- Қап, - деді емтихан қабылдап отырған ұстаз. - Білмей қалдың, ә?
- Біліңкіремей... - деп күмілжіді бұл.
- Енді не істейсің, дайындалып келесі жылы келесің бе?
- Сөйтейін.
- Сөйт. Дайындалып, келесі жылы кел. Біздің оқуға жігіттер керек-ақ еді ғой.
Емтихан қабылдап отырған ұстаздың біздің оқу деп отырғаны - мұғалімдік оқу. Жазбаша емтиханнан өтіп, ауызшадан дайындығы жетпей осылай сүрінді.
Келесі жолы да осы көріністің айна-қатесіз қайталанғаны. Тағы да жазбаша емтиханнан өтіп барып, ауызшаға келгенде... Әлгі ұстаз мұны, әрине, таныған жоқ. Қайдан танысын, жыл сайын алдынан сандаған талапкерлер өтіп жататын шығар?
- Білмей қалдың, ә?
- Біліңкіремей...
- Енді не істейсің? Дайындалып келесі жылы келесің бе?
- Сөйтейін.
- Сөйт. Дайындалып келесі жылы кел. Біздің оқуға жігіттер керек-ақ еді ғой.
Дайындығы бұл жолы да кемшін шықты.
Емтиханға дайындалған дәптерлерін қарап отырып, жанында жатқан газетке қол созған. Газеттің бетінде емтиханға дайындайтын ақылы курстың ашылғандығы, курстың бағасы 45 сом екендігі жазылыпты. Осы 45 сомды апасынан сұрады. Апасы әуелде келісе қоймады. Сонан соң барып келісті.
- Сол бір әдебиеттің оқуы дейтін оқуға құмар болдың-ау, - деді апасы. - Қайтейін, соңыңда сөзіңді сөйлеп тұрған кімің бар? Өз бетіңше талап қылып жүрсің, әйтеуір. Менің қолымнан не келеді үйде отырған. Тілеуіңді тілеп отырғаннан басқа. Бара ғой енді.
Апасы әмиянынан 45 сом ақшаны алып берді. Кейінгі өмірінде де қолына ақша ұстаса, ұстаған кезі болған шығар. Бірақ сол апасы берген 45 сом ақша жып-жылы болып есінде тұрар.
Осы жолы емтихандарының бәрін сәтті тапсырып шықты. Енді алда конкурс еді. Сөйтсе, конкурс дегені осы еңбек қылып тапсырып шыққан үш емтиханнан да кем соқпайтын дүние екен. Өйткені емтиханнан өтіп келіп отырған талапкерлер биыл осы мамандыққа түсу үшін 21 орынның бірінен үміттенетін болып шықты. Былтыр да олай болмаған, келесі жылы да олай болмас.
Осыны естігенде өзге абитуренттердің ата-аналары отырған жақ қозғалақтасып қалды. Мұның жанында жанкүйері жоқ. Апасы ауылда, үйде тілеуін тілеп отыр.
- Осыған байланысты, - деді осының бәрін түсіндіріп мінберде тұрған осы жоғары оқу орнының оқу ісі жөніндегі проректоры. - Биыл бұл мамандыққа қабылданатын студенттер тек аудандардан құжат тапсырып отырған талапкерлердің ішінен іріктеліп алынады. Онда да бірінші кезекте жолдамамен келіп отырған талапкерлер қабылданады.
Мұның жолдамасы жоқ. Проректор студент қатарына қабылданған жолдамамен кеп отырған талапкерлердің тізімін оқи бастады:
"Арал, Қазалы, Қармақшы..."
Барлық ауданның аты аталып кеткен еді. "Қап, - деді енді бұл әлгі ұстаздың сөзін өзі қайталап. - Мұның аты аталса, өзінің ауданының аты айтылғанда, аталмас па еді?" Осы кезде барып проректор мұның аты-жөнін атады:
"Түсу емтихандарын "жақсы" деген бағаларға тапсырып шыққандығын, өзіміздің оқу орнының жанындағы ақылы дайындық курсын бітіріп отырғандығын ескердік".
Сол сәт есіне түсті. Бұларға курсты осындағы бір дәрісханада мектеп ұстазы жүргізген еді. Дәл курс аяқталар күні, шамасы, осы жерде жауапты қызмет атқаратын болар, сәнді киінген бір ер адам келіп, бұлардың курс оқығандығы жөніндегі қағаз-құжаттарын өз қолымен таратып беріп тұрып:
"Егер емтихандарыңнан сүрінбей өтіп, конкурсқа барып жатсаңдар, осы қағаздың конкурста бір пайдасы тиетін болады. Сендерге бір артықшылық береді. Бірақ мұның күші өзге аймақтағы оқу орындарына жүрмейді", - деген-ді. Сол сәт ол кісінің сөзіне мән бермеген. Енді сол қағаз алдан шықты.
Апасы берген 45 сом ақша өзін-өзі ақтады. Мұны сабағына дайындады, емтихандарынан өткізді, тіпті конкурстан да алып өтті. Мүмкін оның әр қағазында апасының ақ тілеуі жатқан шығар, кім білсін?!
Дәл осы жылы қыркүйек басталысымен бұл мамандық тұңғыш рет филология факультетінен бөлініп, өз алдына дербес шаңырақ көтеріп, осы оқу орнында бір факультет болып - Қазақ филологиясы факультеті деп атанған-ды.
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі