Менің Жазағам
Оқу жылы аяқталысымен жұмыс істеуге жараған балалардың көпшілігі шабындықты алқапқа шалғы түсер күнді асыға күтеді. Жылдағы әдет бұл. Ақыры ол күн де келіп жетті. Балалар жағы Жазаға деп атап кеткен бригадир Жазубай Әбиев аға жылдағыдай әр балаға кімнің тіркемешесі болатынын айтып тұр. Міне ол менің есімімді атады.
– Сен, Игілік Шекебаев ағаңның тіркемешесі боласың, – деді . Мен Игілік ағаның «Беларусіне» қарай беттедім. Ол кісі шөп машинасын майлап жатыр еді. Мені көріп:
– Е, сен екеуміз тағы да бірге істейтін болдық па? Дұрыс-ақ, – дей келіп шөп машинасының қай жерін майлау керектігін тәтпіштеп түсіндірді. Іле іске кірістік. Тырнадай тізбектелген тракторлар... Шалғы ізінде қалып бара жатқан шабылған шөп. Күн көтерілген сайын ысып сала берген шабындықты алқап. Сол алқапта бітік өскен сан алуан шөптердің танауыңды қытықтаған жұпар исі көңілге әлдебір қуаныш сезімін ұялататындай. Жұмыс күні де аяқталды. Бригада машинасының қарасы көрінді. Ол тоқтаған тұста Жазубай ағаның: « Кәне шалғыларыңды кузовқа салыңдар!» – деген даусы естілетін. Бүгін олай болмады. Іле Жазағаңның машинасы сынып қалғаны белгілі болды. Сол сәт мен Байқожаға қалай жетер екенмін деп ойлаумен болдым. Шоманға келген тұста Игілік аға мені күнде бригадир Байқожаға апарып тастайтынын, үйім сонда тұратынын айтып көріп еді. Жүргізуші: «Мен ештеңе білмеймін», – деп түсіріп тастады. Күн қасқарайып бара жатты. Жүгіріп кеңсенің тұсынан өте бергенімде: «Тоқта, тоқта дедім ғой мен саған», – деген зілді дауыс еріксіз іркілуге мәжбүр етті. Ізімді ала іле жеткен дауыс иесісі кекештеніп: «Неге сәлем бермейсің?» – деді.
– Аға, асығып байқамай...
– Ә, бұл асығады, бұл байқамайды... өзі қайда істейсің? – деп сұрады.
– Жазубайдың бригадасында.
– Ә-ә солай де,әй, сен енді ол бригадада жұмыс істемейсің.
Мен тірі тұрғанда...Саған жұмыс істетпеймін білдің бе? –деді әкіреңдеп. –Менің кім екенімді білмей жүр екенсің. Әкеңді танытам. Көзіңе көк шыбын үймелетпесем атымды басқа қой. Ертеңнен бастап жұмыстаң боссың ұқтың ба?..
Байқожаға қарай баяу ілбіп келемін. Жүрісім өнер емес. Түн қараңғылығы қоюлана бастаған сайын еңсені езген ауыр ой ілгері басқан қадамымды кейін тартатындай. Ана кісінің ызбарлы да ызалы үні құлағымның түбінде ызың қағып тұрып алды. «Ертеңнен бастап... боссың, мен тірі тұрғанда жұмыс істетпеймін» деп ол қайта- қайталап тұрғандай. Байқамай қалғанымды айтып кешірім сұрасам да, оның бір сөзін қайталай бергені қалай? Сәлем бермедің деп соншама шамданғаны несі екен?.. Сол сәт оқу жылының басында болған мына бір жайт ойыма оралған. Бір үйдің қасынан өте бергенде алдымнан тайшадай қара төбет атып шығып тап берді. Жан дәрмен жерден тас алып үлгердім. Итке тас лақтырып айғайлай бастадым. Абырой болғанда, тас тисе керек ит қаңсылап қаша жөнелді.
Ертеңгісінде ит иесі манағы ағай мені мектеп директорына шақыртты.
– Сен менің итіме тас лақтыратын, боқтайтын кімсің? –деп тепсінген. Тіпті мектеп директорының: «Сабыр сақтаңыз», – дегеніне қарамастан:
– Сен менің кім екенімді білесің бе? – деп ақырды. Сол сәт директор:
– Итке неге тас лақтырдың? –деп сұрады.
– Қауып ала жаздады.
–Тас лақтырғаныңмен қоймай сонша неге боқтадың?
– Боқтады дейсіз бе? Манадан үнсіз отырған сынып жетекшісі апай сөзге араласып. – Мұның аузынан боқтық түспейді, боқтағанда бар ғой орысша боқтайды.
–Жоқ, жоқ, – дедім жан даусым шығып. –Орысша білмейтін итті орысша боқтайтын жынды дейсіз бе? Бұл жолы әкесінен қазақша сықпырттым.
– Әне көрдіңіз бе? –деді ана кісі қатуланып. –Мұның итіме тас лақтырғаны– маған қол көтергені емес пе? Ал әкесінен боқтағаны, мені боқтағаны деп білем. Мұндай мектеп тәртібін бұзатын бұзыққа аяушылық болмау керек. Сондықтан бүгіннен бастап мектептен шығаруыңызды...
Осы сәтте оның сөзін бөлген мен:
– Сіз не? Иттің... –дей бергенімде:
– Бар жоғал! –деп директор мені бөлмеден қуып шықты. Сол жолы қанша жүгірсе де ол мені мектептен шығарта алмаған еді. Енді міне...
– Көңілсізсің ғой, не болды, балам? Әлде бір жерің...
–Жоқ ауырғам жоқ, –дей келіп, – әлгі аты кім еді? Кеңседегі тасбақа «жұмыстан боссың деп» қысқа қайырдым. –Ертең мені таң сәріден оятпаңыз, – деп жатуға ыңғайландым. Басым жастыққа тие берген сәтте манадан тұнжырап үнсіз отырған шешем:
–Жә, жұмысты қойшы. Сенің тапқан тиын-тебеніңе қарап отырған жоқпын. Тек ана ағаңмен неге ренжістің екен? Ол– бір. Екіншіден, үлкен кісіні тасбақа дегенің не? Бұл әдепсіздік қой, балам! – деді баяу үн қатып. Мен үндемедім. Әлден соң: «Жұмыстан аяқ асты шығып қалғаным ба? Бұл қалай болды өзі?» –деп ойға берілдім. Шалғыны ала алмай. Орнына сала алмай мықшыңдап жатқанда: «Қане, кілтіңді бері әкелші», – деп өзі білек сыбанып, кірісіп кететіні есіме түсті. Ешқашанда менің техникаға бейімім жоқ екенін бетіме баспайтын еді. «Енді Игілік ағаның әй ұл дегенін естуім екі талай-ау», – деп, өкініп жатып көзім ілініп кетіпті. Сырттан балағанға әлдекімдердің өзара сөйлесіп кіріп келе жатқан дауыстарынан ояндым.
– Ол кісі кеңседе істегенмен Сүлейменді жұмыстан шығарып тастауға қақысы жоқ, апа?! Бұл Жазағаңның даусы. –Оны мен шешемін. Сол сәт шешемнің:
– Тұр, Жазубай ағаң келді, – деген көңілді даусы естілді. Әлден соң бригада машинасымен шабындықты алқапқа беттеп келе жаттық. Рульде Жазағаң ара-тұра айнадан бізге қарап жымыңдап қояды. Жұмысқа кірісер тұста: «Сен ол ағаңды қайтесің әлдекімге қатты ашуланған болар. Содан «ит ашуын тырнадан алады» дегендей саған ұрысқан болар, ұмыт», – деген арқамнан қағып. Мен ұмытқанмен, ол ұмыта алмаса керек. Екі-үш күннен кейін Жазағаң мені Байқожаға апарып салмақ боп машинасының руліне отыра бергенде, екі қолын ербеңдете көтеріп, алқына жеткен ол:
–Жазеке, әлгі Сүлеймен деген бұзық сенде істеп жүр ме? Мен оны...
– Естідім, – деді Жазағаң оның сөзін бөліп.
– Естісең соны жұмыстан қуып жібер. Сөйт. Мен мұны сенен актив мүшесі, цехтың партия ұйымының хатшысы ретінде ...
– Сіз, – деді Жазағаң, – сөзіңізді қайта –қайта бөлгенім үшін мені ғапу етіңіз. Активті де партия ұйымын да жайына қалдырыңыз. Ал Сүлеймен сіз айтқандай бұзықтық жасаса, оны коллектив тәртіпке шақырады. Жұмыстан шығару жайлы сөз болуы мүмкін емес. Ал жақсы, –дей беріп...
– Әй, Сүлеймен, сен әлі кузовта отырсың ба? Бері кел! –деп шақырды . Мен жерге секіріп түскенде, Жазағаңа әлдене дегелі келе жатқан ана кісі менің берген сәлемімді алмастан: «Көрерміз әлі», – деді сұстанып.
... Шоман ауылының жеткіншек жастарын механизаторлық кәсіпке, ең бастысы, адалдыққа , адамгершілікке, еңбекқорлыққа баулыған бірден-бір тәлімгер ол. Біздің Жазағаң қарамағындағыларға қажеті сәтте қамқорлық жасауға, ара түсуге айбынбайтын, қолынан келгенін бәрін жүзеге асыратын адал жан екенін араға жылдар салып барып ұқтым.
- Джон Максвелл
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
- Асқар Сүлейменов
Барлық авторлар
Ілмек бойынша іздеу
Мақал-мәтелдер
Қазақша есімдердің тізімі