Үйленгеннен бері үйінің берекесі кетіп, жігіт әкесі үшін әйелімен жиі ұрсысатын болды. Әйелі қайын атасын жақтырмай, үйдің артық адамындай көретін еді. Ұрыс-керістер кейде ушығып кететін. Тіпті бір кезде әйелі жұлқынып: «Бұл үйде не мен қаламын, не әкең қалсын!» деп қағынды. Алайда, жігіттің әйелімен ажырасатын ойы жоқ еді. Тек ұрыс-керіс болмаса... оның айрандай ұйыған отбасы, сүйікті жары, ботақаны бар! Үйленер алдында ешкімге құлақ аспаған еді. Ата-анасын көндіру үшін қандай қиыншылықтар көрсе де, әйелін қатты жақсы көретін еді. Шарасыз күйде жүріп, бір жолын тапты-ау, әйтеуір. Жылдар бұрын аңшылықпен айналысып жүріп, тау жақта салдыртқан үйшігі есіне түсіп, сонда әкесін орналастыруды ұйғарды. Аптасына бір келіп, керек-жарақтарын қамтамасыз етіп, осылайша бұл даудан құтыламын деп ойлады. Әкесіне қажетті заттарды алып, төсек тартып жатқан әкесін көтеріп, машинасына атқызды. Алпамыс баласы: «Әке менде сіздермен барайыншы?» деп жылап тұрып алды. Әкесі оны да машинаға отырғызып, үшеуі ұзақ жолға шықты. Дала қара суық, қақаған қыстың ортасы. Қар борап тұр. Бораннан машинаның жүруі қиындай түсті. Кішкентай Алпамыс әкесінен: «Әке біз қайда барамыз?» деп сұраса да, еш жауап ала алмады. Алайда қайда бара жатқанын түсінген атасы білдіртпей көз жасын сүртіп отырды.
Ұзақ уақытқа созылған сапардан кейін таудағы үйшікке де келіп жетті. Көптен бері қараусыз қалған үйшік азып-тозып кетіпті. Жігіт оның бір бұрышын тазартып, машинамен алып келген төсектерін сол жерге төсеп берді. Сосын қалған заттарын тасып, ең соңынан әкесін әкеліп, шалқасынан төсекке жатқызды. Үйшіктің іші азынап тұр. Әкесі сол мезетте дірдектеп тоңа бастады. Жігіт әкесіне шарасыздан қарап, ертең қалың көрпе-төсектер әкеп беремін деп ойлады. Басына қара аспан төнгендей көңілсіз еді. Ол осындай сезімдерді басынан кешкенде, әкесінің де жүрегіне пышақ сұққандай сезімде еді. Кішкентайдан асырап баққан ұлы оны өз қолымен таудағы үйшікке тастап кетіп бара жатыр. Сыртынан білдірмесе де, ішінен өртеніп жанып бара жатыр, бірақ білдіртпеуге тырысуда. Ал кішкентай Алпамыс ештеңеге түсінбей, түсініксіз жағдайда атасымен қоштасатынына сенбей тұр. Міне, қайтатын уақыт та жақындады. Жігіт әкесіне иіліп, беттерінен, қолдарынан қайта-қайта сүйді. Мені кешір дегендей, мойнынан құшақтап иіскеді. Енді екеуі де еріксіз көзден жас алып жылап жіберді. «Осыған мәжбүрмін» деген көзбен әкесіне қарады да Алпамыстың қолынан ұстап, жылдам үйшіктен шығып кетті. Машинаға мінді. Алпамыс жолда кетіп бара жатып «Неге атамды суық жерге тастап кеттік» деп жылай бастады. Оған жауап бере алмады, «Анаңның қалауы да осы еді», деп айта алмады. Алпамыс: «Әке, сіз қартайғанда мен де сізді осы жерге әкелемін бе?» деген кезде көкірегі қарс айырылды. Бұл сұрақтың өзі бір дәлелдей болды. Машинаны бұрып артқа қайтты. Үйшікке жетер жетпес «Мені кешір, әке!» деп әкесінің мойнына асыла кетті. Әкесі мен баласы бір-бірін қапсыра құшақтап, өксіп-өксіп жылап жіберді. Жігіт: «Әке мені кешір! Сені осындай халге түсіргеніме, мені кешір!» деп қателігін мойындады. Әкесі де баласының сөздеріне былай деп әдемі жауап қатты: «Қайтіп келетіңді біліп едім, балам! Мен өз әкемді таудың басына бұлай тастап кетпеп едім, сен қалайша мені тастап кетпексің.. Мені бұлай тастап кете алмайтыныңды білген едім.»
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Оля
Ойланатын әңгіме екен