Өлең, жыр, ақындар

Ертегі

- Досан, Таңның бесігін тербете тұршы, мына жерді кішкене жинап алайын, - деді Гүлзира күйеуіне қарап.

Досан бесіктегі баласының жанына келіп отырды. Көзі жылтырап жатқан сәбиіне қарап:

- Ертегі айтып берейін бе? - деді Досан. Сонан соң:

- Әкең тірлік деп жүріп ертегіні де ұмытты ғой. Сонда да айтып көрейін енді, - деді.

Ерте, ерте, ерте замандарда ханның ай десе аузы, күн десе көзі бар қызы болыпты. Өзі сұлулығымен бірге ақылды екен. Сондықтан ба жанына ешбір жігітті теңгере қоймапты. Осылай уақыт өте береді. Бір күні ханның қызы ел айтып жүрген әңгімеден Досанның ұлы Таң деген жігіттің бар екендігін естиді.

Гүлзира күйеуінің айтып отырған ертегісіне өзі мен баласының атын да қосып жібергенін естіп күліп жіберді.
Досан ертегісін әрі қарай жалғады:

Бір күні қыз әкесінің уәзірлеріне "мен Досанның ұлы Таңды көргім келеді" дейді. Уәзірлер Таңның үйіне келгенде, Таң үйде жоқ еді. Таңның анасы Гүлзира уәзірлерді көріп уайымдап қалады. Бірақ уәзірлердің жүзі жылы еді. Олар Таңды ханның қызы көргісі келетіндігін жеткізеді.
Таң ордаға келеді. Ханның қызы Таңның көркі мен сымбатына іштей көңілі толыпты. Бірақ сыртқа сыр бермеген күйі жігіттің батылдығын сынап көрмекші болады. Қыз қандай сынақтан өткізсе де, Таң өзінің ержүрек, батылдығымен қызды қайран қалдыра беріпті. Қыз енді осынау көрікті де батыл жігіттің ақылы мен білімін де сынап көрмекші болып, оған шешуі қиын сұрақтар ұсынады. Қыз қандай сұрақтар қойса да, Таң оны
зеректігімен, ақыл-білімімен тәнті ете берді. Жігіттің көркі мен батылдығына ақыл-білімі де сай екендігіне әбден көзі жеткен қыз енді Таңға былай дейді: "Маған өнеріңді көрсет, жігіт адам өнерлі болуы тиіс". Таң өнерімен қыздың көңілін толқытты. Іштей іздегені осы жігіт екендігін
түсінген қыз әкесіне қарап: "Әке, менің теңім - осы жігіт, батаңызды беріңіз" дейді. Хан рұқсатын береді. Таң ханның қызын жетелеген күйі үйіне алып келгенде, Таңның анасы әуелде таңырқап қалады. Солайша ханның қызын келін етіп алып, ханмен құда болған екен.

- Ханның әйелімен құдағи болыпты десеңші, - деді Гүлзира күліп. Сонан соң жеңіл күрсінді:

- Шіркін-ай, қалада  өз баспанамыз да болатын уақыт қашан болады екен?

Досан жарын жұбата сөйледі:

- Осыған да шүкір де, жаным. Ауылдан қалаға келгеніміз енді ғана ғой. Осы пәтердің пәтерақысын уақытылы тауып бере алып отырғанымызға да шүкір де. Ертеңіміз жарық болар, әйтеуір.

Ерлі-зайыптылар бесіктегі ұлдарына бір түрлі үмітпенен қарады.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз