келіп аяғынан тістеп қалады. Кемпір қолындағы сақинаны түсіріп алады. Осыны пайдаланған мысық ғажайып алтын сақинаны бас салып, тазыға қатарласқан кезінде екеуі көзден ғайып болады. Осылай ит пен мысық жүзікті Мұратқа әкеліп береді. Мұрат пен Ханшайым оларға разы болады. Бағады, асырайды. Осы күннен бастап жүзікті күндіз мысық, түнде тазы күзететін болыпты.
Мұрат пен Ханшайым ғажайып ит пен мысықтың, жүзіктің арқасында байлық, бақытқа кенеліпті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Айназ
Бұның ішінен барлық ертегіні табуға болады
Мұрат
"Алтын жүзік" ертегісі ең қызық ертегі