Жас өнертапқыштардың өмірімізді ыңғайлы етуге қосқан үлесі аз емес. Тіпті 17 қаңтар күні бүкіл әлем бойынша Өнертапқыш-балалар күні де атап өтілуде. Бұл дата Американың мемлекет қайраткері, дипломат, ғалым, өнертапқыш және журналист Бенджамин Франклиннің туған күнінен алынды. Бен Фраклин 12 жасында алғашқы болып - шомылу барысында екі қолға киілетін ескекті ойлап тапты.
Кейіннен Б.Франклин көптеген сынақтар жасап, ғылыми зерттеулерін жалғастырды және әлемдік ғылымға сүбелі үлес қосты. Ғалымның кейбір тұжырымдары дәуірден бірнеше жыл алға озық болды. Оның көптеген өнер табыстарының арасында тербелмелі-кресло, бифокалды көзілдірік және басқалары бар.
Көбіміз балалардың идеяларын шындап қабылдамаймыз. Бұл бекер екен, себебі өскелең ұрпақтың пайдалы өнертабыстарымен қуантқан кездері аз емес. Біз сіздерге балалар ойлап тапқан ең танымал өнертабыстар жайлы айтпақпыз.
Ойлап тапқан: Жозеф-Арман Бомбардье, 15 жас
Он бес жасқа толғанда Жозеф-Арман Бомбардьеге өнертабыс жасауға мүмкіндік туады. Әкесі баласына тозығы шыққан ескі «Ford T» сыйлайды. Оны айдауға келмейтінін түсінген бала тәжірибе жасап көруге бел буады. Фордты бірнеше бөлікке бөлген ол көлікті жетілдіріп, қар кешкішке айналдырады.
Ойлап тапқан: Луи Брайль, 15 жас
Он бес жасар Луи Брайль, әскери істе қолданылатын арнайы «қара шрифтпен» танысқан соң өз шрифтін ойлап табады. Осылайша, миллиондаған зағип адамдарға қажетті ақпаратты оқу арқылы білуге мүмкіндік берді.
Ойлап тапқан: Роберт Пэтч, 6 жас
Алты жасар Роберт Пэтч болмағанда жүк тасығыш және басқа да өндірістік көліктерге ұқсас ойыншықтардың пайда болуын әлі талай уақыт күтер едік. Балаға шанағы артқа қарай серпілетін көліктердің ұнағаны сонша, ол қайта-қайта соның суретін сала берген. Кейін әкесі баласының сондай бір суретінен ойыншық жасап шығарып олар оны патентеп те алады. Осылайша жүк тасығыш ойыншықтардың пайда болуына ықпал етеді.
Ойлап тапқан: Аланна Майерс, 8 жас
Сегіз жасар Аланна Майерс жиі құлап, тізесін жаралап алатын болған, ал кейін жазылып келе жатқан теріге жабысып қалатын бинтті алудан қатты қорыққан. Ауруханадан шыққан соң, қыз тізесіне жабысқан бинтті ауру тудырмай алу үшін арнайы қоспа ойлап тапты. Сабын, су және лаванда эссенциясынан тұратын қарапайым құрал көптеген адамды ауру сезімінен құтқарды.
Ойлап тапқан: Анастасия Родимина, 10 жас
Он жасар Анастасия Родимина кляксография арқылы сурет салуға үлкен қызығушылығын білдірді. Бірде қыз суретін ақ парақтардың арасында, терезенің алдында ұмытып кетеді. Уақыт өте келе суреттің шет жағындағы бояулары кетіп қалады, ал жабылып тұрған тұсының бояуы сол қалпы қалады. Осындай метамарфозаны байқаған қыз атасына мақтанышпен жеткізеді, ол суретті осылайша жасау әдісін лайықты бағалап, өнертабысты патенттеуге көмектеседі.
Ойлап тапқан: Фрэнк Эпперсон, 11 жас
Он бір жасар Фрэнк Эпперсон қысты күні үйіне асығып содасын далада ұмытып кетеді. Төмен температураның әсерінен стақандағы сұйықтық мұзға айналады. Стақанда түтікше болғандықтан, ішіндегі затты алу қиын болмады. Балмұздақтың бұл түрі баланың есейіп, осы әдісін кәсіпке айналдыруға көмектесті.
Ойлап тапқан: Максим Лема,12 жас
Он екі жасар Максим Лема роботтарға қатты қызығатын. Ол роботтардың бәрін қопарып, қорқытқаннан басқа, адамзатқа пайда әкеле алатынына сенген. Осылайша львовтық жас өнертапқыш радиосигналдар арқылы ғимараттың ауданын өлшей алатын роботты жасап шығарды. Жас өнертапқыштар байқауының қазылары мұндай көмекші қазіргі таңда өте қажет екенін атап өтті.
Ойлап тапқан: Мэллори Кьювмен, 13 жас
Он үш жасар Мэллори Кьювмен балаларға арналған өлеңдер шын мәнінде ықылықты баспайтынын уақытында түсінген. Ықылықты қалай басуға болатынына бас қатырған ол дәмді таблеткалар ойлап табады – қант пен алма сірке суынан тұратын мұз кәмпит ықылықты тез басады.
Ойлап тапқан: Джона Кон, 14 жас
Гитарамен ойнап отырып, он төрт жасар Джона Конның ойына тамаша идея келеді. Джона есту қабілеті нашар адамдарға әуенді қалай тыңдауға болатынын ойлап табады. Көп ұзамай Джона дыбыс толқынын дене түйсігі арқылы сезінуге мүмкіндік беретін құрылғыны әлемге таныстырады.
Ойлап тапқан: Честер Гринвуд, 15 жас
Он бес жасар Честер Гринвуд коньки тебуді жақсы көрген. Бірақ ұзақ уақыт сырғанаудан құлағы тоңып кете берген. Бала бас киім киюді ұнатпағандықтан, құлағын суықтан қорғау үшін әжесінен жүннен арнайы құлаққап тоқып беруді сұрайды. Мұндай аксессуар оның таныстары мен достарына қатты ұнайды, осылайша өнертабыс тез арада елге тарап кетеді. Бұл құлаққаптар дами келе қатты шудан қорғану үшін де қолданылатын болды.
Ойлап тапқан: Джек Андрака, 15 жас
Дарынды Джек Андрака қатерлі ісікті анықтаудың әдістерімен әрдайым қызыққан, өйткені бұл ең ауыр дерттердің бірі екені анық. Танымал әдістерді есепке ала отырып, ол он бес жасында өз әдісін ойлап табады. Оның тест түріндегі әдісі осы уақытқа дейін қолданылып келген әдістерден әлдеқайда арзан әрі тиімді.
Ойлап тапқан: Фило Фарнсуорт, 15 жас
Фило Фарнсуортаның жастық шағы теледидардың механикалық модуль негізінде жұмыс істеген кезеңге тап келді. Бозбала теледидардың бұдан да зор мүмкіндікке ие екеніне сенді. Фило он беске толғанда мұғаліміне алыс қашықтықта суретті электронды тасымалдау өнертабысын көрсетеді.
Ойлап тапқан: Джон Ниссен, 16 жас
Он алты жасар гимнаст Джон Ниссен жаттығулары мен өнер көрсетуін қалай түрлендірсем болады деп ұзақ ойланады. 1930 жылы әуе гимнасттарының жарыстарын тамашалап отырған Джордж Ниссен, спортшылар өнер көрсеткеннен кейін сақтандыру торына секіріп түсетініне назар аударды. Акробаттардың өнер көрсетулері осымен аяқталатын, бірақ 16 жастағы бозбала ойлана келе, «серіппелі құрылғыны» жасап шығармақ болды. Ол адамды серіппемен жоғары лақтырып, гимнаст ауады әртүрлі трюктарды жасай алды. Бұл құрылыс көпшіліктің назарын аудартып, көп ұзамай сатылымда пайда болады. Бір айта кететіні, бүгінде ол еш өзгеріске ұшырамаған, тұңғыш шыққан түрі сақталған.
Ойлап тапқан: Эйша Кхаре, 18 жас
Эйша Кхаре, өзге де он сегіз жасар жасөспірімдер сияқты ұялы телефонның қуаты тез сөніп қалуынан жапа шекті – жастар сөйлесіп, интернетте отырғысы келеді, бірақ қуаты тез таусылып қалады. Нанохимияға қызығатын қыз осы мәселені шешпек болып, әлемге ұялы телефонды жарты минутта қуаттандыра алатын ерекше аккумуляторды ұсынады. Эйша осы өнертабысы үшін қомақты қаржы алды, себебі оның жасаған жаңалығы көптеген құрастырушыларды қызықтырды.
Ойлап тапқан: Джастин Бекермен, 18 жас
Ғылыми-фантастикалық әңгімелерді көп оқыған он сегіз жасар Джастин Бекермен өнертабыс жолында өз бағын сынап көрмек болып, жеке субмарина жасауды қолға алады. Үлкен диаметрлі трубаны қолдана отырып бозбала кішігірім сүңгуір қайық жасап шығарады. Сүңгуір қайық бірнеше метр тереңдікке түсе алатындай болды. Мұндай сүңгуір қайықта шамамен бірнеше сағат жүре алады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
daurenai
Ote jahsi