- Телеграмманы апарып бер, - дейді ағасы бұған.
- Ана телеграмма ше?
- Ол телеграмманы газетпен бірге жеткізуіңе болады. Ал мына телеграммада біреудің дүние салғандығы туралы хабарланған. Алдымен жеткізіп бер. Сонан соң қайтып кел. Газет таратасың.
Хат тасушы болып апайы істегенімен, оның жұмыстарын үлкен ағасы атқарады. Себебі апайының үй жұмысынан қолы да босай бермейді.
Әсіресе, газетке жазылу науқаны кезінде ағасының жұмысы көбейеді. Себебі газетке жазылушылардың тізімі жасалып бітемін дегенше, сонша уақыт кетеді. Сонан соң барып қана адамдар газетке жазылғандығы туралы түбіртектерін алар еді.
Газетті байланыс бөлімшесіне қаладан күн сайын арнайы көлік әкеліп тастайды. Онда газет-журналдармен бірге сәлемдемелер де жеткізіледі. Орауы ашылмаған күйі жатқан газет-журналдарды енді апайы үлкен үстел үстіне қояды. Сонан соң олар орауы жазылып, үшке бөлініп айырылады. Дәл осы сәтте қалған екі хат тасушы апайының қолынан көз айырмаған күйі қарап тұрар еді. Бейне үлкен үстел үстінде ақша бөлініп жатқандай. Себебі хат тасушы үшін газеттің маңызы ақшадан кем емес, газеттің бір саны кем шықса, хат тасушының бүкіл еңбегі шайылады. Рас, кейде қаладан жеткізілген буманың өзінен де газеттің саны кем шығып жататыны бар. Енді апайына тиесілі газет-журналдар үйге тасып жеткізіледі. Ағасы үйге келген газет-журналдарды өзі жасаған тізім бойынша айыра бастайды. Ағасы мен апайы барлық газет-журналдарға ең алдымен өздері жазылған. Газетті айырғанда газеттің бетіне адамның аты емес, үй иесінің фамилиясы мен есімінің бас әрпі қойылып кететіндігін, осыған дағдылануын ағасы бұған ескерткен. Бұл ағасының өзіне уақыт үнемдеу үшін керек екен.
- Хаттар газеттің тұйығына салынды, - дейді ағасы. - Телеграмманы қалтаңа сал. Газетті шарбақтың басына қыстырып кетпе. Егер үй иесінің қолына апарып бергің келмесе, міндетті түрде ауызғы бөлмеге кіргізіп қойып кет.
Хаттар негізінен газеттен бөлек ұсталуы керек. Бұл үшін хат тасушының арнайы сөмкесі болады. Мұндай сөмкелер берілген, бірнешеуі жатыр. Бірақ оларды ешкім ұстаған емес. Сонымен бірге хат тасушының әйел адамға арналып тігілген киімдері де берілген. Апайының өзі де газеттің белгілі бір бөлігін таратады, бірақ бұл киімдерді еш уақытта киген емес.
Газет апарғанда адамдар көбіне хат сұрайды. Әсіресе, хатты қыздар жиі сұрар еді. Ауланың сыртынан мұны көре салып сол үйдің қызы:
- Хат бар ма?! - деп дауыстап айғайлайды.
Ашықхатты хатпен шатастыруға болмайды. Ашықхат та жақсы, бірақ хат одан да жақсы. Бұл жолы хат шығады.
- Бар!
Қыз хатты қолына ала салып, дереу жазуына үңіледі. Әскерден келетін хаттар маңызды хаттар болып есептеледі. Егер хат қыздың әскердегі ағасынан келген болса, қыз:
- Апа, ағамнан хат келді! - деп айғай салар еді.
Мұндайда ашық тұрған сарайдың есігінен әлдебір жылыжүзді, қара торы әйел сүріне-қабына атып шығады:
- Ақұдай, ақұдай! Жарығым сол, жарығым!
Хат тасушылар - көбінесе адамдарға қуаныш жеткізіп тұратын мамандық.
Енді көрші үйге қарай беттейді.
- Амансың ба, шырағым?! Апаң ауырмай отыр ма?
Тағы да бір иман жүзді, қара торы әйел мұның апасының амандық-саулығын сұрап жатар еді.
Жандос
Тек хат атысушы туралы Ғабитхан туралы емес